Аймақтар • 23 Қараша, 2021

Ақтөбеде белгісіз індет тарай бастады

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында жұқпалы мал ауруы тарап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде белгісіз індет тарай бастады

Бұл туралы КТК телеарнасы мәлім етті.

Алға ауданында ірі қараның сілекейі ағып қызуы көтерілсе, буыны әлсіреген қой-ешкіні жүргізбей тастайды. Бірақ бұл індеттен малға да, адамға да қауіп жоқ дейді мамандар.

Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының тұрғындары алаңдаулы. Қорасындағы қой-ешкісінен бастап, ірі қарасы белгісіз індетке шалдыққан. Бұрын ақырдағы жем-шөптен бас алмайтын төрт түлігі бір жұтым су да ішпей қалыпты. 

«Аузынан су шұбырып тұрады. Шөп жемейді. Жем жемейді. Су ішпейді. Ыңырсып тұра береді. Әуелде сиырды аусыл деп қорықтық. Бәрі де солай деді. Қойға аяққа түседі, сиырдың аузы сондай болады», деді Бестамақ ауылының тұрғыны Ахмадин Мұқашов.

Белгісіз кеселден тек қана ірі қара мал емес, ұсақ малдар да ауырған. Әсіресе қойдың алдыңғы екі аяғы бүктетіліп, еңбектеп жүре алмай қалған. 

Бұл індеттен Бестамақ аулында әзірге 7 бас мал өлген. Дегенмен тұрғындар өз бетінше елден естіген ем-домын жасап жатыр. Кеселдің кесірінен мал ұстаудан қорқып қалғанын жасырмайды.

Жергілікті шенеуніктер бұл кеселден малға да, адамға да қауіп жоқ деп отыр. Ауру белгілері аусылға ұқсағанымен, ондай қауіпті емес деп сабырға шақырады.

«Адам денсаулығына тікелей әсер ететін, иә болмаса, тағы да бір жұқпалы мәселелер бойынша ешқандай да факт тіркелген жоқ. Расталған жоқ. Ветеринарлық ұлттық орталыққа жіберіп, сынаманың қорытындысы бойынша бұл инфекциялық ринотрахеит ауруы деп анықталған болатын», деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Ермағанбетов.

Бұл ауру Алға ауданының Бестамағынан бөлек, көрші екі ауылда анықталды. Індет малдан малға жұғады. Ринотрахеит жұқтырған мал төл тастайды екен. Сауынды сиыр болса, сүті қашады дейді мамандар. Ал етін ауру жазылған соң екі аптадан кейін жеуге болады.