Қоғам • 22 Қараша, 2021

Адам құқығы қылмыстық-атқару жүйесінде қатаң сақталуға тиіс

341 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты өткен жылғы Жолдауында азаптаумен күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігі мен маңыздылығын жойған жоқ. Өйткені елімізде азаптау, ар-намысты аяққа таптау кең сипат алмаса да әлі күнге өзектілігін жоймай келе жатқан мәселе. Қазіргі таңда адам құқықтарын қамтамасыз ету және азаптаулардың алдын алу құқық қорғау органдарының басым бағыттары болып табылады. Ал негізінде құқықтық мемлекетте азаптау деректері мүлде болмауы тиіс.

Адам құқығы қылмыстық-атқару жүйесінде қатаң сақталуға тиіс

Заңнама жаңартылып, тергеу әдістемесі түзілді

Стратегиялық құжатта Пре­зи­дент: «Азаптағаны үшін қыл­мыстық жауапкершілік белгі­лейтін заңнаманы Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттерге қарсы конвенцияның ережелеріне сәйкестендіру керек» деп шегелеп, азаматтардың қауіпсіздігі заң үстемдігінің орнығуынан басталатынын да ескерткен еді. Пре­зидент жанындағы Адам құ­­қықтары жөніндегі комис­сия­­ның кезекті отырысында да азаптау қылмысы қызу тал­қы­ға түсті. Кеңесте еліміздің заң шы­ғарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының, ха­лық­аралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен адво­каттар бұл мәселеге ерекше тоқ­талып, азаптауларға және қа­тыгез қарым-қатынастың басқа да түрлеріне қарсы іс-қимыл са­ласында атқарылып жатқан іс-шараларға баса назар аударған еді.

Жиында адам құқықтарын қам­тамасыз ету және прокуратура органдарының рөлі туралы баян­дама жасаған Бас прокурордың бірінші орын­басары Берік Асылов Қазақ­стан­ның 1998 жылы БҰҰ Азап­тау­ларға қарсы конвенциясына қо­сылған және 2008 жылы оның Факультативтік хаттамасын ра­тификациялаған кезден бастап белгілі бір ілгерілеуге қол жет­кізгенін атап өтті. Оның мәлім­деуінше, ең біріншіден, барлық нормативтік-құқықтық база қай­та қаралып, азаптау Қыл­мыстық кодексте жеке бап болып айқындалды.

Ал 2014 жылдан бас­тап Ко­декстегі 146-баптың санкция­сы қатаңдатылды. Азаптауға бар­ғандарға рақымшылық жасал­майды. Қылмыстың мерзімі ескі­ріп кетсе де, кінәлі өкінсе де, екі жақ өзара татуласса да жазықты жанды жауапкершіліктен босатуға заң жүзінде тыйым салынады. Бұл дегеніңіз – азаптауды жасаған адам­дар экстремистермен, террористермен, педофильдермен және ұйымдасқан қылмысты топ мү­шелерімен бір қатарға қойы­лады деген сөз. Сондай-ақ 2017 жылы азаптау құрбандарын қор­ғау жөніндегі ұлттық тетіктер мен тәртіптер түзілген Ыстанбұл хат­тамасының негізінде азаптау­ды тергеу әдістемесі жасалды. Бүгінде «Миранда ережесі» кеңі­нен қолданылады, алқабилер соты институты жұмыс істейді, тер­геу судьясының фигурасы пайда­ болды, санкцияларды прокур­ордан сотқа бердік. Мұның бар­лы­ғы әлемдік тәжірибеден алын­ған жаңа әдіс-тәсілдер. Еліміз­дің құқық қорғау органдары жүйе­сі­не кезең-кезеңімен енгізіліп жат­қан бұл тәжірибелердің ­бас­ты көздегені – азаматтардың конс­титуциялық құқықтарының бұзы­луын азайту.

Азаптаудың ең жиі анықта­ла­тын орны – түзеу мекемелері. Сол себепті де қазіргі таңда бас бос­тандығынан айыру орындарына ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында, атап айтар болса, Алма­ты, Қарағанды және Шығыс Қазақстан секілді колониялары көп облыстарда арнайы прокуратуралар құрылған. Оның үстіне мекеме әкімшілігі қамаудағылардың құқығына әсер ететін кез келген шешімді қабылдар кезде, мәселен, жаза қолдану, мекеменің түрін өз­герту, қауіпсіз орынға ауыстыру – осының барлығы туралы заң­намалық түрде прокурорға хабарлау міндеттелді.

Қазақстанда қабылданған соңғы заңнамаларда кез келген тұл­ғаға қатысты азаптау мен қа­тал жазаларды қолдануға, олар­дың ар-намысын қорлауға тыйым салынған. Аталған принциптер Қылмыстық атқару және Қылмыс­тық іс жүргізу кодекстерін жетіл­діре түсті. Сондықтан халық­ара­лық құқықтық нормалар мен гуманизацияға бағытталған іс-шаралары одан әрі жалғастырудың маңызы өте зор.

«Азаптауды дәлелдеу өте қиын»

Б.Асыловтың айтуынша, бү­гін­де еліміздегі колонияларда элек­тронды өтініш терминалдары орнатылған. Яғни қамауда отыр­ғандар арыз-шағымдарын мекеме әкімшілігінің бақылауынсыз, бір­ден құзырлы органдарға жолдай алады. Дәл осы тәсілмен жыл ба­сынан бері 2,5 мыңнан астам ша­ғым түскен болса, оның 1800-і про­курорға, 350-і қылмыстық қу­далау органдарына, ал 380 өтініш шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаны ауыс­ты­руға қатысты жолданған. Бас про­курордың бірінші орынбасары «бұл өзгерістердің барлығы түзеу мекемелеріндегі жағдайға әсер етпей қоймайды», дейді. Ал сан­дар бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғартады. Себебі соңғы екі жылда елімізде азаптау бабымен қылмыстық атқару жүйе­сінің 18 қызметкері істі болған. Бұл сан алдыңғы үш жылмен салыстырғанда екі есеге көп.

«Азаптауға қатысты келіп түсіп жатқан сигналдар өте көп. Сол себепті де бұл мәселе өзек­тілі­гін­ жоймай отыр. Мәселен, 2018-2020 жылдары 2077 сотқа дейінгі тер­геу ісі тіркелсе, оның 1536-сы ішкі істер органдары, ал қалған 477 дерек қылмыстық атқару жү­йе­сі қызметкерлерінің үстінен қоз­ғалған. Бұл фактілердің тек кей­біреуін ғана растау мүмкін болды. Ал қалғандары оқиғаның не қыл­мыс құрамының болмауына бай­ланысты қысқартылды», деген Бас прокуратура өкілі азаптауды дә­лелдеудің күрделілігі әр­қашан жазаның бұлтартпасты­ғы қа­ғидатын қамтамасыз етуге мүм­­­кін­дік бермейтінін де ашық айтты.

«Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, өтініш берушілер көбіне-көп болған жайт тура­лы тиісті органдарға біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін хабарлайды. Яғни уақытты өлтіріп ала­ды. Ал мұндай кезде дәлелдемелерді «ізін суытпай» бекіту мүмкін емес. Екіншіден, мәлімдемелер­дің едәуір бөлігі психология­лық азап­тау­ға қатысты. Ал шы­ны ке­рек мұ­ны дәлелдеу өте қиын. Үшіншіден, қылмыстық қуда­лау органдары мен түзеу ме­кемелерінің қызметтік ғима­рат­тары бейнебақылау құ­рыл­ғы­ларымен толық жабдық­тал­маған. Кей кабинеттерде камера мүл­де жоқ. Бейнежазба жасалған күн­нің өзінде 10-15 күннен кейін он­дағы бүкіл мәлімет автоматты түр­де өшіріледі. Себебі, құрыл­ғы­лардың жад көлемі өте төмен», деген Б.Асылов сөз арасында дәлелдемелерді уақтылы жинамайтын, істі қалай болса солай жүргізетін кей тергеушілердің біліксіздігін де сынға алды.

Ал «Азаптау – бұл қызмет ба­рысында бірнеше рет бетпе-бет келген өзек­ті тақырыбым» де­ген адво­кат Әсел Тоқаева осы санат­тағы істерді тергеу ке­зін­­де назар аудару­ға тиіс бір­қа­тар ведомстволық мүд­дені атап өтті. Ол сондай-ақ азаптау­дың алдын алу үшін барлық түзеу­ ме­ке­ме­леріне жаппай бейне­бақылау ка­мераларын ор­натуға қатысты қаупін де біл­дір­ді. Адвокаттың айтуынша, мұн­дай «мін­детті ба­қылау» адвокат­тың жұмысына кедергі келтіруі әбден мүмкін. «Се­бебі біз клиенттерімізбен кездескенде сырт көздің бақылап тұруы кейбір құқықтарымызды шектейді әрі жұмысымызға едәуір кедергі болары анық. Сол себепті жаппай камера орнату мәселесіне мұ­қият болған жөн. Мен бұл мә­селені бұған дейін де бірнеше мәрте көтергенмін, барлық диалог алаң­дарында да айтылып жүр», дейді ол.

Цифрлы құрылғылардың көмегі қандай?

Түзеу мекемелерінде орнатыл­ған электронды терминалдар бұл мәселені шешуге қаншалықты ықпал етті? Қазіргі таңда қан­ша түзеу мекемесі толық бейне­ба­қылау камерасымен жабдық­тал­ған? Жалпы колонияларды жаппай бейнебақылау жүйесі­мен қамтамасыз ету азаптауды ауыз­дықтай ала ма? Азаптауды дә­лел­деу қаншалықты қиын? Про­­ку­ратура өкілі келтірген азап­тауға қатысты сотты болған 18 ҚАЖ қызметкері туралы дерек жалпы еліміздегі колониялардағы жағдайға қаншалықты әсер етеді?

Біз осы сұрақтарымызды ІІМ-нің Қылмыстық атқару жүйе­сі комитетіне жолдаған едік. Сауалдарымызға жан-жақты жауап берген комитеттің Идеоло­гиялық және имидждік жұмыс бө­лімінің аға инспекторы Ро­ман Теленьков сөзін «ҚАЖ қыз­меткерлері тарапынан соттал­ған­дарды азаптау мәселесі ҚАЖК және ІІМ басшылығының ерекше бақылауында тұр» деп бастады. «Жеке құрам тарапынан заңсыз іс-әрекеттер фактілері анықталған жағдайда, комитеттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қыз­меткерлері прокуратура органдарымен бірлесіп қызметтік тергеу жүргізеді. Қызметкерлердің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны расталған жағдайда, оларға қатысты жұмыстан шы­ға­руға дейінгі қатаң шаралар қол­данылады», деген әділет капитаны «Неліктен сотқа жолданған істердің біразы кері қайтарылып жатады?» деген сұрағымызға: «Кейде сотталғандар мекеме әкім­шілігінің, қоғамның немесе бұ­қаралық ақпарат құралдарының на­зарын аудару үшін әдейі заңсыз іс-әрекеттерге барып жатады. Егер бұл жағдай расталса, сондай-ақ қылмыс құрамы анықталмаса сотқа жолданған істер кері қайта­рылады», деп жауап берді.

ҚАЖ комитетінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 80 мекеме, оның ішінде 64 түзеу ме­кемесі, 16 тергеу изоляторы бар. Бейнебақылау камералары ме­­кеме ішінде де, күзет перимет­рін­­де де орнатылған. Алдағы уақыт­та ҚАЖ мекемелерін бей­не­ба­қы­лау жүйелерімен толық қам­там­сыз ету жоспарланып отыр. Ко­ми­тет өкілінің айтуын­ша, бұл соттал­ғандардың құ­қық­қа қарсы әре­кет­терінің, оның ішін­­де қашу әре­кет­терінің алдын алуға мүмкін­дік береді. Сондай-ақ нақты уақыт режімінде ба­қы­лауды қам­тамасыз ететін камера ҚАЖ қыз­меткерлердің де, сот­тал­ғандардың да заңсыз әре­кет­те­рінің алдын алуға, бол­дыр­мау­ға немесе олар­дың туын­дау се­беп­терін анық­тау­ға мүм­кіндік береді.

«Республика бойынша мекемелерде барлығы 14 417 бейне бақы­лау камерасы іске қосылған. Оның ішінде, 5 522 камера цифр­лы құрылғы болғандықтан олар­ды жаңа бейнебақылау жүйе­лерімен пайдалануға болады. Ал 9 мыңға жуық камера аналог­ты. Олардың техникалық сипат­тамалары ескірген және заманауи цифрлы бейнебақылау жүйе­лерімен интеграциялануға кел­мейді», деген Р.Теленьков ҚАЖ меке­мелерінде «соқыр ай­мақ­тар­ды» болдырмау үшін әлі 39 мың­нан астам цифрлы бейнекаме­ра қа­жет екенін де алға тартты. Қа­зір­гі таңда түзеу мекемелерінде цифр­лы бейнебақылау камера­сы­на қажеттілік әлі 86 пайызды құрай­ды.

Қазіргі таңда ҚАЖ сотталған­дар­ға шағым беру үшін электрон­ды терминалдардың цифрлы сервисін енгізуге ерекше мән беріп отыр. Бұл бағытта пенитен­циарлық жүйені жаңғырту жұ­мыстары да белсенді жүргізіліп келеді. Р.Теленьков жазасын өтеп жүрген азаматтардың еш кедер­гісіз заңгерлік, медициналық және пси­хологиялық көмек алуға құ­қылы екенін де алға тартты. Сон­дай-ақ оларға еңбек қауіпсіздігіне, әлеуметтік, зейнетақымен қам­тама­сыз етуге және жазаны өтеу жағдайларының нормаларын сақтауға кепілдік берілген. «Қыл­мыстық атқару жүйесінің басты міндеті – сотталғандардың ұстау сапасын бақылау, оларды қайта әлеуметтендіру және оларға жазаны өтеудің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету», деген комитет өкілі электронды терминалдарға қатысты сұрағымызға егжей-тегжей жауап берді.

«Электронды терминалдар сот­талғандарға тікелей про­ку­ратураға, ал кейіннен сотқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және өзіндік қауіпсіздік бөлімшелеріне жі­беруге мүмкіндік береді. Бұл процедура шағымдарды қабылдау және оларды жедел өңдеу про­цесін едәуір жеделдетті. Про­куратура органдары мен Қыл­мыс­­тық-атқару жүйесінің ақпа­рат­тық жүйелерін біріктіру биыл 1 ақпанда аяқталды. Соттал­ған­дардың шарт­ты түрде мер­зімінен бұрын бо­сатуға және жа­заның өтелмеген бө­лігін жаза­ның неғұрлым жеңіл түрімен ауыс­тыруға шағымдар, өтініштер мен өтініш хаттар беру сер­ви­сі іске қо­сылды», деген ко­митет қыз­­меткері ҚАЖ да­мытудың Жол картасына сәйкес 2019-2023 жылдарға 121 терминал сатып алынғанын да хабар­лады. Бұл терминалдардың барлығы сот­талғандар үшін қолжетімді орын­дарда қойылған, сондай-ақ тер­минал­дарға үздіксіз бейнебақылау жүр­гізіледі. «Қазіргі уақытта ҚАЖ мекемелерімен сотталғандардың биометриялық деректерін тіркеу және осы терминалдарды пайдалану ережелерін түсіндіру бойынша жұмыстар жалғасуда», дейді Р.Теленьков.

ТҮЙІН. Азаптау – әлем елдерін алаңдатқан мәселенің бірі. Сарапшылар Қылмыстық кодекстегі 146-бапты әдетте «арсыздардың ісі» деп те атайды. Өйткені расымен де бұл қарапайым қылмыс емес. Көбіне шен таққан «заң қызметкерлері», лауазымды адамдар баратын бұл заңсыздықты әшкерелеудің қиындықтары да жетіп артылады. Түрмедегілердің жабық аймақта көрген қорлығын дәлелдеу де қиын. Кейде тіпті мүмкін емес. Шындап келгенде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздерін күдікті ретінде көру де өте ауыр.