28 Ақпан, 2014

Сулы жайылым – нулы

632 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында аталған негізгі мұраттардың бірі агроөнеркәсіп кешенін инновациялық жолға салуды қамтамасыз ету болып табылады. Осыған байланысты біздің еліміз­дің аграрлық секторы үлкен өзге­рістер алдында тұр. Мұндағы бас­ты мақсат – халқымыздың тұтыну қажетін өтей алатын тиімді аграрлық жүйе құру және әлемдік рынокта лайықты орын алу. Осындай асуларды игеру үшін мемлекет елдің азық-түлік тәуелсіздігіне және ауылдық аумақтарды қарқынды дамытуға жол ашатын өзара байланысқан кешенді шараларды қарастырды. Мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіп кешені үшін аса маңызды сала болып қала береді. Қазақстан бүгінгі күні өзін құс етінен басқа мал өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады. Оның үстіне мал шаруашылығының үлесі қарыштап өсу үстінде. Тек қана 2012 жыл қорытындылары бойынша бұл салада өсімдік шаруашылығына қарағанда өндірілген өнім әлдеқайда көп. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі алғаш рет осындай көрсеткішке жетті. Мұндай жақсы үрдіс аграрлық секторды кешенді және тепе-тең дамытудағы тұрақтылықты көрсетеді. Жайылымды суландыру мал шаруа­шылығына игі әсер ететін маңыз­д­ы фактор болып табылады. Мен Қазақстандағы жайылымдарды суландыру мәселесінің экономикалық және технологиялық жайларымен қырық жылдан астам уақыттан бері айналысып жүрген ғалыммын. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы бұл салада орын алған проблемаларды саралап, оларды тиімді шешу жолдарын ерекше салмақтап қарастыратыны қуантады. Мәселен, өткен жылы «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы қабылданып, соңғы жылдары алғаш рет жайылым­дарды суландыруға байланысты мәселені шешу республикалық деңгейде көтерілді. Бұл біздің еліміздің аумағында жайылымдар мен ауылшаруашылық жерлеріндегі мал азығын арттыруға кепіл болады. Сөйтіп, ет өндіру бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстары комитетінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 15 пайызы үнемді пайдаланылмайды. Осының салдарынан шабындықтар мен жайылымдарды түбегейлі және жоғары деңгейде жақсартуға жеткілікті қаржы бөлінбеді. Бұл жайылымдар өнімділігінің төмендеп, азып-тозуына соқтырды. Қазіргі таңда 125 миллион гектар жайылым суландырылмаған және пайдаланылмайды. Бұдан басқа, елді мекендердің айналасындағы 20 миллион гектар жайылым үнемді пайдаланылмағандықтан азып-тозып кетті. Осыған байланысты мал жаю үшін бұрынғы қашықтағы жайылымдарды айналымға енгізу қарастырылуда. Шалғай жайылымдар инфрақұрылымын құру шаралары алынбақ. Осылайша, 2013-2020 жылдары шамамен 4000 шахталық және түтікті құдықты салу және қалпына келтіру арқылы 32 миллион гектардан астам жайылым жерде ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы іс-шараларды атқару үшін 2014 жылдан бастап оларға жұмсалатын шығындардың 80 пайызына дейін инвестициялық субсидиялау тетіктері енгізілетін болады. Қоршаған орта және су ресурс­тары министрлігіне су ресурстарын басқару өкілеттігі беріліп, ауыл шаруашылығы мұқтажы, соның ішінде мал шаруашылығы үшін гидротехникалық құрылыстар салуға және қайта жарақтандыруға мемлекеттік инвестициялар қарастыратын су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізеді. Мал азығы өндірісін дамытуды жандандырудың келесі механизмдерінің бірі алқаптарды әртараптандыру болып табылады. Осы орайда едәуір алға жылжу бар. 2013 жылы азық дақылдары 3,1 миллион гектар алқапқа орналастырылды. Бұл 2012 жылға қарағанда 10 пайызға көп (сүрлем дақылдары – 88,7 мың гектар, бір жылдық шөп – 490,5 мың гектар, бұрынғы жылдар егісін есепке ала отырып, көп жылдық шөп 2,5 миллион гектар алқапқа орналастырылады). Болашақта мал азығы дақылдарының екпе алқаптарын 8,8 миллион гектарға жеткізу жоспарлануда. Осының негі­зінде тыңайған және құнарсыз жерлерді игеруде түбегейлі шаралар жүргізіледі. Ғалым ретінде, менің көзқарасым бойынша, біздің жағдайымызда ауыл шаруашылығын өңірлік маман­дандыруға, сонымен бірге, жайылым жерлерді кешенді пайдалануға, суармалы және суарылмайтын жерлерді аралас пайдалануға, түрлі өсімдік түрлерін жасау арқылы биомелиорацияны дамытуға, ылғалды аз жұтатын дақылдарды бел­сен­ді пайдалануға, биологиялық іс-шара­ларға ерекше назар аудару қажет. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында басқа ел­дер­дегі сумен қамтамасыз етудің озық тәжірибелерін мұқият зерделеуге айрықша назар аударып, агроөнеркәсіп секторында ылғал сақтау технологиясына кешенді түрде көшуді тапсырғанын атап өтуіміз керек. Халықаралық тәжірибеге назар аударып көрелік. Мәселен, аумағының жартысынан астамы қуаң дала болып жатқан Израильдің шөлейт жерде ауылшаруашылық өндірісін дамытуда аса бай тәжірибесі бар. Өлі теңіз бен Қызыл теңіздің Эйлат құйылымы аралығындағы аридизацияның зардабынан шөлге айналған Араваның жіңішке алқабында Израиль оқымыстылары мен фермерлері өте тиімді зерттеу және эксперименттік ауылшаруашылық жобаларын жүзеге асыруда. Арава шөлі ауа-райы ыстық, жауын-шашыны төмен (жылына шамамен 30 мм) және күн радиациясы жоғары аймақта орналасқан. Алайда, соған қарамастан, осы аумақта ауыл шаруашылығы кенті және Эйн-Хацева жеке фермасы жұмыс істейді. Қазір мұнда көкөніс пен жеміс-жидек жайқала өсіп тұр. Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жылғы 23 қаңтарда «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде мынадай міндеттерді алға қойды: құдықтарды қалпына келтіру және салу, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын жаңғырту. Міне, осы міндеттер үдесінен шығу үшін мынадай түйіндерді шешуге назар аудару қажет. Қазір, еліміздегі жайылым алқаптарының басым көпшілігін заңды және жеке тұлғалар ұзақ мерзімге жалға алып қойған. Олардың біразы ауыл шаруашылығында жұмыс істемейді, қосалқы жалға беруді пайдаланады. Немесе ол алқаптар бос жатыр, бекітілген жайылым алқабында су да, мал да болмағандықтан пайдаға жарамайды. Бұдан басқа, тәжірибеден көріп жүргеніміздей, жайылым иелері де, оны пайдаланушылар да жайылым жағдайын жақсартып, оны сақтауға қаржы қарастырмайды. Жайылымды сақтаудың негізі – жайылым ауыстыруда, жайылым айналымында, оның өнімділігін көтеруге бағытталған жайылым жүйесін пайдалану және күтуде. Кей жағдайда жайылымдарды пайдалану ережесі сақталмағандықтан олар жарамсыз болып қалады. Сондықтан, мұндай жайылымдарда жайылым айналымын енгізу жолымен үнемді пайдалану тәсілдерін, яғни оны пайдалану маусымын кезекпен жүргізіп, кезең-кезеңмен демалдырып отыру қажет. Шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер, агроқұрылымдар жайылымды түбегейлі жақсарту үшін жылдар бойынша жұмыс көлемін анықтап, жайылым алқаптарын кезекпен пайдалануды жолға қоюы тиіс. Осыған орай, біз пайдаланылмайтын жайылымдар мен шабындықтарды қоса алғанда, жайылым жерлерін үнемсіз пайдалану, оларды қосалқы шаруашылықтарға беру деректерін белгілеп, заңнамалық үдерістерді белсенді қолдануды, жайылым иелерінің жайылымдарға, сол сияқты олардың қолда бар инфрақұрылымдарына күтім жасау жауапкершілігін қарастыруды ұсынамыз. Бұдан басқа, жайылымдарды суландыру шараларына бюджет қаржысын мақсатты түрде бөлумен бірге мемлекет-жекеменшік әріптестігі құралдарын пайдалануды ойластыру кажет. Жайылымды суландыруға байланысты көптеген түйіндердің орын алу себебі ғылыми зерттеулерге негізделген, жайылым алқаптарын басқару негізін айқындайтын нормативтік-құқықтық базаның қарастырылмағанынан деп түсінеміз. Құқықтық тетіктер ар­қылы осындай жерге климаттық, антропогендік, техникалық және басқа жолдармен әсер етуіне байланысты орынсыз тәуекелді неғұрлым азайтқан болар еді. Демек, жайылымды суландыру түйіндерін шешу үшін ірі оқымыстылар мен тәжірибелі мамандарды тарта отырып, ғылыми зерттеулер жүйесін жаңарту қажет. Ірі шаруашылықтарда өздерінің ғылыми зертханаларын ашқан дұрыс болар еді. Ғылым мен тәжірибе өзара бірлесе іс-қимыл жасағанда ғана өте пайдалы жемісін берері сөзсіз. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында, соның ішінде жайылымдарды тиімді пайдалануда бұрын-соңды қалыптасқан дағдылар мен әлемдік озық тәжірибелерді ұштастыра білсек, ен байтақ даламыздағы жайылымдар сулы әрі нулы алқаптарға айналып, мал шаруашылығы жаңа заманға сай даму жолына түсері анық. Мұратбек ҚАСЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Өңірлік экономиканы ғылыми-зерттеу орталығының директоры. ТАРАЗ.