«Үміт-Надежда» қоғамдық қорының төрағасы Дүйсенғали Оспановтың бастамасымен 2015 жылы облыстық «Мүгедектер спорт клубы» құрылған. Аталған мекеме содан бері ынталы мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері қалаған спорт түрлерімен шұғылдануына жағдай туғызып, орынжай және спорт құрылғыларымен қамтамасыз ету, түрлі деңгейдегі жарыстарға апару, іссапар қаражатын табу сияқты мәселелерді реттеумен айналысып келеді.
Бүгінде клубқа мүше 214 спортшының 167-і – Қостанай қаласында, Рудныйда – 18, Лисаков қаласында – 24, Арқалықта 5 адам жазғы және қысқы спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысады. Д.Оспановтың айтуынша, облыстағы ерекше қажеттілігі бар жандар ұзын саны 17 спорт түрімен шұғылданады. Оның ішінде жүзу, үстел теннисі, волейбол, шаңғымен сырғанау, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, таэквондо, дзюдо секілді он шақты паралимпиадалық спорт түрлері бар. Бұған арба биі үйірмесі мен еркін күрес, мини-футбол, шахмат сынды сурдлимпиялық спорт түрлерін қосыңыз.
Қостанайлықтардың, әсіресе, пауэрлифтингке деген қызығушылығы артып келеді. Паралимпия ойындарына кіретін бұл спорт түрімен бүгінде жиырмадан астам зағип айналысады. Солардың бірі – Анар Аханова. Талай халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап жүрген Анар бес жыл ішінде халықаралық спорт шебері атанды.
– Қазір балалар мен жасөспірімдерге арналған бірінші мектепте жаттығу жасап жүрмін. Спортқа осыдан бес жыл бұрын келдім. Ол кезде тұрмыстық қызмет көрсету колледжінде оқитынмын. Алғашқыда жай әуесқойлықпен келе салғанмын, спортпен кәсіби түрде айналысамын деген ой мүлде болған жоқ. Алғашқы жаттығуларда қатты қиналдым. Бос темір белдеменің өзін көтере алмайтынмын. Тіпті пауэрлифтингті тастап кеткім де келген кездерім болды. Алайда әр нәрсеге төзім керек екенін, онсыз ештеме шықпайтынын білгендіктен, алғашқы қиындықтардың бәріне шыдап бақтым. Еңбегім еш кеткен жоқ, біртіндеп жарыстарға қатысып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастадым, – деді тәжірибелі спортшы.
Парапауэрлифтинг бойынша Қостанай облысының аға жаттықтырушысы Дмитрий Царенконың сөзіне қарағанда, жаттығуға жаңа келіп жатқан зағип жандардың спортқа деген ұмтылысы ерекше.
– Спорт залға бес жыл бұрын келген балалардың көбі осыдан бірдеме шығарамын-ау деген сенім болмайтын. Сенім еңбек ету арқылы бірте-бірте қалыптасады. Қазір солардың көбінің спорт шебері деген дәрежесі бар. Омыртқасы, буыны немесе бұлшық еттері зақымданып өздігінен жүре алмай қалған балалардың біразы үйлерінде отыр. Оларға спортпен шұғылдану қажет. Ең бастысы, тәуекелге бел буып, залға келіп, ақырындап спортпен айналыса бастау керек. Біздің командамыз өте ұйымшыл, залға келген кез келген адамға қолдау көрсетуге әзір тұрады, – деді Д.Царенко.
«Мүгедектер спорт клубы» басшысының орынбасары Григорий Зиберовтің айтуынша, спорт жаттығулары мүмкіндігі шектеулі жандардың функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтіп, денсаулығын жақсартады, тіпті спортта жоғарғы жетістіктерге жетелейді. Аталған клуб бүгінде кемтарларды спортқа мейлінше көптеп тарту арқылы ірі халықаралық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алатын кәсіби спортшыларды даярлауды көздеп отыр. Алайда клубтың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Соңғы алты жылға көз жүгіртіп көрсек, Қостанай облысының ерекше спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жиі жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ал Александр Колядин – 2018 жылғы паралимпия чемпионы. Мұндай табысқа жетуге осы залға келіп жүрген кез келген спортшының мүмкіндігі бар дейді жаттықтырушылар.
Қостанай облысы