Жас келсе – іске
Ол Тәшкендегі Орта Азия бойынша политехникалық білім беретін ең үлкен оқу орнының инженер-энергетика факультетін тәмамдады. Жоғары оқу орнын бітірісімен Шымкенттегі ең ірі «Южказэнерго» мекемесіне арнайы жолдамамен келіп, инженер, аға инженер, аға мастер, энергетикалық тәртіп қызметінің бастығы, орталық диспечерлік қызмет бастығының орынбасары секілді қызмет сатыларына тез өсіп отырды. Болашағына қажетті өте бай тәжірибе жинақтады.
1969 жылы Қазақ КСР Энергетика министрлігінің Қазақстан энергожүйесін Орталықтандырылған бір басқармаға біріктіру туралы бұйрығы шықты. Бұл – Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Целиноград, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары аумағындағы энергетикалық жүйелерді бір орталықтан басқару дегенге саятын. Министрдің орынбасары Атабақ Арыстанов жаңадан ұйымдасқан Орталықты Қалық Абдуллаевтың басқаруын жөн көріп, жоғарғы басшылыққа ұсыныс жасаған кезде жас та болса іскерлігімен көзге түсіп үлгерген оны бір ауыздан қолдап, «Біріккен диспечерлік басқарманың» бөлім бастығы етіп тағайындады. Әрине, жаңа істі бастап кету оңай болған жоқ, әуелі ол республиканың 9 аймағындағы жылу электр стансалары мен шағын стансаларды түгел аралап шықты. Республика энергетика саласының жаңа бағдарламасын жасады, оны Мәскеуде сәтті қорғады.
1974 жылы министрлік тағы да Абдуллаевқа қолқа салды. Бұл жолы ол «Южказэнерго» басқармасына бас инженер, төрт жылдан кейін осы мекеменің бастығы болды. Он мыңға жуық жұмысшысы бар мекемені бұған дейін бөгде ұлттың өкілдері басқарып келген болатын. Ал Қалық Абдуллаұлы бірінші қазақ басшы еді. Ол жоғары білімді қазақ жастарын басшылыққа тартты, қамқор болды.
«Южказэнергоның» қарамағына Жамбыл, Шымкент, Қызылорда аймағының энергетика жүйесі түгел қарайтын. Енді Абдуллаевтың алдында оңтүстік аймақтың энергетикалық жүйесін қайта жарақтандыру және жақсарту міндеті тұрды. Ол үш облыстың барлық аудан-ауылын түгел аралап шықты, жағдайды көзбен көрді. Нәтижесінде, қуаты 1 миллион 200 мың киловаттық Жамбыл электрстансасын салып, Жамбыл – Фрунзе – Шымкент – Алматыға дейін кернеуі 500 киловаттық электр желісі тартылды. Ауыл мен селоларды былай қойғанда, шалғайда жатқан шопандар үйіне дейін электр желісі жетті.
Бетбұрыс кезеңі
1982 жыл Қалық Абдуллаев үшін үлкен бетбұрыс кезеңі болды. Шымкентте сол жылдың маусым айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өндіріс ұйымдары мен кәсіпорындар партия ұйымдары хатшыларының республикалық Кеңесі өтті. Осы жолы Назарбаев арнайы «Южказэнергоға» барып танысты, басшысы Абдуллаевпен біраз әңгімелесті. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ оны Алматыға шақырып, кандидатурасын Қазақстан Энергетика министрінің бірінші орынбасарлығына ұсынып отырғанын, бұл жөнінде Орталық Комитеттің бюро мүшелері де келісетінін айтты. Сол күні Абдуллаев Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімов пен екінші хатшы С.Мирошхиннің қабылдауында болды. Әсіресе, Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болуы жас Қалыққа қатты әсер етті. Беделді басшының алдынан жаңа күш, қуат алғандай серпіліспен шықты.
Абдуллаевқа республика тарапынан басты тапсырма жұмысы біраз баяулап тұрған Екібастұз ГРЭС-1 құрылысын аяқтау болды. Ол Кеңес Одағы бойынша алып жобалардың бірі болған Екібастұз ГРЭС-1 құрылысының басы-қасында табан аудармай төрт жыл жүріп, абыроймен аяқтады. «Екібастұздай алып құрылыста қолтаңбамның қалғанына тағдырыма ризамын» деп отыратын Қалекең.
Қалық Абдуллаұлының қай істе болсын абыройы арта берді, беделі бекем бола түсті. Соның арқасында 1986 жылы қайта құру басталған тұста Абдуллаевтай абыройлы, беделді, тәжірибесі мол, іскер басшылар ауадай қажет бола бастады. Тағы да оған 1986 жылы республика басшылығы сенім артып, Қазақ КСР Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындады.
Осындай жауапты қызметтердің ортасында жүріп ол бәріне уақыт тапты, үлгерді. Қалық Абдуллаев кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, КОКП ОК Қоғамдық ғылымдар Академиясын, сондай-ақ Мәскеу қаласындағы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын тәмамдады. Сондықтан оның Қазақстан Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуы әбден заңды еді. Шын мәнінде Қалық Абдуллаұлының тәжірибесі қайта құру, егемен Қазақстанның қалыптасуы жылдарында ерекше қажет болды. Көп ұзамай ол Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономика комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл жұмысты да лайықты атқарды.
Кеңес Одағында билік басына Михаил Горбачев келген соң елде қайта құру басталды. Қиыншылықтар болды. КСРО-дай алып елдің қарамағында болған 15 республика өз саясатын дербес жүргізуге ұмтылды. Бұл бәріне ортақ Одақтық шарт жасауға әкелді. Қазақстанның мүддесін қорғайтын топ құруды және оны басқаруды тағы да Н.Назарбаев талай тапсырмасын мүлтіксіз орындап келген Қалық Абдуллаевқа жүктеді. Топ құрамында депутат З.Федотова мен белгілі заңгер С.Сартаев болды. 1990 жылдың 20 маусымында Мәскеуде ресми өкілдердің алғашқы жиыны өтті. Бірінші отырыста-ақ Қалық Абдуллаев Одақтық шарт бойынша федерацияның құрамына егемен ел болып енуіміз керек және барлық республика жауапкершілікті тең алуы қажет» деген Н.Назарбаевтың ұстанымын берік ұстанды. Алайда Одақтық шарт өміршең болмады, қарсыластар шыға бастады. Олар бұл Кеңес Одағының құлауына әкеледі деп қорықты. Жаңа шартқа қол қоюға бірнеше күн қалғанда, оппозициялық күш реформалық саясатқа қарсы шығып, 1991 жылдың 19 тамыз күні төңкеріс жасады. Мәскеудегі тамыз төңкерісінен кейін алып мемлекет құлады, Кеңес Одағы келмеске кетті.
«Ғасыр жобасын» жасауға қатысқан
Қандай бір қиын істің басы-қасында жүрсе де, тығырықтан жол тауып, бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, ақырында істі нәтижелі аяқтайтын Абдуллаевқа бұл жолы да Нұрсұлтан Әбішұлы сенді. Ол – Қазақстан мен америкалық «Шеврон» мұнай корпорациясының арасындағы келісімшарт талаптарын жасау болды. Бұрын-соңды мұндай келісімшарт жасау мемлекет дәстүрінде болмағандықтан Абдуллаев бастаған топқа оңайға түскен жоқ. Олар шетелдің мықты деген заңгерлері мен банк қызметкерлерінің ақыл-кеңесіне тәуелді болды. Олармен жылға жуық жұмыс істеп, келісімшарттың шарттарын жасап, екі жақтың да талап-тілектері қатаң түрде ескерілді.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Кеңестер Одағы атынан «Теңіз» мұнай кешені мен «Шеврон» мұнай корпорациясы арасында келісімшарттың жүріп жатқанына үш-төрт жыл болған. «Жер біздікі, мұнай біздікі, олай болса біз неге шет қаламыз, бұл әділетсіздік. Келісімшарт ендігі жерде Қазақстан мен «Шеврон» мұнай корпорациясы арасында жүретін болады» деген Н.Назарбаевтың табанды, тіптен тегеурінді әрекетінің арқасында бұрынғы шарттың бәрі бұзылып, жаңадан шарт жасауды талап етті және мақсатына жетті. Келісімшартты жасауға қатысқан Қалық Абдуллаев бастаған топ мүшелері мұнайдан түсетін табыстың басым көпшілігі Қазақстан үлесіне тиесілі болуына күш салды. Солай болды да. Мұны әлем баспасөзі «Ғасыр шарты» деп бағалап, жазып жатты.
Осы шарттың арқасында елімізге үлкен инвестиция келді. Бұл шарттың біздің ел үшін екі пайдасы болды. Біріншісі, нақты инвестиция келіп мұнай саласы, кен орындары игеріле бастады. Екіншіден, шетелдіктердің біздің елге деген сенімі артты.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол!»
1997 жылдың желтоқсан айында Президент Назарбаевтың Жарлығымен Қалық Абдуллаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Абдуллаев өзі бір кездері еңбек жолын бастаған оңтүстік аймаққа басшы болып келгенде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тым ауыр еді. Бюджеттік ұйым мекемелері айлап жалақы алмады. Зейнеткерлердің зейнетақыға қолы жетпеді. Әлеуметтік жәрдемақы төленбеді. Дүкендерде азық-түлік тапшылығы орын алды. Жарық жиі сөнді. Қала тұрғындарына жылу берілмеді. Тұрғындар сыртқа от жағып, тамақ пісірді. Облыс бойынша салықтан түсетін түсім бар-жоғы 50 пайыз, ал аудандарда 30-40 пайыз деңгейінде болды. Қалық Абдуллаев қалыптасқан күрделі жағдайды түсіне отырып, арнайы штаб құрды. Ол келгеннен кейін екі-үш ай өткен соң жағдай біртіндеп жақсарды. Облыс тұрғындары тұрақты түрде айлығы мен зейнетақысын және жәрдемақысын алды. Аймаққа инвестиция келе бастады. Салық түсімі бойынша ең соңғы орында тұрған Оңтүстік Қазақстан облысы алдыңғы үштікке ілінді. Айналдырған үш айдың ішінде облыстық бюджетке түсім 85 пайызға жетті. Қалаға жылу тұрақты беріле бастады. Қалық Абдуллаев оңтүстік халқын шағын және орта бизнес саласының дамуына жағдай жасады. Жеңілдікпен несиелер берілді. Ол шын мәнінде халыққа жақын болды. Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне әрлеу-жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Алға басқан «Атакент»
Алматы қаласының Тимирязов пен Әуезов көшесінің жоғары жағындағы «Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесі» (ВДНХ) деп аталатын көрнекті орынды аға буын өкілдері ұмыта қоймаған болар. 1992 жылдың 17 тамызында Министрлер кабинетінің қаулысымен осы мекеме «Қазақстан іскерлік және ынтымақтастық орталығы» болып қайта құрылды. Мұнда халықаралық компаниялармен іскерлік кездесулер мен ірі көрмелер өтті. Дәл осы мекемені Қалық Абдуллаев басқарды. Қалық Абдуллаұлы аталған орталықты «Атакент» деп атап, қайта жаңғыртты. Іскерлік орталық құрды. Мұнда Батыс елдерінің ірі халықаралық көрмесі өте бастады. Нарықтық экономикаға бет алған тұста бұл өте керек еді. Абдуллаев әлемнің іскер, танымал беделді компанияларын тарту үшін ең алдымен «Атакентте» орналасқан нысан, ғимараттарды заманауи үлгімен қайта салды. Іші-сыртын қайта жарақтандырды. Жаңадан павильондар құрды. Қалық Абдуллаевтың ерен еңбегінің арқасында 1993 жылы алғаш рет халықаралық бірінші көрме өтті. Төрт күн бойы шетелден келген ресми өкілдер еліміздің мұнай және газ саласымен танысты. Көрмеге Батыстың және әлемнің озық технологиялары қойылды. 1994 жылы «Құрылыс, құрылыс материалдары және жабдықтар» және «Мұнайгаз» көрмесі өтті. Қ.Абдуллаев айналасы екі-үш жылдың ішінде «Атакентті» алға бастырды.
Иә, қашан да қордаланған мәселені шешіп, басқарушылық қызметте абырой биігіне шыққан азамат ұмытылмайды ғой. Бұған тағы бір мысал, 2006 жылы Энергетика министрі Қалық ағаға тағы бір қызмет ұсынды, ол Шокин атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институтының басшылығы еді. Расы керек, құрамында 600-дей ғылыми қызметкері болған институт өте ауыр жағдайды бастан кешіріп жатқан болатын. Ол алты айдың ішінде институттың ондаған ғылыми лабораториясы мен орталығын іске қосты, мамандар қайтадан жұмысқа келе бастады. Абдуллаевтың мықты менеджерлік, ұйымдастырушылық қырының арқасында институт шетелдік орталықтармен байланысқа шығып, жұмысын нығайтты.
Қашанда абырой биігінде болған Қалық Абдуллаұлы Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық халық депутаттары Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, сондай-ақ ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы болды, Президенттің кеңесшісі қызметін атқарды. «Құрмет», «Парасат» орденімен, тағы басқа медальдармен марапатталды.
Қалық аға Абдуллаұлы халық үшін «Қазаққа болсын!» деп қызмет етті. Олай болса оның есімі, жарқын істері елдің жадында сақталатыны анық.
Бақытжан Жақсымбетов,
заң ғылымдарының кандидаты