Аймақтар • 25 Қараша, 2021

Мағзұм Мырзағалиев Шымкент қаласындағы кәсіпорындарды аралады

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Шымкент қаласына арнайы іссапармен келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мағзұм Мырзағалиев Шымкент қаласындағы кәсіпорындарды аралады

«Hill Corporation» ЖШС болған Мағзұм Маратұлы кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бүгінде өндіріс орнында майлау материалдары шығуда. Бұл бағытта озық технологиялар мен сапалы шикізат пайдаланылып келеді. Жалпы сомасы 3,3 млрд теңге болатын жоба қуаттылығына сәйкес жылына 72 мың тонна майлау материалдарын өндіреді. Дайын өнімдерді Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Иран, Ресей, Украина және басқа да елдерге экспорттау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Мағзұм Мырзағалиев «Шымкент Химия Компаниясы» ЖШС болып, метил-трет-бутил эфирін өндіретін зауыт салу жобасымен танысты. Мұнда К4 және К5 экологиялық сыныптарындағы бензин өндіруді жалғастыру үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытынан октан арттыратын қоспаларға қажетті метил-трет-бутил эфирі өндірісі ұйымдастырылмақ. Жалпы құны 13,7 млрд теңге болатын жоба бойынша 650 астам тұрғын жұмысмен қамтылады деп күтілуде. Мағзұм Мырзағалиев «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС болып, мұнай өңдеу зауытының өндірістік көрсеткіштер жоспарын орындау және өндірістік қуатын кеңейту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

«Бүгінгі күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты еліміздегі тұрақты жұмыс істеп келе жатқан бірден бір кәсіпорын. Біз бүгін өндіріс орнының қуаттылығын арттыру мақсатындағы алдағы жұмыс жоспарын талқылаймыз», деді ҚР Энергетика министрі.

Жиында Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын арттыру мәселесін зерттеу бағытындағы жұмыстар жан жақты талқыланды. Мамандар жұмыс жоспарымен таныстырып, күтілетін нәтижелерді айтып өтті. Сонымен қатар, мұнай өңдеу зауытын кеңейту кезінде мұнайды тасымалдауды қамтамасыз ету шаралары қарастырылды. Кеңес қорытындысы бойынша министр зауыттың қайта өңдеу қуаттылығын ұлғайтудың техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеуге қазірден бастап кірісу керектігін айтты. Сондай-ақ, «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС өңдеу қуаттылығын кеңейтудің барлық кезеңдерінің мерзімдерін оңтайландыру керектігін тапсырды. Құмкөл және Ақтөбе кен орындары тобында мұнай өндірудің төмендеуі аясында жеткізілетін мұнайдың қолайлы сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың орындалуын ерекше бақылауға алу керектігіне тоқталды.