Медицина • 23 Қараша, 2021

Обыр опындырып тұр

645 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауру асқынып, әл таусыла бастағанда дәрігер іздеп, әбігерге түсетініміз несі осы?! Жанға батқанша тым жайбарақатпыз. Тегін скринингтен өтуден қашамыз. Облыста обыр дертінің асқынып тұрғаны да сондықтан. Соңғы он айда ғана 3 274 азаматтан аты жаман ауру анықталып, тіркеуге қойылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20,8 пайызға көп.

Обыр опындырып тұр

Алайда ақ халаттылар обыр дертін ерте анықтау жұмыстары күшейтілген соң көрсеткіш көбейді дегенді алға тартады. Солай да шығар. Бірақ шалғай аудандарда, қаланың кейбір емханаларында белгілі жас мөлшеріндегі халықты скринингтен өткізу шаралары сылбыр. Ауру ушыққан соң ғана анықталып жатады. Нәтижесінде, өлім көрсеткіші көбейеді.

Осы мәселе жөнінде Өскемендегі «Онкология және хирургия» орталығында елі­міздің бас онкологы Диляра Қай­дарова облыстың дәрігерлерімен кездесу өткізген. Ол ең алдымен скрининг жұ­мыс­тарын жандандыру керегін шегелеп тұрып тапсырды.

– Байқап отырсам, өкпе обыры Семей өңірінде, Өскеменде көп. Себебі, Семей – ядролық сынақ полигоны болған жер. Ал Өскемен – өндірісті қала. Зауыттар көп. Біз орталықтармен бірлесіп, обырдың алдын алу үшін ауқымды жұмыс жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, төменгі дозалы КТ жасау ойда бар. Орталыққа PACS қойдық. Ең бастысы, тұрғындар қорықпай скринингке келсе екен. Телемедицинаның пайдасын да көріп отырмыз. Яғни шалғай аудандағы науқастың денсаулығын облыс орталығында отырған маман сол сәтте-ақ тексере алады, – дейді еліміздің бас онколог дәрігері Д.Қайдарова.

Технология дамыған заманда аты жаман ауруды ерте бастан анықтап, алдын алуға толық мүмкіндіктің бары рас. Шы­ғыс­та компьютерлік және маг­ниттік-резонанстық томография аппарат­тары арқылы көрсетілген қызмет кө­ле­мі анағұрлым артқан. Кестедегі цифр­лар­ға көз салсақ, осы жылдың он айында ме­дициналық сақтандыру бойынша
5 мың­ға жуық қызмет көрсетіліпті. Бұ­рын­ғыдан қолжетімді болған соң да нау­қастардың көбі осы аппараттардың көмегіне жүгінеді. Бірақ медициналық сақтандыру төлемі төленбеген жағдайда пациент жоспарлы түрде тексеріле алмайды. Бұл-дағы үлкен мәселелердің бірі. Себебі ауылдық жерлерде жұмыссыз отырған азаматтар өздіктерінен «ме­дициналық сақтандыру» үшін төлем енгізбейді. Сөйтіп, бірқатар медициналық қызметтерді алуда кедергілерге тап болады.

Облыстық Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) филиалы мамандарының айтуынша, науқасқа кез келген диагностикалық процедураны емдеуші дәрігері тағайындайды. Науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерттеу кезінде тиісті көрсеткіштер болса, дәрігер КТ немесе МРТ жүргізуге жолдама бере алады. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациентте МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болуы міндетті. Егер пациент басқа себептерге байланысты тиісті қыз­метті ала алмаса, Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорына наразылық білдіріп, өтініш бере алады. Мәселен, ресми fms.kz сайтына жазуға, 1406 байланыс орталығына қоңырау шалуға немесе Telegram желісіндегі 24/7 Qoldau және SaqtandyryBot мобильді қосымшасына хабарласуға болады.

PACS деп отырғанымыз, пациенттің дәрігерге қаралуын едәуір жеңілдетеді. Ауданда тексеруден өткен науқасқа КТ немесе рентген қағаздарын сүйреп, қалаға сабылудың қажеті жоқ. Өскемендегі онко­логиялық орталықта цифрлы диаг­нос­тикалық бейнелерді сақтауға және мұ­рағаттауға арналған PACS жүйесі жұ­мыс істеп тұр.

– Бұл кез келген қалалық немесе аудан­­дық аурухананың дәрігерлері сурет­тер­ді бірыңғай жүйеге жіберіп, консилиум­­­дар өткізіп, пациенттерді диагностикалау және емдеу бойынша ұсыныстар ала алатын маңызды қадам, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков.

Айта кетейік, дәрігерлер жүйеге мо­бильді қосымша арқылы қол жеткізе алады. Қазірдің өзінде облыстағы 145 рент­ген аппаратының 63-і PACS-ке қосыл­ған. Денсау­лық сақтау басқармасы бас­шы­лығының айтуынша, алдағы уа­қытта барлық аурухана цифрлы жүйе­ге ауысады. Соның базасында кеңес құры­лып, құрамына пульмонологтар, фтизиатрлар, онкологтар, травматологтар және басқа да мамандар кіреді. Бұл қазіргі заманғы жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудағы үлкен серпіліс. Алайда облыс орталығының кей­бір емханаларында, аудандарда скрининг жұмыстары бәсеңдеп қалған. Неге десек, коронавирус инфекциясы кедергі болғанын айтады.

– Соңғы жылы Катонқарағай ауда­ны кейбір көрсеткіштер бойынша «қы­зыл аймақтан» шықпады. Ауруды ушық­ты­рып алу көрсеткіші жоғарылады, өлім көбейді. Обырды ерте анықтау көр­сет­кі­ші де түсіп кетті. Себебі, коронавирус инфекциясы басталып, халықты жоспардағы скринингтен уақтылы өткізе алмадық. Қазір онкологиялық қызметті қайта қолға алдық. Онколог дәрігеріміз бар. 2010 жыл­дан бері жылжымалы мамография аппа­раты бар. Жоспарлы түрде ауылдарға шығып, әйел адамдарды скринингтен өткіземіз. Сонымен қатар PACS жүйесі орнатылып жатыр, – дейді Катонқарағай №1 аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Байгереева.

Осыған ұқсас мәселе Өскемендегі «Авицена» емханасында да орын алып отыр. Яғни белгілі жастағы тұрғындарды скринингтен өткізуде «қызыл аймақта» тұр. Нәтижесінде, облыс бойынша қатерлі ісік былтырмен салыстырғанда, 1,1 пайызға көбейген. Айтпағымыз, бірқатар тұрғындар ауруды ушықтырып барып, дәрігер көмегіне жүгінеді. Еліміздің бас онколог дәрігері Д.Қайдарова бірне­ше қайтара атап өткендей, скрининг жұмыстары жүйелі түрде қолға алынса, қатерлі ісіктің саны едәуір азаяр еді. Кешенді бағдарламалардың аясында «Онкология және хирургия» орталығының 39 маманы Ұлыбритания, Франция, Италия, Израиль, Түркия сынды медицина саласы озық елдерде біліктіліктерін ұштап келген. Соны­мен қатар бір топ дәрігер Израил­ьдің он­ко­логиялық орталығына оқуға жібе­рілген. Ендеше, ендігі жылдары обыр ауруынан озып тұрған облысымызда дертті ерте анықтап, емдеу жұмыстары нәтиже береді деп сенейік. Ескерте кетерлігі, онколог мамандар дертті ерте анықтаса, емдеп алу қиынға соқпайтынын нық сеніммен айтып отыр. Тек, халық «медициналық сақтандыруға» ай сайын төлем енгізіп, скринингтен өтіп отырса болғаны.

 Шығыс Қазақстан облысы

 Инфографиканы жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»