Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Күн тәртібіне сәйкес депутаттар “Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы” және “Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобаларын қарап, талқылағаннан кейін оларды қабылдады.
Отырыста, сонымен қатар, “Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары да қаралды. Талқылау барысында заң жобаларына 50-ге жуық түзетулер ұсынылып, өзгерістер енгізілгеннен кейін заң жобалары Мәжіліске жіберілді.