МАҚСАТҚА БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ЖЕТУ КЕРЕК
Тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап біздің елдерімізде жүзеге асқан көптеген үдерістер өзінің міндеттерімен де, көкейкесті мәселелерімен де, оларды шешу жолдарымен де ұқсас. Біздің экономикаларымызда да сәйкестіктер көп. Украина мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас тәуелсіздік алған кезеңнен бері дәстүрлі достық негізінде қалыптасып, өзара сыйластық және өзара тілектестік ауанында сипатталады әрі халықаралық деңгейде ашықтығымен, сондай-ақ, өзара қолдау көрсетуімен ерекшеленеді. Мұндай жағдайды бір-бірін байланыстырып келген өткен тарихи күндермен, әлеуметтік-экономикалық қайта жаңару үдерістерінің ұқсастығымен, екі ел кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстардың тұрақтылығымен және тығыз адами байланыстармен де түсіндіруге болады. Өз тәуелсіздігін жариялаған жылдардан бері Қазақстан азаматтық қоғамның сапалы жаңа моделін құруға болатынын дәлелдеді, онда мультимәдени қалып демократиялық мазмұнмен үндесіп, үйлесім тапты. Соның бір белгісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басты бастамаларының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміз өз тәуелсіздігін алған жылдардан бері, яғни мемлекетіміздің қалыптасуындағы алғашқы қиын-қыстау кезеңдердің өзінде республиканы мекендеген барлық этностардың мүдделерінің бір жерде тоғысуына қажетті жағдай жасаған тиімді және сенімді құралға айналды. Демек, әлемдік тарихтағы мұндай қазақстандық феноменді және Мемлекет басшысының көрегендігін барлық адамгершілік тұрғысынан бағалау – келер күннің еншісіндегі міндет. Бірақ, қазірдің өзінде бір нәрсе күмәнсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы – әмбебап, ТМД-ның, қала берді әлемнің ешбір елінде өзіне лайық баламасы жоқ, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды үйлестіретін түбегейлі жаңа институт. Тәуелсіздікті алған жылдардан бері біздің қоғамда бейбітшілік пен келісім орнап келеді. Бізге мұны ешкім сыйлаған жоқ. Бұлар – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы да сарабдал, жүйелі саясатының, біздің халқымыздың толеранттылығының, сондай-ақ, анағұрлым өткір мәселелерге қатысты өзара келісуге болатын мәміле жолдарын ұдайы және үздіксіз іздеу мен оларды табудың жемісі. Сол себепті де, Қазақстан мемлекетіміздің шекарасынан тыс жерлерде қандай да бір саяси үдерістер орын алса да, қандай да бір «дауылдар» өршеленіп соқса да, өзінің тұрақты болмысынан еш айныған емес. Біз өз елімізді, оның Конституциясын және заңдарын құрметтейміз, халқымыздың еңбегін бағалаймыз, достық пен адами қарым-қатынастарды қорғап, сақтаймыз. Халық бейбіт қарсылық пен жаппай тәртіпсіздіктердің шегі мен ара-жігін ажырата алуы тиіс. Ал билік қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің шекті шаралары мен ашық «тәртіпсіздіктердің» шегін білуі қажет. Әрбір азаматтың туғандары мен жақындары бар екенін, оларды жақсы көретінін, күтетінін есте ұстау керек. Себебі, біздің барлығымыз, әлеуметтік мәртебеміз бен лауазымымызға қарамастан, адамбыз. Сондықтан, кез келген мақсатқа заңды, бейбіт жолдармен жеткен ұтымды. Юрий ТИМОЩЕНКО, Парламент Мәжілісінің депутаты. ____________________МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚ ЕЛІ
Менің арғы ата-бабаларымның отаны Украина жерінде болып жатқан жантүршігерлік уақиғалар мен қолдан жасалған дүрбелеңдер маған осы ашық күнде найзағай жарқылдап, күн күркірегендей жанымды жабырқатады. Еңбек- сүйгіш украин халқының шебер қолымен, маңдай терімен жасалған материалдық және рухани, мәдени игіліктердің тас-талқан болып, күлі көкке ұшып жатқаны қандай ауыр десеңізші. Мен өзім қазақ жерінде туып-өскендіктен, қазақ халқының өткен тарихын тереңірек білуге серт еткен едім. Сондай бір қиын-қыстау кезеңде халық арасында «Қарындастан айырылған жаман екен, қара көзге мөлтілдеп жас келеді» деген зарлы да запыранды өлең жолдары өмірге келген ғой. Сол айтқандай, бүгінгі күндері ежелгі Украина топырағында жер сілкінісі, сел, өрт секілді табиғи апаттардың салдарынан емес, өзара түсініспеушіліктің әсерінен қан төгілуге жол беріліп жатқаны көзге жас келтірмей, жаныңды күйзелтпей қоймайды. Тіпті, қандай табиғи апат болмасын экономикалық және материалдық мүдделер тұрғысынан қарастырғанда ерте ме, кеш пе оның орнын толтыруға болады. Ал нақақтан қиылған қыршын ғұмыр мен төгілген қанның орнын немен толтыра аламыз? Әрине, ештеңемен толтыра алмаймыз ғой. Дәл осы жәйт менің жас жүрегімді сыздатқандай болады. Менің Отаным – Қазақ елінде қыз балаға қатысты тілекші деген сөз тіркесі айтылып қалып жатады. Дана халықтың о бастағы түсінігінен туған бұл ұғымды жоғары бағалаймын. Өйткені, өмірдің қызғалдағы іспеттес қыз ата-анасымен бірге туып-өскен бауырларының аман болуына тілекші екені рас. Ирина ЖИЛИК, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшесі. ОРАЛ.