Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауында Қазақстанның 30 жоғары дамыған елдерінің қатарына кіруін басты стратегиялық міндет ретінде атап өтті, ал бұл – индустриялы дамыған держава ретіндегі әлемдік сахнаға тікелей шығу жолы. Экономикалық дамыған елдер үшін де мұндай дәрежеге жетуге бірнеше ғасырлардың қажет болғандығын ескере отырып, Мемлекет басшысының бұл күрделі жоспарлары қысқа мерзім ішінде жүзеге асар ма екен? Әсілі тек алғашында ғана әлемдік экономикалық элитаға Қазақстанның көрсетілген мерзім ішінде кіруі мүмкін еместей көрінеді. Тайвань және Сингапур және ең алдымен оңтүстіккореялық «айдаһар» мысалынан көз жеткізгеніміздей, экономикалық «ғажайып» бұл астракция емес, қолжетімді құбылыс.
Ғылыми қамтымдылығы жоғары өндіріс деңгейінің күн санап артуы көптеген экономикасы дамыған елдердің сипатты белгісі болып табылады. Жоғары дамыған Жапонияның өзі де болашақта мемлекет үшін маңызды индустриялы құрылымды қалыптастыруға бағытталған өнеркәсіп саласына араласу саясатын жүргізді. Ғылыми сыйымды және жоғары технологиялар бүгінгі таңда АҚШ-та жұмысбастылық өсімінің 85 пайызын құраса, ал Ұлыбританияда бұл көрсеткіш – 89, Жапонияда – 90%. Мемлекет басшысының өз Жолдауында экономиканың ғылыми сыйымды саласын дамытуға ерекше назар аударуы тегін емес. Тек «ақылды экономика» ғана Қазақстанға әлемдік экономикалық жүйеге көбірек интеграциялану бағытында дамуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы ғылыми сыйымдылығы жоғары салалар – машина жасау, химиялық, микробиологиялық өнеркәсіп, атом энергетикасы және т.б. Соңғы жылдары университет ғылымының өнеркәсіппен ұштасуы орын алуда, нәтижесінде университеттік-өнеркәсіптік орталықтар, зерттеу консорциумдары құрылып және табысты жұмыс істеуде, біріккен зерттеу жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда 400-ден аса ғылыми-зерттеу ұйымдары, орталықтары мен ғылыми ұлттық зертханалар, венчурлық қорлар мен конструкторлық бюролар жұмыс жасайды.
Кәсіпкерлік сектордағы ғылым – бұл ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарына (ҒЗТКЖ) жұмсалатын қаражат көлемі және ондағы ғалымдар мен мамандар саны бойынша ең ірі сектор. Қазіргі таңда Қазақстанда ҒЗТКЖ қаржыландыру үшін арнайы қор құрылған. Ғалымдардың пікірінше, ғылыми-техникалық басымдықтарды қалыптастыру кезінде ұлттық экономиканың қажеттіліктерін ескеру қажет. Қазақстандық экономика үшін өзіндік жеке кластерлерді дамыту аса қиын емес, мысалы, дәрілік өсімдіктер, химиялық реагенттер өндірісі бойынша немесе қара металдан аз салмақты өнімдер өндірісін жетілдіру.
Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1%-ын ғылыми-техникалық және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға аудару міндеттелді (әлемдік тәжірибеде келісімшарт сомасынан 2,5-4%). Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, «экономиканың ғылыми сыйымды моделін ендіру – шикізаттық емес өнімнің қазақстандық экспорттық потенциалындағы үлесін 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді». Валюталық түсімдердің негізгі көзі ретіндегі аталып өткен салалардың жаңартылуын қарастыратын экспортқа бағытталған өңдеуші салаларды, ғылыми сыйымды өндірістерді дамыту мақсатында жасалуы тиіс. Мұндай қайта бағыттау айтарлықтай қиын, сондықтан Қазақстан шаруашылығының әлемдік шаруашылықпен сәйкессіздігін жеңу жолдарын іздестіру қажет, сонымен бірге, қатаң бәсекелестікті жеңе отырып, өнімді халықаралық деңгейдегі бәсекелестікке жеткізу міндет.
Қазақстан үшін құрылымдық қайта құру тәжірибесі, инфляцияны ауыздықтау және өнім көлемінің жалпы өсуі өте маңызды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында 2014 жылы ІЖӨ-нің 6-7% өсуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың нәтижесі бойынша жан басына шаққандағы ІЖӨ 14,5 мың доллардан кем болмауы қажет. Аталған тапсырманы орындау әбден мүмкін міндет және нақты секторды біртіндеп дамытуды ғылыми сыйымдылығы жоғары (ғылым мен техниканың алдыңғы қатарлы жетістіктерін пайдалана отырып өнім өндіретін экономиканың салалары) және еңбек сыйымдылығы жоғары салаларды ынталандырудан бастау керек. Бұл аталған салалар салынған қаражаттардың тез айналымымен сипатталады және негізінен ауыл шаруашылығының шикізатын пайдаланады, жоғары біліктілікті және күрделі технологияларды қажет етпейді.
Бастысы, елдің индустриялық-инновациялық дамуы үшін әрдайым мемлекет тарапынан қолдау қажет. Қазіргі жағдайда, менің ойымша, ғылымға қажетті шығындардың бірқатар бөлігін мемлекет өз мойнына алуы тиіс, себебі, жеке сектор ғылымды толықтай қаржыландыру функциясын өз мойнына ала алмайды – бұл өндіріс шығындарының ұлғаюына алып келеді, нәтижесінде пайда азаяды. Бұл мәселені өз сөзінде Мемлекет басшысы да атап өтті.
Бүгінгі таңдағы нақты жағдайлар мен стратегиялық перспективаларды ескере отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының жалпы мақсаттарына негізделген Президент Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңінің бастамасы болып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан Үкіметі мен халқы саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды тұрақты және нақты жүзеге асыруда. Халықтың өмір сүру деңгейі өсіп келеді, Қазақстанның халықаралық беделі артуда.
Бауыржан ЖҮНІСОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті
экономика факультетінің деканы, профессор.