Аймақтар • 23 Қараша, 2021

Кәсіпкерлерге қолдау көп

516 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында халық саны өскен сайын түрлі өнім, қызмет түрлеріне деген сұраныс та артуда. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлер сапалы өнім шығарып, тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Жылдан-жылға халықта таңдау еркіндігі артып келеді. Себебі үшінші мегаполисте кәсіпкерлік нысандары көбейіп жатыр. Бұл үрдіс өз кезегінде кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, сапаның артып, бағаның түсуіне зор ықпал жасайды. Нәтижесінде, нарықта азулы нысандар қалады. Осы орайда қалада тек ірі кәсіпкерлерді емес, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда.

Кәсіпкерлерге қолдау көп

Шымкент қаласының кәсіп­кер­лік және индустриялық-инно­вациялық даму басқар­масының ұйытқы болуымен қала экономика­сын дамыту мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылды. Көптеген кәсіпорын ашылды. Бұл туралы дүйсенбі күні әлеуметтік желі­лер арқылы тікелей эфирге шық­қан басқарма басшысы Бе­ре­ке Дүйсебеков мәлімдеді. Оның айтуын­ша, индустриалды аймақ­тарда кәсіпкерлерге өндіріспен айналысуға барлық жағдай жасалып, оларға салынатын салық көлемі айтарлықтай төмендетілген.

– «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске қосы­лып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды және оған 62 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Ал «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 26,3 млрд теңгелік 17 жоба іске қосылып, онда 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Көлік логистикалық айма­ғында 32,5 млрд теңгеге 53 жұмыс орнын құрумен 7 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде 15,9 млрд теңгеге 225 жұмыс орнын құру­мен 3 жоба жүзеге асырылған.

«Оңтүстік» арнайы экономи­ка­лық аймағында жалпы инвестиция көлемі 53,9 млрд теңге тұратын 26 жоба іске асырылып, 2,4 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар жалпы алаңы 306 га құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылуда (Іске асырылу мерзімі: 2021-2022 жж.). Жаңа аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асырылады, – дейді басқарма басшысы.

Бүгінде «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіп­орындардың бірі – «Каз­Тех­никас» ЖШС. Мұнда жарықдиодты шам­дар өндіріледі. Шымкентте алғаш­қы­лардың бірі болып диодты жа­рық шамдар шығаруды қолға ал­ған кәсіпорынға «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасымен индустриалды аймақтан 1,5 гектар жер бөлінген.

Құны 500 млн теңгені құрайтын бұл жоба 2020 жылы бастау алып, биыл іске қосылды. Қазір мекемеде 25 қала тұрғыны жұмыс істейді. Аталған кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 70 мың шам шығаруға қауқарлы. Айтып өтейік, жобаның жалпы құны – 500 млн теңге. Бүгінде «КазТехникас» ЖШС жұмыстың тиімділігін арттыруда заманауи технологиялар­мен жабдықталған. Мұнда жарық­тандыру және энергия үнемдеу бағытындағы тиімділігін көрсеткен соңғы үлгідегі заманауи технология қолданылады.

Зауыт жылына 20 мың дана жарықдиодты шам өндіруге қау­қарлы. Шамдардың сапасы өнді­рілгеннен кейін су ішінде 5 минут тұрады да, кейіннен іске қосу арқылы тексеріледі екен. Яғни суға төзімділігі анықталып барып, сатылымға шығарылады.

Сонымен қатар мұнда темір сөрелер де жасалады. Өндіріс ор­ны алдағы уақытта мемлекеттік қолдау арқылы өнім көлемін ұл­ғайтып, экспортқа шығаруды жос­парлап отыр.

Айта кетейік, Президент «Жа­ңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Жолдауында аза­маттардың әл-ауқатын жақсартып, қолайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Бұл бағытта Шымкент қаласының 5 жылдық даму жоспары бекітіліп, негізгі басымдықтары айқындалды. Бірін­ші басымдық – кәсіпкерлік және өнеркәсіпті қолдау.

Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Осыған орай Еңбекші ауданында бірқатар нысан ашылу жоспарлануда. Соның бірі және бірегейі Оңтүстік арнайы экономикалық аймақта «Шымкент химиялық ком­паниясы» жанармай өңдеуге қажетті химиялық қоспа (Метил-трет бутил эфир – МТБЭ) және пластикалық материалға қажетті (полипропилен) ұнтақтарды шы­ғару зауыты болмақ.

Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды. Бұл оған ішкі нарық­тың қажеттіліктерін толығымен жабу­ға мүмкіндік береді. «ШХК» ЖШС зауытын ресми іске қосу қазақстандық мұнай-химия сала­сының сапалы жаңа деңгейге көшуінің бастамасы болмақ. Өйт­кені кәсіпорын жаңғыртылған Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ШМӨЗ) мұнай-газ химиясы шикізатын өңдеу тереңдігін елеулі дәрежеде арттыруға мүмкіндік береді. Енді, өңірде этилденбе­ген автомобиль бензиндерін алу кезінде пайдаланылатын құра­мында оттегі бар негізгі жоғары октанды компоненттердің бірі – МТБЭ өз өндірісі жолға қойыл­ғандықтан, мұнда еуро-4 және еуро-5 экологиялық класты отын өндірілетін болады.

«ШХК» ЖШС бас директоры Манат Бибасовтың айтуынша, бүгінгі таңда жаңа зауыт өнім­дерінің басты тұтынушысы – ШМӨЗ. Қазір барлық өндірістік процестер жолға қойылды, мұ­най-химия өндірісіне лицензия алын­ды. Кәсіпорын мұнай-хи­мия саласының өнеркәсіптік тұтыну­шыларының тізбесіне енгізілген.

Зауыт құрылысы, жабдықтар­ды сатып алу Қазақстан даму бан­кінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, ол Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемле­кеттік бағдарламасы аясында 10 жылға дейінгі мерзімге 9 млрд теңге мөлшерінде қаржылық қол­дау көрсетті. Жобаның жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрады, осылайша қалған бөлігін 4,7 млрд теңге көлемінде «ШХК» ЖШС өз қаражаты есебінен салып отыр.

Қаланың өндірістік әлеуетін арттыруда жаңадан 2 индустриалды аймақтың құрылысы бас­тал­ған. Оның ішінде «Жұлдыз» ­индустриалды аймағында құры­лыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. «Стандарт» жеке индустриалды аймағы шағын және орта кәсіп­керлік субъектілерінің өндірістік алаңы ретінде қызмет көрсетпек. Мұнда заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады.

Тамақ өндірісі саласында ауыл­шаруашылық өнімдерін те­рең өңдеуге басымдық берілді. Бұл ба­ғытта «Бозарық» тамақ өнеркәсібі аймағының инженерлік жүйелері жүргізілуде. Мұнда 23 млрд тең­гені құрайтын 1 800 жұмыс орнымен 20-дан астам жоба іске асырылады. Қосымша 198 гектар жерге агроиндустриалды аймақ құру жоспарланды. Онда өнеркәсіптік жылыжай кешендері салынады.

Қалалық орта болуымызға қа­ра­мастан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін биыл 37 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Биыл жылыжай, қарқынды бау, мал бордақылау, ет өңдеу бойын­ша 15 инвестициялық жоба жү­зеге асты. Жыл соңына дейін осы санаттағы тағы 10 жоба іске қо­сыл­мақ. Шымкенттің өндірістік қуатын құрайтын бұл жобалар ішкі нарықты отандық мазмұнды құрайтын өнім түрлерімен толық­тырып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға қызмет етпек.

 Қалада кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген «Компания WDA» ЖШС қаладағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Бүгінде металл-пластикалық терезе мен есіктерге жаңа технология бойынша керек-жарақтар шығарады.

Қуаттылығы айына 30 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Аталған зауыт Түркияның қон­дыр­ғыларымен жабдықталған. Мұндағы тауардың ерекшелігі бе­ріктігінде. Әрбір деталі мен пі­шініне мән беріледі. Сондықтан болар, тың технология арқылы зауыт сапалы әрі төзімді өнім шы­ғаруда. Қажетті шикізат – отандық.

Бүгінде компания өнімі ең сапалы шикізаттардан дайындалады. Мұнда әбден тексерістен өткен материалдар қолданылады. Керек-жарақтар өндірісіндегі ең басты шикізат – мырыш. Оны KAZZINK компаниясынан алады. Ол Қазақстандағы және әлемдегі ең озық мырыш өндіретін кәсіпорын саналады. Серіктестік өнімі 100 пайыз отандық шикізаттан тұрады. Осылайша, «Компания WDA» ЖШС қазақстандық өндірушілерді қолдап, ұлттық экономиканың дамуына айрықша үлес қосуда.

Айтып өтейік, зауытта «Ұлттық сараптау және сертификаттау ор­талығы» аттестациялаған өз зертханасы бар. Аталған мекемеде сырт­тан әкелінген шикізаттардың тазалығына және керек-жарақтар шығару ісі мен дайын бұйымның сапасына жіті бақылау жүргізіледі. Зертхана соңғы үлгідегі техникамен жарақталған, шығарылған өнімді қажетті деңгейде бақылап отыратын сынама стендтермен қамтамасыз етілген.