07 Мамыр, 2010

7 МАМЫР – ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ

1891 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ДӘСТҮРГЕ АДАЛДЫҚ Ер жігіт үшін ең қымбат сезім Отан қорғау сезімі деп білемін. Тепсе темір үзетін кез келген ер-азамат әскери борышын өтеуге асығады деп ойлаймын. Солардың бірі деп өзімді айтсам болады. Сонау Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласы маңайындағы Кеңес Одағының Батыры Абдолла Үсен ауылында туып-өскен менің рухани астанадан ресми елордаға келіп, әскери борышымды өтеп жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Абдолла атамдай елін, жерін шын сүйген жауынгер болып, борышымды абыроймен атқарып, туған ауылыма есен-сау оралсам деген ниетпен жүріп жатырмын. Өткен жылдың мамырында әскер қатарына шақырылған менің көзді ашып-жұмғанша елге қайту мерзімімнің таяп қалғандығы қиындығы мен қызығы қатар жүретін әскери өмірдің өте тамаша өткендігін айғақтаса керек. Сынаптай сырғыған осы уақыт ішінде өзіме тәлім-тәрбие аларлық біраз жәйтке қанықтым. Рас, әскер өмірінде адамды шыңдау жолында аздаған қиындықтар орын алып қалулары ықтимал. Осы кезде бізді одан алып шығатын Отанымызға деген ұлттық рухымыздың жоғары тұруы болмақ дер едім. Рухы мықты елдің қашанда жұлдызы жоғары болмақ. Біздің ізімізді басып, әскер қатарына шақырылған жас сарбаздарға Отан қорғау жолында табандылық пен ерік-жігер тілеймін. Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын! Жалғас ҚОШҚАРОВ, №6636 әскери бөлімнің қатардағы жауынгері. АСТАНА. ӘСКЕРИ БОРЫШТЫ ЖҮРЕКПЕН АТҚАРУ КЕРЕК Мен өз сөзімді Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі еліміз үшін қайырлы, құтты болсын деп Отан үшін от кешкен ата-әжелерімді құттықтаудан бастағым келіп отыр. Біздің осы күнге жетіп, бейбіт заманда ел қорғау бақытына ие болуымыздың қан майданда от кешкен майдангер бабаларымыздың арқасы екені белгілі. Оларға бүгінде қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Тәуелсіз жас Отанымызды қорғау елім деп жүрегі соққан әр сарбазды патриоттық се­зімге бөлейді. Алғаш әскерге келіп, ант қабылдағаннан кейін мен өзім­нің Отан алдындағы борышымды абыроймен, жүрекпен атқару қа­жеттігін шындап түсіндім. Мен үшін борышымды өтеп жатқан әр күнім Отаныма деген шын сүйіспеншілікке толы десем артық айтқандық емес. Әскер қатарына шақырылғанымыз кеше ғана еді, енді орнымызды бізден кейінгі буын басқалы отыр. Бұл да болса біздің тәуелсіз Қазақстанымызға кірпіш болып қаланып жатқанымыздың белгісіндей. Қай кезде де Отанға деген ыстық сезім баршамыздың қанымызда тулап жатуы тиіс. Бүгінгі Отан қорғаушылар күні Қазақстан сарбаздарын айтулы төл мерекелерімен құттықтап, әскери борыштарын абыроймен атқаруға ниеттестігімді білдіремін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры қашанда биік болғай. Біржан ҚАНТӨРЕЕВ, №6506 ішкі әскер бөлімінің қатардағы жауынгері. ШЫМКЕНТ.