Саясат • 23 Қараша, 2021

Сыртқы саясаттың басымдықтары

3319 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, сол жиын барысында еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды айқындап берді. Бұл айқындалған негізгі бағыттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатқа қатысты ұстанған жолымен үйлесіп, сындарлы сабақтастық осылайша жалғасын тауып отыр. Осы орайда, Қазақстан алдағы уақытта қандай басымдықтарға мән беретініне тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Сыртқы саясаттың басымдықтары

Өздеріңізге мәлім, 2020 жылы Мем­лекет басшысы Қазақстан Респуб­ли­к­асы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын. Соған сәйкес, халықаралық стратегиямыздың қағидаттары және бағыт-бағдары өзгермейтіні нақтыланды.

Еліміз сыртқы саясатты сындарлы әрі белсенді жүзеге асырып, қауіп­сіз­дік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруға ерекше үлес қосып келеді. Ұлттық мүддені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге басты назар аударылатыны белгілі.

Еліміздің стратегиялық саяси мақ­саты ретінде тәуелсіздікті, мемле­кет­тің егемендігін және аумақтық тұтас­ты­ғын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау көзделмек. Сондай-ақ Орталық Азияда Қазақстанның көш­басшылық орнын нығайтуға және ұзақ мерзімді мүдделеріне ерекше екпін бе­ріледі. Сыртқы саясат мәсе­ле­сінде Қа­зақ­­стан көпвекторлы бағыт ұстана­ты­ны жер-жаһанға мәлім. Осы тұрғыдан алғанда «тоғызыншы территория» ай­мақтық және жаһандық үдерістерге белсене қатысатын беделді мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылында кәсіби дипломатиялық қызмет құрылып, ауқымды сыртқы саяси міндеттер ше­шімін тапты. Осы уақыт аралығында қол жет­кізген табыстарымыз ұшан-теңіз.

Егемендік алған сәтте елімізде тә­жіри­белі, кәсіби дипломаттар санаулы бола­тын. Бұл күрделі сыртқы саяси мін­деттерді шешуге кедергі келтіретіні айт­па­са да түсінікті. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуі­мен елімізде дипломатия мектебі қа­лыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездері Ел­ба­­сының сенімді серігі ретінде бұл жұмысқа үлкен үлес қосты. Мәселен, 1992 жылы Сыртқы істер министрлігін толыққанды институт есебінде құру жұ­мыстары аяқталды. Сөйтіп, Сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық құры­лым­дар мәртебесі мен өкілеттілігін ресми түрде орнатқан елдердің елші­лік­тері туралы Ереже бекітілді. Сондай-ақ олардың ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелері шешілді. Осы­лай­ша, Қазақстанды бей­­біт­сүй­гіш ел ретінде әлемге танытқан жұ­­мыс­­тың іргетасы қаланды.

Сол кезеңнен басталған шаруа бүгінде жалғасын тауып отыр. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінен анық байқадық. Президент әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатудың маңызына тоқталды. Бұл түсінікті де. Қазіргі таңда шартараптағы геосаяси ахуал өзгеріп, саяси текетірестер күшейе түсті. Бұрын әлем бірполярлы саналып келсе, бүгінде өңірлік және жаһандық өктемдікке ұмтылатындар жетерлік. Мұның бәрі әлемдік саясат тақтасындағы ахуалды күрделендіре түсетіні басы ашық мәселе. Осындайда Қазақстан үшін прагматизмге негізделген көпжақты сая­сат ауадай қажет. «Қазақстан ешкіммен жау­ласпайды, халықаралық дауларға ки­лік­пейді. Біздің таңдаған жолымыз – айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көп­жақты міндеттемелерден бас тартпай­мыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлт­тық мүддемізге сай ұтымды шешім та­буға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз, ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табан­ды­лықпен қорғауымыз қажет», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке алаңдайтынын азаттық алған кезден-ақ байқатқан. Мәселен, тәуел­сіздігімізді жариялағаннан кейін елі­міз еншісіне қуатты ядролық ар­сенал мұраға қалды. Бұл мәселе халық­ара­лық қоғамдастықты бейжай қал­дырған жоқ. Екіжақты келісімді сылтау­ратып шетелдік шенеуніктер бірінен соң бірі елімізге жиі ат басын бұрды. Әйтсе де, бәрін мазалаған бір ғана мәселе: Қазақстанның ядролық қаруы. Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызықтырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдірді. Мәселен, 1992 жылы сол кездегі Ливия басшысы Муаммар Каддафи Қазақстанның атом бом­басын сақтап қалуы үшін мил­лиард­та­ған доллар қаржылай көмек беруге әзір екенін жеткізген. Тә­уел­сіз­дігін енді алған мемлекет үшін бұл арбайтын ұсыныс. Өйткені Кеңес өкі­ме­ті құлағаннан кейін ел экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Бірақ Қазақстан мұндай жомарт ұсынысты қабылдаған жоқ. Міне, осылайша Қа­зақ­стан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қы­рып-жою қаруларынан азат етуге ба­ғыт­талған соны қадам болғанын уа­қыт көрсетті. Бүгінде еліміз ядролық қарудан бас тарту ісінде өзгелерге үл­гі. Биыл Семей полигонының жа­был­­­ғанына 30 жыл толды. Бұл ше­шу­ші қадам Қа­зақстанның әлемдік қо­ғам­­дастықтағы беделінің артуына зор үлес қосты.

Айтпақшы, Елбасы таяуда өткен «Астана клубының» отырысында ядро­­­­­лық қарусыздануға арналған әлем­дік форум өткізуді ұсынған еді. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің отырысында ір­гелі іс-шараны ұйымдастыруды тапсырды. Бұған дейін Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшесі болды. Аталған ке­зең­де еліміз жаһандық қауіпсіздік пен тұ­рақтылыққа табанды үлес қосқанын ха­лықаралық қоғамдастық мойындады.

Қазақстан – Еуразия құрлығындағы көп­жақты құрылымдардың негізін қа­лау­шы елдердің бірі. ТМД, Еуразия эко­номикалық одағы, Ұжымдық қа­уіп­сіздік туралы шарт ұйымы, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ын­тымақтастығы ұйымы және басқа да құрылымдардың жұмысын жан­дан­дыруға белсене атсалысып келеді. Таяуда ғана Түркітілдес мемлекет­тер­дің ынтымақтастық кеңесі қайта құ­ры­лып, толыққанды ұйымға айналды. Осылайша, түркі тілдес мемлекеттер ын­тымағының жаңа кезеңі басталды. Мұның бәрі шартараптың түкпір-түкпіріндегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнату жолында жасалған жұмыстардың бір парасы ғана.

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын ны­ғай­тып, экономикалық дипломатия­ны қайта жандандыруды тапсырды. Бұл ба­ғыттағы жұмыстың тиімді жүр­гі­зі­ле­ті­ніне сенім мол. Бұған себеп же­тер­лік. Біріншіден, Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы басқа елдердің экономи­ка­сына қарағанда қуатты. Мә­селен, номиналды ішкі жалпы өнім көлемі бо­йын­­ша өңірдегі басқа мемлекеттерден әлде­қайда алда тұр.

Ел ішіндегі ахуал тұрақты. Елімізде инвес­торларға өте қолайлы жағдай жа­сал­ған. Қазіргі таңда Орталық Азия­дағы шетел инвестициясының 75 па­йызы Қазақстанға тиесілі. Соның ар­қа­сында еліміз өңірдегі экономикалық көшбасшыға айналды. Рас, пандемия кезінде ішкі жалпы өнімнің өсімі бәсеңдеді. Бірақ бұл бүкіл әлем елдеріне тән құбылыс. Осы орайда, мұнай баға­сының қайта өсуі жаһандық індет ке­зінде етек-жеңімізді жинап алуға мүм­кіндік береді.

Екіншіден, еліміз Еуразияның қақ төрінде, басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық ор­та­­лықта тұр. Шығыс пен Батысты бай­ла­ныстыратын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бағыты ұлы даланың үстінен өтеді. Қа­зақстан арқы­лы Қытай және Азияның бас­қа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шы­ғыс­пен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Осыншалықты әлеуеттің тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Биыл көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 1,07 млрд тоннаға жеткен. 2021 жылдың алғашқы 4 айында транзиттің жалпы көлемі 7,3 млн тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артық. Осылайша, Қазақстан транзиттік дәліз арқылы миллиондаған доллар пайда табады.

Үшіншіден, Қазақстанда шетелдік ин­весторларға қолайлы жағдай жасал­ған. Осы орайда, Сыртқы істер министр­лі­гіне инвестиция тарту жөнін­дегі мемлекеттік саясатты іске асыру міндеті жүк­­тел­генін еске сала кеткен жөн. Пре­зи­­дент Қазақстанды Шығыс пен Ба­тыс­ты, Солтүстік пен Оңтүстікті жал­ғайтын күре жолдардың бойындағы транзиттік-логистикалық хабқа айналдыруды тапсырды.

Қазіргі таңда әлем елдері оқшау, ешкіммен араласпай өмір сүре алмайтыны белгілі. Халықаралық аренада ұлт­тық мүддемізді қатаң сақтап әрі қор­ғай отырып, инвестициялық сая­сат жүргізудің маңызы зор. Қазақстан әлемде өзін бейбітсүйгіш, ашық, сенімді мемлекет ретінде үлкен беделге ие және халықаралық істерде жауапты серіктес ретінде танылды. Қ.Тоқаев Сайлауалды бағдарламасында елімізге инвестициялар тартуда Қазақстанның осы уақытқа дейінгі халықаралық сенімін тиімді пайдаланатынын жеткізген-тұғын.

Мемлекет басшысы шетелдерге сапары барысында елімізге инвестиция тартуды басты назарда ұстады. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Қ.Тоқаевтың Бірік­кен Араб Әмірліктеріне сапары барысында көптеген ауқымды келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, басқа да елдерге жасалған сапарлар кезінде инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыруды тапсырды. Мұны орындаудың алғышарттары қалыптасты. Мәселен, Сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Әйтсе де, ведомство жұмысында кейбір кемшіліктер бар. Президент Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жал­пы мемлекеттік стратегия жоқ еке­нін еске салды. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз­ді­гіне, кадр саясатындағы кемшіліктерге тоқталды. «Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жол­дан­ған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді», деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатындағы не­гізгі бағыттарды жү­зеге асыру үшін тиісті жұмысты тың қар­қын­мен жалғас­ты­руды тапсырды.

Құдайға шүкір, сындарлы саясаттың арқасында азаттық алғаннан соң алғаш­қы­лардың бірі болып мемлекеттік ше­ка­рамызды шегендедік. «Каспий те­ңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның» қабылдануы – айтулы жетістік. Сондай-ақ стратегиялық серік­тес­теріміз – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен достық қаты­на­сымыз қалыптасты. Қазақстан АҚШ-пен және Еуропалық одақ елдерімен стратегиялық байланыс орнатты.

Қорыта айтқанда, Қазақстан дипломатиясы көптеген мәселені, тіпті, аса күрделі халықаралық түйткілдердің өзін мә­міле арқылы шешуге мүдделі екенін әлем­ге көрсетіп келеді. Мұндай тәжіри­бе­нің тиімділігіне шартарап бүгінде куә. Еліміздің сыртқы саяса­тын­дағы бағыттар Қазақстанның халық­аралық беделін сақтап, әлемдік арена­дағы рөлін күшейтетіні сөзсіз.