Жамбыл облысын ұзақ басқарған Бөрібай Жексембин қызметінен кеткен кезде орнын (2009 жылдың қарашасы) Қанат Бозымбаев алмастырды. Жаңа келген әкімді мақтағандар да, даттағандар да аз болған жоқ. Алғашқылары танымай жатып табынатындар ғой. «Салмақты екен, көп іс тындырады» деп ә дегеннен жалаулата мақтай жөнелсе, кейінгілері «ашуы бұрқ-бұрқ, сөзі дүңк-дүңк» екен деп жақтырмаған кейіп танытты. Енді біреулер «қазақ тіліне шорқақ» дегенді алға тартып жатты.
Бір күні Қанат Бозымбаев облыс зиялыларымен кездеседі. Сол басқосуда белгілі қаламгерлердің бірі: «Сіз оңтүстік өңірге келдіңіз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жаққа ат басын бұрған соң қазақша сөйлеуге тиіссіз!», дейді. Сынға сол жерде лезде үн қатқан жаңа әкім еш ойланбастан: «Мен сіздермен алты айдан кейін қазақша айтысатын боламын», деп жауап береді. Уақыт өте келе Бозымбаев жиналыстарды қазақша өткізіп, қазақ тілін бір кісідей меңгеріп алды. Бір сөзбен айтқанда сөзінде тұрды.
Қанат Бозымбаев ұзын-сонар жиналыстардан аулақ жүрді. Бар мәселені қысқа-нұсқа шешуге тырысты, сөзге емес, іске бейімдігін көрсетті. Жиырма жылдай уақыт сөз болған, бірақ ешбір әкім көшіре алмаған қаланың қақ ортасындағы орталық базарды көшірді. Әрине, мүдделі топтың адамдары митинг ұйымдастырды, дау шығарды, ультиматум қойды. Бірақ, олардың бәрін сабырға шақырып, шаһардың орталығында хатталып жатқан тарихтың аршылуына алғаш үлес қосты.
Ұзақ уақыт әңгімесі бітпей келе жатқан орталық мешіт маңындағы медресе құрылысын аяқтауға сөз берді. Сөз беріп өзгеретіндер аз емес. Бірақ, Бозымбаев сөзінде тұрып, айтқанын орындады. Бір жиналыста «Елде әр жылдың атауы болады. Біз осы жылды «облыстағы жол жылы» деп атайық», деді Бозымбаев. Сөйтті де көне шаһардың тоз-тозы шыққан талай көшелерінің шұрық-тесік жолын қалпына келтірді. Кей әкімдер сияқты автобусқа мініп суретке түскен жоқ, шайтанарба айдамады. Үндемей жүріп үлкен істер бітірді.
Заманауи спорт кешені Таразда мүлде жоқ болатын. Әкім мұны да дер уақытында байқады. Сөйтті де халықаралық стандартқа сай келетін «Тараз Арена» спорт кешенінің бой көтеруіне күш салды. Сол кезде облыстың спорт саласында жүргендер: «Тараз Аренаның құрылысы бітпей, Бозымбаев кетіп қалмаса екен» дегенін талай есіттік. Бір сөзбен айтсақ, Бозымбаевтың тұсында көптеген аурухана салынды, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Әйтеуір, ұйқыға кеткен Әулиеата жері қайта оянғандай болды.
Қанат Бозымбаевтың тұсында Жамбыл спортының рухы көтерілді. Қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирінің де негізін Бозымбаев қалады. Одан бөлек Олимпиада ойындарынан тыс қалғалы тұрған еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаровқа қолдау көрсетіп, Лондонға баруына тікелей ықпал етті.
Медалімнің жартысы - Бозымбаевтікі
«Маған Қанат Алдабергенұлы қатты көмектесті. Медальдің жартысы сол кісінің еңбегі десем, қателеспеймін. Ақиқатын айтсам, Леонид Спиридонов додаға бір апта қалғанша салмақ тастап отырды. Мен салмақ қуып жүргендіктен көрген жоқпын. Бірақ бір кісілер «Лондон Олимпиадасына бір апта қалғанша Спиридонов салмақ қуды» деп айтады. Сонда біреулердің ойында «Ақжүректі бір күні болмаса, бір күні лақтырып жібереміз» деген ой болған ғой.
16 килограмм салмақ қуып, қан қысымың көтеріліп жүрген кезде сенімен бірге бәсекелесің де салмақ тастап, қасыңдағы үстелде тамақтанып отырғанын көресің. Содан шыдай алмай кеттім де Қанат Алдабергенұлына қоңырау шалып, жағдайды айттым. Ол кісі шақыртып, әкімдікте күтіп алды. Қоңырау шалатын жерлерге қоңырау шалды. Абыройы бар адам ғой.
Тұтқаның арғы жағындағы адамдар сұраған болуы керек. Тіпті «Ол медаль бермейді. Қатардағы қапшық» деп те айтқан шығар. Қанат Алдабергенұлы: «Ақжүрек, қандай медаль аласың? Айтшы, мен мына кісілерге айтамын қазір», деді.
«Алтын медаль беремін», дедім. Тұтқаның арғы жағындағылар рахаттанып күлді. Сөйтіп алтын алам дегеніммен, бұйырғаны қола жүлде болды. Орталық алаңға кешігіп келдім. Бармаймын дегенмін. «Ол кісіге алтын алам деп уәде бергем. Алдына қалай барамын. Ұят емес пе?» дедім. Сонда әкімдіктегі кісілер келіп: «Олай деме, ол кісі шақыртып жатыр. Белдесулеріңнің бәрін өзі көрді. Әділетсіздік орын алғанын біледі. Жүр», деп алып келді. Орталық алаңда тұрған кезде Қанат Алдабергенұлы: «Ақжүрек, жарайсың! Сөз бердің, уәдеңде тұрдың. Болды. Мен саған разымын», деп қолымды қысты».
Бұл – еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың сөзі. Расында Бозымбаевтың тұсында Жамбылда көп өзгеріс болды. Әрине, жақсы жағынан. Алматы облысына әкім болып тағайындалған Бозымбаев бұған дейін екі өңірді басқарды. Тәжірибесі жеткілікті. Ердің жасы елуден енді асқан ол әлі шау тарта қойған жоқ қой. Жаңа идеяларымен Жетісу жұртын қуанта жатар...