Қазақстан • 27 Қараша, 2021

Курчатовта АЭС салынуы мүмкін

905 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы іс жүзінде Қазақстандағы атом ғылымын дамыту орталығы. Бұл қала өзінің әлеуетінің арқасында заманауи технологиялық жобаларды енгізу үшін маңызды алаң бола алмақ.

Курчатовта АЭС салынуы мүмкін

Мұнда қажетті ғылыми әлеует пен іскер мамандар бар. Өйткені қалада Ұлттық Ядролық Орталық жұмыс істейді. Оның қызметінің негізгі бағыты – ядролық қару сынақтарының салдарын жою және атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық база құру болып табылады. Әлемнің қолданыстағы полигондарында ядролық қару сынақтарын бақылау да басты назарда.

Айта кету керек, әлемдегі ең ірі ядролық полигонның құрылысы 1947 жылы басталды. Оның жалпы ауданы 18,5 мың шаршы шақырым еді. КСРО-дағы ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылы 29 тамызда осы полигонда жасалды. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Семей полигоны 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. Содан бері ҚР Ұлттық Ядролық Орталығы Елбасының бастамасымен құрылып, айтулы жұмыс істеп келеді.

Бүгінде ғалым Эрлан Батырбеков басқарып отырған ҚР Ұлттық Ядролық Орталығының  қауіпсіз атом энергетикасы саласындағы зерттеулерінің табысты дамуы Еуропа, АҚШ, Жапония және Үндістанның жетекші халықаралық ғылыми орталықтарының қызығушылығын тудырып отыр. Ұлттық Ядролық Орталықта Курчатовтың экономикалық белсенді халқының шамамен 30 пайызы жұмыс істейді. Жақында Курчатов қаласына сапарында облыс әкімі Даниал Ахметов  осындағы ғылым саласындағы қызметкерлерге алдағы уақытта жағдай жасалынатындығын да айтқан болатын.

1

Курчатов қаласының әкімі Алексей Глазинскийдің айтуынша, бұл қала  Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы үшін ең қолайлы алаң ретінде бірнеше рет қарастырылған. Өйткені, Курчатов ең жоғары қауіпсіздік пен тиімділік деңгейіндегі жобаларды қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай-ақ Владивостокта өткен Шығыс экономикалық форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға атом станциясы қажет болғандықтан, АЭС салу мәселесін егжей-тегжейлі қарастыратын уақыт келді, деп мәлімдеген болатын.

– Бұл мәселе Қазақстанда бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда алдағы онжылдықта электр энергиясының тапшылығы болуы мүмкін. Сондықтан, Президенттің айтуынша, республика атом энергетикасына мұқтаж, - деді әкім Алексей Глазинский.

Мемлекеттік қызметші ретінде емес, Курчатов қаласының қарапайым тұрғыны ретінде өз пікірімді айтқым келеді. Егер біздің қаламызды Қазақстандағы бірінші АЭС құрылысы үшін орталық ретінде таңдаса, бұл қалаға екінші өмірге дем беріп, бизнес, құрылыс, қызмет көрсету саласын дамытуға мүмкіндік берер еді. Курчатов қаласына жаңа халықты тартар еді. Сондай-ақ, қаланы және жалпы Шығыс Қазақстанды экономикалық дамуына серпін берер еді.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше жыл бұрын республиканың энергетикалық картасын зерттеу және өнеркәсіпті дамытудың ықтимал перспективалары бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазақстанда АЭС құрылысын негіздеу үшін техникалық-экономикалық зерттеулер қарастырылды. АЭС салу мүмкіндігі үшін Курчатов, Ақтау және Балқаш қалалары сынға түсті. Сарапшылар бұл алаңдарға МАГАТЭ-нің арнайы шкаласы бойынша баға берді. Нәтижесінде Курчатовтың өз аумағында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу мүмкіндігі басқа үміткер қалаларға қарағанда жоғары болды.

 

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
Курчатов