Елорда • 23 Қараша, 2021

Этномедиацияны дамыту – жалпыұлттық бірліктің кепілі

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде өткен Қазақстан халқы Ассам­блея­сының республикалық Медиа­ция кеңесінің отырысында этномедиацияны дамыту мәселе­лері кеңінен сөз болды.

Этномедиацияны дамыту – жалпыұлттық бірліктің кепілі

Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, ҚХА қоғамдық құрылымдары, Медиация орталықтарының өкілдері, ҚХА кәсіби және кәсіби емес медиаторлары, өңірлік медиация кабинеттерінің басшылары қатысқан алқалы жиында медиация институтын даулар мен жанжалдарды шешудің қоғамдық-құқықтық құралы ретінде дамыту жолдары талқыланды. Естеріңізде болса, ел Президенті 2021 жылғы 21 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында этномедиацияны дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын.

Жиында Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов жалпыұлттық бірліктің Тәуелсіз Қа­зақстанның бірден-бір құндылығы екенін атап өтіп, Ассамблеяның 2010 жылдан бастап медиация институ­тын дамыту бойынша ауқымды жұ­мыс жүргізіп келе жатқанын айтты. «Берекелі татулығымыз бен этносаралық келісім арқасында мемлекетіміздің дамуы жалғасып келеді. Біз ертеңгі болашаққа зор үмітпен қараймыз. Медиа­ция саласында Қазақстан халқы Ассамблеясының, оның қанаты астында жұмылған қоғамдық құрылымдар мен азаматтардың атқарып жатқан жұмысы ауқымды болса, рөлі де айрықша», деген ол татулық пен келісім бағытында өз үлесін қосып жүрген медиация институтының көкейкесті мәселелерін қарастырудың маңыздылығына да тоқталды.

«Ел Президенті этномедиация үшін кәсіби келіссөз жүргізушілердің форматы неғұрлым тиімді болып табылатынын және Ассамблея осы бағыттағы негізгі орган болуы тиіс екенін атап өтті», деген ҚХА Төрағасының орынбасары медиация институтының қызметі азаматтардың дау-жанжалдарын шешу барысында ымыраға келуге дайындығын көрсететін қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды маркер­лерінің бірі саналатынын атап көрсетті. «Сол себепті де бұл институт қоғамдық тұрақтылықты және бүкіл әлеуметтік құрылымның тұрақтылығын, қолайлы әлеуметтік-психологиялық климатты қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін арттырады», деді ол.

Еліміздің қоғамдық-саяси күн тәрті­бінде медиация институтының ерекше орын алатынын атап өткен жиынға қатысушылар қоғамда туындаған даулар мен жанжалдарды шешудің бұл құралын дамытуға әлеуметтік сұраныстың жоғары екеніне ерекше мән берді. Мәселен, кеңесте өңірлердегі ҚХА қызметіндегі медиация мәселелері бойынша баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ Жобаларды іске асыру және құрылымдармен жұмыс басқармасының басшысы Талшын Италиева бірқатар маңызды түйіткілді талқыға салды. Атап айтқанда, ол медиатордың біліктілігі, ҚХА-ның кәсіби ресурстарының жеткіліктілігі, қаражаттың мақсатты жұмсалуы, этносаралық қақтығыстардың алдын алу дағдыларын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді ортаға тастады. «Даулар мен жанжалдарды шешу, азаматтарға кеңес беру бойынша медиаторлар үлкен жұмыс жүргізуде. Мәселен, 2016 жылдан бастап 130 мыңға жуық өтінім келіп түсті, олардың 39 пайызына кеңес берілсе, 61 пайызында медиативтік келісім жасалды», дейді Т.Италиева.

Іс-шара барысында келіссөз жүргізуші этномедиаторларды даярлау жүйесін қалыптастыру тәсілдері, тиісті оқу бағдарламасын әзірлеу ерекшеліктері, этномедиаторларға қойылатын талаптар, сондай-ақ Қазақ­стан халқы Ассамблеясы шеңберінде қоғамдық медиация институтын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Қойылған міндеттерді жоспарлы және дәйекті іске асыруға мүмкіндік беретін жұмыс пікірсайыстары өткізіліп, олардың қорытындылары да жан-жақты сөз болды.

Бүгінде елімізде ҚХА аясында 2 мыңға жуық қоғамдық медиатор, 100-ден астам кәсіби медиатор жұмыс істейді. Өңірлерде 17 медиация кабинеті ашылса, ел көлемінде 300-ден астам медиация алаңы бар.