28 Ақпан, 2014

«Нұр Отанның» қалып­тасу тарихы – демократияның әлемдік тәжірибесінің ажырағысыз бөлігі

1315 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
logo JPG«Бірнеше айдан кейін, келесі жылдың наурызында біздің партиямызға 15 жыл толады. Партия Қазақстан тарихында тұңғыш рет баламалы негізде өткізілген президенттік сайлау қарсаңында менің реформаларымның бағытын қолдайтын жалпыхалықтық коалицияның арқауын­да құрылған болатын. Халықтың қалауы­на сәйкес басты саяси күшке айналған пікірлестер одағы дәл сол кезде қалыптасқан еді! Біздің жас демократиямыз да дәл сол кезде әлеуетін айқара ашқан еді!»  – бұл сөздерді Елбасымыз – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХV съезінің мінберінен айтқан болатын. Содан бері де төрт айдан астам уақыт өте шықты. Дәл ертең, 1 наурызда партияның құрылғанына дәл 15 жыл толғалы отыр. Бүгінде ойлап отырсақ, «Нұр Отанның» дүн-дүниені жаңғыртып жететін көктемнің алғашқы күнінде дүниеге келуінің өзінде символдық мән бар сияқты көрінеді. Иә, «Нұр Отан» саяси аренаға шыққалы бері мемлекеттің даму тарихында көп жаңалық, көп жақсылық болды. Бола да береді. Бүкіл халықтың қолдауына ие болған партияның ісі қашанда баянды.  Елдің саяси  өміріндегі мерейлі оқиғаның қарсаңында ел газеті «Егемен Қазақстан» партия Төрағасының партия туралы әр жылдарғы толғамдарынан үзінділерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. Елбасымыздың бұл сөздері «Нұр Отан» партиясының Қазақстанның бүгінгі биік белеске көтерілуінде атқарған рөлін, алар орнын айшықты ашады. ERA_17 Партия құрылған 1999 жылы жағдай күрделі еді. Еліміз Азиядағы қаржы дағдарысының салдарларын бастан кешіп жатты. Қазақстан мұнайға, қор­ғасынға, мырышқа, алюминийге әлемдік бағалардың түсіп кетуінен зиян шегумен болды. Дағдарыс кейбір көршілес мемлекеттердің қаржы жүйесінің күй­реуіне әкеліп соқтырды. Сол тұста Қа­зақстанның көптеген кәсіпорындарына бан­крот болу қаупі төнген еді. Сыртқы шептердегі жағдай да кәдім­гідей қауіпті қалыптасты. Оңтүстік жақ беттен халықаралық лаңкестердің тіке­лей шабуылынан Орталық Азия мем­ле­кет­терінің аумақтық тұтастығы сынаққа түс­ті. Көптеген адам құрбан болды. Тұ­тастай алғанда өңір дүбірге толып тұрды. Біз өткен онжылдықтың аяқ жағында жалақы мен зейнетақының ұзақ уақыт кешігіп төленуі қоғамда елеулі шиеленіс туғызғанын ашық айтуға тиіспіз. Қоғамда әлеуметтік қарсылық деңгейі жоғары болып тұрды. Дәл сол кезде Мемлекет басшы­сы­­ның ішкі және сыртқы саясатын қол­дайтындығы жөнінде ашық мәлім­­де­ген ондаған мың адамдардың пар­тия аясында топтасуы өзінің тұрақ­тан­дырушы рөлін атқарды. «Отан» пар­тиясы ел басшылығының тұрақты макроэкономикалық ахуалды сақтау, отандық өндірісшілерді қорғау, салық саласында тәртіп орнату жөніндегі қолға алған шараларын қолдады. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы сіздердің де ұзақмерзімді партиялық бағдарламаларыңызға айналды. Бүгінде экономикадағы жағдай сапалы түрде өзгерді. Тек 5 жылдың ішін­де ІЖӨ-нің өсімі 53 пайызды құ­ра­ды. 5 жылда жалақы 2 есе өсті, ал жұмыс­сыз­дық деңгейі 2 есе төмендеді. Тек 2003 жылдың өзінде жұмысқа тартылған тұр­ғын­дардың саны 400 мың адамға артты. 2004 жылдың қаңтарынан бас­тап мемлекеттік аппарат пен әскери қызмет­шілердің жалақысы 50 пайызға өсірілді. Соның өзінде салықтар төмендетілді. 5 жыл бұрын мұндай болатынына сену қиын еді. «Отанның» саяси қолдауы реформа табысының маңызды белгілерінің біріне айналды. Сондықтан да елдің дамуындағы табыстар партияның да табыстары болып табылады. 2004 жылғы 12 наурыз   Барлық экономикалық және сая­си топтардың есіне салайын: олар қар­жы­лық және саяси тұрғыдан ие болған мүмкіндіктердің бәрі барлық осы жылдары мемлекет жүргізген саясаттың арқа­сында ғана келді. Барлығына қоғам­дық тұрақтылық арқасында ғана қол жетті. Тұрақсыздандырудың кез келген әрекеті Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздігіне қатер ретінде қа­был­дануға тиіс. Сондықтан жанжал­ды модель емес, тек сындарлы ық­пал­дастық қана ыңғайлы болып табы­лады. Сондай ықпалдастықтың ең ау­қымды мүмкіндіктерін қоғамды демо­кра­тияландырудың жаңа белесі береді, біз бұған бүгін қадам бастық. Біз бұ­ған, қоғамға бұдан былайғы рефор­ма­лар­дың ойластырылған әрі дәйекті бағдар­ламасын ұсына отырып, кәміл сенеміз. Және бүгін біз тағы бір анық түсініп, қабылдауға тиіс даусыз ақиқат мынау: кез келген мемлекеттің тиімділігі оның нақ­ты саяси құрылысына қарамастан, ол төмендегі мақсаттарды дәйекті де ой­да­ғыдай ұстанатынына қарап бағаланады, олар: – саяси тұрақтылық; – мемлекет тұтастығын сақтау; – тәуелсіздікті сақтау; – болашақ даму әлеуетін жасау. Тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Рес­публикасы нақ осы асқақ тарихи мақ­саттарға адал. Тұтас алғанда елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғырту жолында шешетін мін­деттері сондай. «Отан» партиясынан мен қуатты жаң­ғыртудың саяси күшін көремін, ол қо­ғамды дамытудың жаңа белесінде жүр­гізілетін реформалардың бұдан былайғы табыстарын қамтамасыз етеді. 2004 жылғы 15 маусым   Партия идеологиясының негізінде не болуы тиіс? Партия «Қазақстан-2030» Стра­те­гиясына арқа сүйеуі тиіс деп санаймын. Ол сондай-ақ, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар адамдарының мүдделерін білдіруші болып, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық идеясын дәріптеуі тиіс. Бұл бағытты ұлтаралық және конфессиялық ортада шиеленістің өсуін арандатуға қабілетті радикалдық діни және ұлтшылдық идеялардың артуы түріндегі бүлдіруші құбылыстарды қатаң бейтараптандырып, қағидаттық тұрғыда жүргізу қажет. Ұлттың тағдыры, оның мәдениеті, тілі мен дәстүрлеріне деген шынайы қам­қорлықтың басқа халықтардың дәл осындай қажеттіліктеріне нұқсан келтірумен ешқандай ортақтығы жоқ. Бізге инвестициялар келіп жатыр, бізді құрметтейді, қоғамда салтанат құр­ған тұрақтылық пен келісімге тәнті болады. Демек, өзіміздің дамуымызға көмек­тесетін біздің аса маңызды игілігіміз нақ осы болып табылады. Келіңіздер, оны бірлесе сақтайтын болайық. Жұмыстың осы заманғы түрлері мен әдістерін пайдалана отырып, партияның идеологиялық жұмысын күшейту қажет. Партияға ел басшылығының Қа­зақ­станның бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға бағытталған бастамасына, атап айт­қанда, әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарына кіру стра­те­гиясына табандылықпен қолдау көрсе­туді қамтамасыз етуі қажет. Өз халқының өркендеуі туралы ойлайтын партияға бұдан асқақ, бұдан гөрі рухтандыратын не болуы мүмкін? 2006 жылғы 4 шілде   Соңғы онжылдықтарда бүкіл әлем­дегі саяси үдерістер бірнеше еселене күр­деленді. Сондықтан қазіргі заманғы сая­си көшбасшыға кәсіби-мүдделестер командасы аса қажет. «Нұр Отан» партиясы соңғы жылдар бойына мен үшін осындай сенімді тірекке, кәсіби де қалып­тасқан командаға айналып отыр. «Нұр Отан» елдің бүкіл халқы­ның мүдде­ле­рін бейнелейтін объек­тивті көш­бастаушы пар­тияға ай­нал­ды. Біз бірігу үдерістері мен ірі сай­лау науқандарының кезеңдері­нен табысты өттік. Енді біздің жинақталған тәжірибе мен күш-жігерді көкейкесті әлеуметтік мін­деттерді шешу­ге, сондай-ақ, пар­тия­ны одан әрі сапалы нығайтуға пайдалануымыз керек. «Нұр Отанның» дамуында жаңа белес басталды. Партия Қазақстандағы жүйелі өз­ге­рістердің нақты алға апарушы­сы, елдегі бұқаралық саяси жұмыс­тардың ең тиімді тетігі болуға тиіс. «Нұр Отан» дамудың ұзақмерзімді ба­ғыты­ның сабақтастығын қамта­масыз етіп қана қоймай, сонымен бір­ге ел да­муының жаңа страте­гия­лық идея­ларын да туындатуы керек. Қазіргі табысты елдердің тәжірибесі олардың дамуындағы серпілістердің көп жағдайда негізгі саяси партияның көшбасшылығы мен тиімділігі есебінен қамтамасыз етілгенін көрсетіп беріп отыр. Жапония, Швеция, Сингапур, Ма­лай­зия, Үндістан, Мексика сияқ­ты елдердің даму тәжірибесі бетбұрысты саяси және экономикалық реформалар кезеңінде же­текші партиясы бар көппартиялы жүйенің басқарудың оңтайлы мо­делі болып табылғанын көрсетіп берді. Біз Қазақстанда дәл осындай бұ­қа­ралық, тиімді, қазіргі заманғы пар­тияны құрдық. ...Өсіп-өркендеген және қуатты Қа­зақстан – біз бастаған жаңғыру­лардың мақсаты мен мазмұны. Мен еліміздің нығайып, толысқанын, халықаралық беделінің өскенін көрген кезде мақтаныш сезіміне бөленемін. Мұнда «Нұр Отан» партиясы маңызды рөл атқарады. «Нұр Отан» бүгінде біздің саяси жүйеміздің кескін-келбеті. Бүгінде нақ осы «Нұр Отанға» Қазақ­стан­ның тағдыры үшін жауапкер­ші­лік­тің бар салмағы жүктеліп отыр. Нұр­отандықтарға бүкіл еліміз қа­райды. Біз – саясат пен экономикада сыннан өткен күшпіз. Біз біртұтаспыз, қуаттымыз және сондықтан ел бізден жаңа табыстар мен жеңістер күтеді. 2008 жылғы 17 қаңтар   Кезінде басқа ілгері елдердегі – Син­гапурдағы, Оңтүстік Кореядағы, Жа­пониядағы сияқты біздің елде де де­мократия прогресшіл, көшбасшы пар­тиямен – «Нұр Отанмен» бірге дүниеге келген болатын. «Нұр Отанның» қалып­тасу тарихы – демократияның әлемдік тәжірибесінің ажырағысыз бөлігі. Бірінші съездің қалай өткені жадымызда біржола жатталып қалды. Ол кезде біздің батыл армандарымыздың өзі қазіргі жетістіктерімізге де ілесе алмай жататын. Қазір осы залда мен өзімнің Бірінші съезде айтқан сөздерімді қайталамақшымын, ол сөздер 15 жыл өткенде де көкейкестілігін жоймаған: «Менің қымбатты жолдастарым, сіздерге Отан деп соққан жүректеріңіз үшін үлкен алғысымды айтамын. Сіздердің халықтың қадір-қасиетін ойлайтындарыңыз, мемлекеттілікті сақтау мен нығайту жолында бәріңіз бір үйдің баласындай жұмылғандарыңыз үшін рахмет деймін!». Мен өзіммен бірге жаңа елді орнатысқан барлық қазақстандықтарға еңбегі мен төзімділігі үшін алғысымды білдіремін! Айрықша алғысымды менімен бірге біздің партиямызды құрысқан серіктестеріме арнаймын! «Нұр Отан» партиясын өркендетуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтамын! Біздің партия – «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық демократиялық коалиция­ның біріктіруші күші. Бүгінде «Нұр Отан» – Қазақстанның ХХІ ғасырда табысты қадамдар жасауын қамтамасыз ететін саяси көшбасшылықтың басты тетігі! Қазір бізде халқымызды жаңа жеңістерге сенімді жетелеу үшін не қажеттінің бәрі бар. Ең бастысы, барлық қазақстандықтардың зор сенімі мен қолдауы. Бұл – «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы саяси көшбасшылығының негізгі бастауы. Қазір партия ресурстарын дұрыс бөлу керек. Әр нұротандықтың партиялық жауапкершілігін күшейту қажет. Біз партия жұмысының қуатын үш қайтара еселендіруге тиіспіз. ...«Нұр Отанның» бағдарламалық құжаттары әр кезде де нақтылы болды, сондықтан олар нәтижелі болып келді. Біз ешқашан құрғақ қиялға берілген емеспіз. Біз ешқашан бұлыңғыр міндеттер қойып, бос уәделер берген жоқпыз. Біз әрбір сөзімізді әр кезде де шынайы еңбекпен және нақты істермен айғақтап отырамыз. Мен әр кезде де солай болатынына сенімдімін! Өйткені, «Нұр Отан» – көшбасшы партия! 2013 жылғы 19 қазан