Елорда • 27 Қараша, 2021

Елордада Ұлттық мектеп пікірсайыс турнирі басталды

752 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін 27 қарашада Оқушылар сарайында Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ұлттық мектеп пікірсайыс турнирінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада Ұлттық мектеп пікірсайыс турнирі басталды

Пікірсайыс білім беру технологиясы ретінде жастардың әлеуетін, әсіресе мектеп жасында, сондай-ақ жаңа буын көшбасшыларының өсуіне ықпал етеді. Соңғы 15 жылда елімізде ұлттық деңгейде оффлайн форматта оқушылар арасында пікірсайыс турнирлері өткізілген жоқ.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының бастамасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен мектеп пікірсайыс турнирі өтуде.

Турнирге 34 команда қатысады. Олар өз өңірлерінде өткен іріктеу ойындарында жеңіске жетіп, 40 мыңнан астам оқушы арасында үздік атанған. Өңірлердің намысын тек облыс орталықтарынан ғана емес, шағын қалалардан, елді мекендерден, тіпті ауылдардан шыққан командалар қорғайды. Бұл пікірсайыс қозғалысының бүкіл республика бойынша дамуын айғақтайды.

Жас спикерлер американдық парламенттік формат ережелері бойынша үкімет пен оппозиция командалары болып, турнирдің жалпы тақырыбы – ел мен қоғамның қалыптасуының 30 жылдық жолына стратегиялық және жан-жақты көзқарасты талқылайды.

Турнирдің ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы сөз сөйледі.

«Пікірсайыс – бұл нәтижесінде сізді үлкен жеңістерге жетелейтін шағын қадамдар. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінен келген білімді және қабілетті оқушылары елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына жиналды. Біз турнирға қатысушы оқушылар оң өзгерістердің болашақ менеджерлері болады деп сенеміз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы жастарымыздың әлеуетін дамыту мен жан-жақты ашу үшін мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қалады», деді Әлкей Марғұланұлы.

Ашылу салтанатына «Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, ҚР БҒМ РҚББОӘО директоры Раиса Шер, «R4 Technology & Research Center» білім беру-зерттеу орталығының директоры Айдын Тусюбжанов және басқа қоғам қайраткерлері қатысты.