Президент • 18 Қараша, 2021

Орталық Азия үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі - Қ.Тоқаев

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Су дипломатиясы» бойынша келіссөзді тезірек аяқтауға пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық Азия үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі - Қ.Тоқаев

«Мен жоғарыда айтқанымдай, бұл – аса маңызды міндет. Біз осы аймақта ерекше мәртебеге ие екенімізді батыл мәлімдей білуге тиіспіз. Бұған толық негіз бар», деді Президент Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту тақырыбына тоқтала кетіп.

Мемлекет басшысы экономикамыз Орта Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда әлдеқайда қуатты екенін, біз Еуразиядағы басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық орталықта тұрғанымызды, ауқымды экономикалық және демократиялық реформалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын, зияткерлік және адами ресурсымыз бар екенін, халықаралық қауымдастықтың алдындағы абырой-беделіміз жоғары екеніне назар аударып айтты.

«Осыған орай, Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өңірдегі өзекті мәселелерді айқындап, оны шешу кезінде еліміз маңызды рөл атқарады. «Су дипломатиясы» бойынша келіссөзді тезірек аяқтау Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің және Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келеді деп санаймын. Трансшекаралық су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.