«Мақсатымыз анық. Алдағы апталарда коалициялық келісімді аяқтауымыз керек. Өйткені кейбір мәселеде пікіріміз ортақ болып, тез уағдаластық», деді Социал-демократтардың бас хатшысы Ларс Клингбейл.
Л.Клингбейлдің пікірін оның әріптестері де қостап отыр. Журналистерге сұхбат берген FDP өкілі Волкер Виссинг келіссөздің сәтті жүріп жатқанын жеткізген. Оның айтуынша, партиялар келесі аптада қалған мәселелерді пысықтап, біржола келісімге келуі тиіс.
Сондай-ақ «Жасылдар» партиясының өкілі Майкл Келлнер үш партияның конструктивті және жақсы атмосферада келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда мәмілеге келу үшін 300-ге жуық саясаткер 22 жұмыс тобына бөлініп, қазанның ортасынан бері жұмыс істеп келеді.
Мәміле жасалғаннан кейін оны әр партия өздерінің жалпы жиынында талқылайды. «Жасылдар» партияның барлық мүшесімен кеңесуді жоспарлап отыр. SDP 4 желтоқсанға кезектен тыс партиялық конференция белгіледі. Жиын кезінде коалицияны қабылдау-қабылдамау мәселесі қаралады. FDP бұл құжатты 5 желтоқсанда өтетін жиында талқыламақ.
Мұның бәрі Олаф Шольц үшін оңтайлы болмақ. Өйткені ол 6 желтоқсанға, яғни Әулие Николай күніне дейін үш партияның басын қосып, ортақ мәмілеге келуге уәде берген-тұғын. Ендеше, Олаф мырзаның келесі канцлер атануға мүмкіндігі мол.
Естеріңізде болса, қыркүйекте Германияда парламенттік сайлау өткен болатын. Дауыс санау нәтижесі бойынша солшыл бағыттағы Социал-демократиялық партия (SDP) жеңіске жетті (25,7%). Бұған дейін билікте басым дауысқа ие болып келген Христиан-демократиялық одағы (CDU) екінші орынға тұрақтады. Екінші орындағы Христиан-демократиялық партиясын халықтың 24,1 пайызы қолдаған. Осылайша, 16 жыл бойы бундестагта көпшілік мандатты иеленіп келген CDU жеңіліске ұшырады.
Үшінші орын «Жасылдар» партиясына бұйырды. Олардың еншісіне бюллетеньдердің 14,8 пайызы тиесілі. Бұған дейінгі сайлау нәтижесіне қарағанда аталған партия көбірек дауыс жинады. Сөйтіп, бундестагтағы мандат санын екі есеге көбейте алды. Бұл – неміс халқының қоршаған ортаға алаңдай бастағанын көрсетеді.
Бұған дейін Христиан-демократиялық одағы мен Социал-демократиялық партия коалиция құрып, парламентті басқарған еді. Ол кездері CDU сайлауда озық шығатын. Оның үстіне партияны Ангела Меркель басқарды. «Немістердің анасы» атанған оның ел ішіндегі беделі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан SDP үшін Христиан-демократиялық одағымен коалиция құру тиімді болатын.
Енді бәрі өзгерді. Біріншіден, Социал-демократиялық партия сайлауда жеңіске жетті. Иә, айырмашылық үлкен емес. Бірақ бундестагты басқаруда бұл үлкен рөл ойнайтыны түсінікті. Партияның жетекшісі Олаф Шольцтің халық арасында беделі жоғары. Бертінге дейін ол Германияның вице-канцлері, қаржы министрі қызметін атқарды.
Екіншіден, елді 16 жыл басқарған Ангела Меркель сайлауға қатысқан жоқ. Әрине, кімге болсын Бундесканцлер ғана емес, бүкіл Еуропаның канцлері саналатын Ангела Меркельдің орнын басу қиын.
Жалпы, Германиядағы парламент сайлауы басқа елдерден өзгеше. Таяуда енгізілген жаңа жүйе бойынша электорат бір бюллетень арқылы екі дауыс беру құқығына ие. Әуелі жергілікті өкілді сайласа, екіншісі арқылы үкіметті құратын партияға дауыс береді. Бірінші дауыс беру арқылы аймақтардан сайланған 299 үміткер бундестаг депутаты атанады.
Электораттың екінші дауысымен сайланған партияның үлесі арқылы парламенттің қалған мүшелері анықталады. Мысалы, бір партияға халықтың 30 пайызы екінші дауысын берсе, онда сол партияның үкіметтегі орын саны 30 пайызға тең болуға тиіс. Сондықтан әр сайлауда бундестаг мүшелерінің саны өзгеріп отырады. (Қазіргі 19-шы Парламентте 709 депутат бар).
Сайлау аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде үкімет мүшелерінің жасырын дауыс беруі арқылы жаңа канцлер анықталады. Бәрі сәтті өтсе, Германия президенті оны тағайындау жөнінде жарлық шығарады. Осылайша, жаңа канцлер қызметіне кіріседі.
Әзірге ресми түрде Ангела Меркель толық қызметінен кетіп, оның орнын Олаф Шольц баспаса да, ол канцлерлік міндетке білек сыбанып кірісіп кетті. Таяуда ол бундестаг отырысында парламент мүшелерін елдегі эпидемиялық ахуалға қатысты батыл шешім қабылдауға шақырды.
Қазіргі таңда Германияда коронавирус індеті қайта өршіді. Robert Koch институты таратқан мәліметке сүйенсек, 11 қарашада вирус жұқтырғандар саны 50 мыңнан асып кетті. Ал 18 қарашада науқастар саны 64 мың адамға жетті. Бұған дейін қауіпті дерттің тырнағына ілінгендер мұншалықты көп тіркелген емес еді. Сондықтан О.Шольц қоғамдық орындарда бетпердені
міндетті түрде кию, тестілеуді ұлғайту, шектеу шараларын күшейтуді сұрап отыр. «Халық вакцина салу мүмкіндігін пайдаланған жоқ. Германия мұндай міндетті ережелерден бас тарта алмайды», деді ол бундестагта сөйлеген сөзінде.
О.Шольцтің айтуынша, екпе алуға қарсылардың жүргендер арасында жарнамалауды жалғастыра беру керек. Сонымен қатар екпе салдырушылар санатына кіретіндердің бәрін вакцинамен қамтамасыз етіп, тегін тестілеуді қайта енгізуге үндеді.
Германияның ауруларды бақылау агенттігінің хабарлауынша, коронавирустың таралуын азайту үшін түбегейлі шаралар қабылданбаса, Рождество кезінде жағдай ушығып кетеді.
Роберт Кох институтының басшысы Лотар Вилер осы бастан шара қолданылғанымен, вирус жұқтырғандар саны қазіргіден де көбейетінін мәлімдеді. Сондықтан елді ауыр кезең күтіп тұр.
Партиялар келіссөзі кезінде коронавирустан басқа да талқылануға тиіс мәселелер жетерлік. Мәселен, коалиция жаһандық жылынуға қатысты нақты саясат ұстануы тиіс. Атап айтқанда, таза энергетикалық инфрақұрылымға инвестиция салу, жанар-жағармаймен жүретін көліктерінен бас тарту және көмір өндіруді тоқтату секілді мәселелер күн тәртібінен түспейді.
Бұған дейін үш партия да бұл мақсатқа жетуді ортақ міндетіміз деп санайтынын жеткізген еді. Сондай-ақ көмір өндірісін тоқтатуды межелі мерзімнен сегіз жыл бұрын, яғни 2030 жылы жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бірақ партиялар арасында қарама-қайшылық тудыратын бір мәселе бар. «Жасылдар» партиясы климаттың өзгеруіне ықпал ететін өндірістерге субсидия беруді тоқтатуға үндеп жүр. Алайда FDP бұған ниетті емес.
Салық және мемлекеттік қарыз да партиялардың бас қатыратын даулы мәселесінің бірі. Өткен айда тараптар «қарызды тежеу» шарасын ұстанатынын мәлімдеген. Соған сәйкес мемлекеттік қарызды өтеу кезінде бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 0,35 пайызынан аспауға тиіс.
Партиялар сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселесін естен шығарған емес. Рас, сайлау науқаны кезінде бұған аса назар сала қойған жоқ. Өйткені партиялар электораттардың дауысын жинау үшін әлеуметтік мәселелерге бас ауыртуы қажет еді. Енді, сыртқы саясатты да ойланатын кез жетті.
Бұл тұрғыда Германияда түйткілдер жеткілікті. Мәселен, «Солтүстік ағын – 2» жобасы қашан іске қосылмақ? Қытайға қатысты немістер қандай саясат ұстануға тиіс? Еуропалық одақтың ынтымақтастығын кеңейту, қару-жарақ экспортын шектеу саясатын жүргізу, заңды көші-қон секілді мәселелер де назардан тыс қалмақ емес.
Қызу талқыланатын тағы бір мәселе – уранды байыту. Яғни Германия атом энергиясын өндіре ме, әлде АЭС салу жоспарынан түбегейлі бас тарта ма? Оқтұмсықтарды тастауға қабілетті жаңа ұшақтар сатып алу қажет пе? Өйткені Германияның ядролық бомбалаушы ұшақтары тозып барады. Ал тура жон арқасы – Калининградта Ресейдің базасы тұр. Сондай-ақ НАТО-мен әріптестік кезінде басымдық берілетін мәселелер де маңызды.
Қорыта айтқанда, Германия үкіметін жасақтайтын партиялар үшін дәл қазір тағдыршешті кезең болмақ. Алдағы екі апта көлемінде ел үшін маңызды шешімдер қабылданады.