Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл шығарманың құдіреті неде деп ойлайсыз? Бұл – балалық шақтың мөлдір баяны, туған жерге деген тағзым, соғысқа айтқан лағнет, жетім көңілдің жанайқайы, жер бетінде ауыл жұртына жат жетімхана деген үйдің барлығы, кіршіксіз бала көңілдердің бір-біріне деген етжақындығы. Бас кейіпкер өспірім Аян осының бәрін басынан кешеді. Қияндағы Ешкіөлмес шоқысы осылай әркімнің есінде қалды.
Ал шеберлік ше, шеберлік? Шығарманың орындалуы деген міндет бар емес пе? Қаламгер көзімен көрген балалық шақ елестерін прозаның қарапайым тәсілі – бірінші жақтан баяндап, бірде жаныңды ауыртып, бірде кіп-кішкентай қуанышқа бөлей отырып, жүрегіңді лүпіл қақтырып, алға жетелейді, кітаптан бас алмай шұқшиғанда өмір сүрсем деген бір сарын өнбойыңды қуалап кетеді. Бізде бұрыннан бар бұл тақырып («Сыр балаларынан» «Дети Арбатаға» дейін) шебер прозашының қаламы арқылы көркемдік шешімін тапты. Аян қазақы ауылдан жетімханаға аттанды. Шығарып салған достары жетімхана дегенді «әкесінің үйі» деп ойлап тұр. Жоқ, олай емес, ол – соғыс салған жараның сыздаған орны, мұңлықтар мекені. Ата-анасы болса, Аян да Жусантөбені тастап кетпес еді. «Жусан иісі» әлі күнге мұрнымызға келеді, сол жылдар прозасы сөз бола қалса, қызыл тіліміздің ұшында осы хикаят кілт-кілт етіп тұрады.
Ал енді Сайынның шығармалары (көкейімізде «Жабайы алма», «Көкорай», «Отау үй» де тұр) әлемнің алты тіліне аударылған қазақ прозасының антологиясына енбей қалыпты, содан көлденең көк аттының күштеуімен ғана қосылыпты дегенді естігенде жағамызды ұстадық. Қазақ прозасының табалдырығын 70-жылдардың аяғы, 80-жылдардың басында аттап, Бердібек Соқпақбаевтың батасымен «Арман қанатынданың» тұңғыш кітабына енген Т.Мәмесейіт, Т.Сәукетай, С.Асылбек, Н.Ақыш, Қ.Жиенбай, Д.Әшімхан, С.Байхонов, Ж.Әлмаш және өзім «антология ауылынан шетқақпай қалдық» деп бұртиып жүргенде, проза кеңесінің төрағасы ретінде сұрау салған әлгілерге басу айттым. «Сайын енсе, шетелдіктер «Жусан иісімен» демалса, сол бізге жетпей ме? Сайын енбей қалса қайтер едіңдер?» деп көңілдерін көтеріп қойдым.
«Жәмила» – «Жусан иісінен» бұрын жазылды. Мәскеу Әдебиет институтына оқуға келген Шыңғыс Айтматов христиан атаулы өлердей қорқатын 13-бөлмеге тұрақтап, осы «Жәмиланы» өмірге әкелді. Оған ұлы Мұхтар Әуезов оң батасын беріп, әдебиет әлеміне жол ашты, француз Луи Арагон таңғалып, «махаббат туралы керемет шығармаға» Еуропа оқырманы бас қойды. «Жәмила» бірінші жақтан баяндалған махаббат хикаяты. Осы хикаят жарыққа шыққаннан кейін қазақ пен қырғыз «Жәмила» десе ішкен асын жерге қоятын болды, Жәмила есімін алған бұраңбел қыздар көбейді, Данияр есімдес алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіттер сап түзеді. Мұсылманшылықтың жіңішке жолын қиып өтті деп кінә артса-дағы Жәмила махаббат символына айналды, махаббат дегеннің дінге де, ділге де мойын бұрмас, ешқандай тосқауылға шыдас бермес құдіретті күш екенін мойындатты. Бұл – Толстой сомдаған Анна Каренина да емес, Набоков сомдаған Лолита да емес, мұсылманға тән ибалы махаббат, арнасына жеткенде пәренжені сыпырып тастаған шын сезім болып әдебиетке енді. Бұл, бір жағынан, адамзатты сыңарынан айырған соғысқа айтылған лағнет, екінші жақтан, сүйген жүрек шыдамсыз, бақытты болу үшін бәріне төзу керек деген лейтмотив. Жәмила малға сатылған мұсылман қызы емес, ол – өз сезімі мен сенімі жолында басын бәйгеге тіккен төмен етек.
Ал осы қырғыз ағайындар «Жәмила» десе, Айтматов десе, ішкен асын жерге қояды, Айтматов есімі атала қалса, жайбарақат «ырлап» отырып-ақ орындарынан ұшып тұрады. Екі жыл бұрын Қазақ ПЕНклубы өткізген Азия жазушылары форумында мінбеге шыққан қол басындай қырғыз қыз «Біз Айтматовсыз жетімсіреп жүрміз, аруақты бір сәт орнымыздан тұрып еске алайық» деп, тапал жапон, қысық көз қытай мен күлімсіреген кәрісті орындарынан жұлып алды. Қазақ пен қырғыз онсыз да атқан оқтай болып аяқтарынан тік тұр.
Қазір қырғыздарда «Жәмила» атауын алған эстетикалық клубтардан көз тұнады, «Даниярдың әні» атты фестиваль күнтізбеге енгелі қашан. «Жусан иісі» де «Жәмиладан» кейін көп ұзамай-ақ өмірге келді, ол да ұлтының жоғын жоқтаған, соғыс пен жетімдікке лағнет айтқан көркем туынды болып есте қалды. Біз неге кейіпкер Аянды алақанға салып әлдилемейміз, Сайын салған «Арлы-берлі жолмен» (шығарма атауы) неге ойқастап жүрмейміз, неге «Жусан иісі» деп атаулы әдеби мерекелер өткізбейміз?
Биыл Мәскеудің «Литгазетасы» «Гогольдің шинелінен шыққандар» («Из гоголевской шинели») деген мақала жариялады. Тағы да Гоголь атындағы әдеби сыйлықтың жеңімпаздары «бізді көрдіңдер ме?» деп жайраңдап, жарқырап тұр. Олар жыл сайын «Шинель» атауын алған дәстүрлі проза конкурсын өткізеді. Біз де «Жусан иісі» деп прозашыларды сайысқа түсірсек қайтер еді? Жусан жарықтық ащы болғанмен, қолда бар қара қойдың сүйсініп жейтін шөбі, «Жусан иісі» – мәңгілік шығарма емес пе?
«Шинельдің» құдіреті неде? «Шинельдің құдіреті» – Гогольдің құдіреті. ХІХ ғасырда жазылған «Шинельдің» «мемлекеттік қаулы-қарарлар өлі күйде жатыр» деген бір сөйлемі бүкіл орыс жұртын шошытпап па еді. «Қарағай табытқа тапсырыс бер, емен табыт оған қымбатқа түседі» деп өліге де қадір-құрметті қимаған, өмірінде бір ғана лауазым – «статский советниктің» шинелін киген Акакий Акакевичті қалай ұмытарсың. Бұл – шинель кигеніне мәз болған «кішкентай адамның» өлмес бейнесі. Ол да бір күні о дүниелік болып, Петербург Башмакинсіз қалды, өлімін де ел-жұрты кеш естіді. Өлімнен ешкім де қашып құтыла алмайды, тіршіліктегі пенделікті жұрт өлім үстінде бетке басады, «өліге жаман сөз жүрмейді» бізде ғана бар жоралғы, кәпірлер кесіп айтады. «Шинель» – орыс реалистік прозасының ұлы үлгісі, Гоголь болса, лауреат емес, ол – «Шинель»-дің авторы.
Соңғы кездері орыс қауымы Нобель сыйлығын беруде Швед Академиясы дәстүрді бұзды деп шулап жүр. Бунин, Шолохов, Пастернак, Солженицын, Бродский алған сыйлықты Милан театрының майрампазы Дарио Фо да алды деп намыстан жарылардай болып, бөстекі сөздің аузын буған қанардың кендір жібі шорт үзіліп, сөз дегенің ақтарылып қалды. «Бұл Швед академиясының өз ісіне деген мәдени-тұрмыстық сенімсіз көзқарасы» деп айқай салғанда, тау жаңғырықты. Дарио Фоны лауреат қылған әлеуметтік драма жанрындағы «Анархистің өлімі» деген кітабы. Мұнда Италиядағы коррупция жеріне жеткізе әшкерленеді, Италья жұрты бұған дән риза. Дегенмен, оның қаламгерлігінен гөрі әтеш болып шақырған майрампаздығы елге мәлім. Ұзын бойлы, қоңқақ мұрын, қызыл бет, шалт қимылды адамның суретін көрсе, жұрттың езуі ыржияды, актер-қаламгердің әдеби туындысынан гөрі майрампаздығын мойындайтын орыс жұрты Нобель сыйлығы соның қоржынына ауырлық етпей ме деп көңіл назын айтады.
Иә, Айтматов 35 жасында Лениндік сыйлықты алды, ал Сайын шау тартып, аузына су тамызып, барып-келіп жатқанда өз елінің мемлекеттік сыйлығын иемденгенін естігенде дірілдеген қолын баяу ғана бір сермепті дейді. Қаламгер татымды шығарма жазбаса сыйлық дегенің шарадай басқа батпандай бақ болып қона ма? Заман өзгерсе де дәстүр өзгермеуі керек еді. «Бұғанасы қатпаған» азиатқа «Жәмила» жазылмаса Лениндік сыйлықты кім әкеп берер еді, «Шинель» десе, шашын оңға қарай сыпыра қайырып, күлімсіреп тұрған Гоголь кескіні көз алдымызға келеді. Италиялықтар қызыл бет майрампаз Дарионы дәріптеуден жалықпаса, «Жусан иісі» біздің гүрс-гүрс снаряд жарылған жерімізде әлі бұрқырап тұрған жоқ па? Айтпақшы, реализмге қол сермеп кетіп, модерн мен постмодерннің жағасын жыртып жүрген шабандоздарды біз неге конкурс өткізіп, «Жусан иісі» жарысына шақырмаймыз? Ащы шөптің тәтті дәміне қолда қалған қара қой сүйсіне бас қойса, сол Сайын жазған жусаннан кейінгілер неге дәм татпасқа?
«Қазақ тілінің сөздігі» бүй дейді: «Жусан. Ащы дәмді көкшіл бозғылт түсті аласа шөп». С.Мұратбеков шығармасының ақыры: «Жазға салым Жусантөбе жақтан қоңыр салқын самал еседі. Ашқылтым иіс аңқиды. Жусанның иісі. Сонда есіме Аян түседі. Шынында да бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса, Жусантөбеге бір оралмауы қалай? Жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой».
Аян – осылай соғыс деген зұлматқа лағнет айтып, ауылдан жетімханаға жол тартып кеткен мәңгілік бала бейне.
Жусан ащы да болса тұщы.
Өмірде ащы мен тұщы қақтығысып, қатар жүретін заңдылық бар емес пе?
Қуандық Түменбай,
Жазушы