Бүгінгі таңда интеграциялық үдерістер әлемдегі қозғалтқыш күштердің біріне айналды. Мұндай ғаламдану кезеңінде ұлттық қауіпсіздік, оның ішінде шекаралық қауіпсіздік мәселесі маңызды рөл атқаратындығы айтпаса да түсінікті. Түрлі саладағы өзара қарым-қатынас, түсіністік пен іс-қимыл шекаралық ынтымақтастықтың негізін қалап, жаңа сатыға көтеруде. Бұл – қазақстандық шекарашыларға жаңа міндеттер жүктеп отырғандығы сөзсіз. Осы орайда Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Шекара қауіпсіздігі – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі» деп айтқан сөзі еске оралады.
Елбасымыз Ресей, Қытай, Орталық Азия және Еуроодақ елдерімен серіктестік қатынастарды дамыту, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістікті қолдауды сыртқы саясаттағы басымдықтар қатарында атап келеді. Оның ішінде еліміз үшін маңызды мәселелерді ортақ келісім арқылы шешу қажеттігін айрықша атап отыр.
Шекара қызметінің басты міндеттерінің қатарына мемлекеттік шекара және бақылау-өткізу бекеттеріндегі режімді қамтамасыз ету, мемлекеттік шекара туралы халықаралық келісімдерден туындайтын міндеттемелерді, оның ішінде делимитациялау, демаркациялау және редемаркациялау туралы міндеттемелерді орындауға қатысу, еліміздің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласына қатысты міндеттерді шешу, мемлекеттік шекарада мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға атсалысу, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып қоршаған ортаны және миграциялық заңдылықтарды сақтауды қосуға болады.
Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі бойынша өзіне жүктелген міндеттерді атқара отырып, Шекара қызметі, сонымен қатар, ТМД елдерінің, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарының жұмысына да белсене атсалысуда. Бұл орайда, Шекара қызметі алыс және жақын мемлекеттердің шекаралық ведомстволарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тиісті іс-қимыл тетіктерін жүзеге асыруда. Халықаралық ұйымдар аясындағы көпсатылы ынтымақтастық деңгейі әлемдік қауіп-қатерді еліміздің сыртқы шебінде ауыздықтауға мүмкіндік туғызды. Оның ішінде шекараны күзету бойынша халықаралық келісімдер қабылдау, өзара жедел ақпарат алмасу, әскери-техникалық салада ынтымақтастық орнату, шекарада болатын жағдайларды шұғыл реттеу үшін шекаралық өкілдіктер ашу секілді мәселелер шешімін тауып келеді. Заңсыз көші-қон, есірткі саудасы, тауарларды, қару-жарақтарды өткізуді болдырмау мақсатында бірнеше мемлекеттердің құқық қорғау органдарының бірлесе отырып шекаралық іс-шаралар өткізуі дәстүрге айналды.
Мемлекет басшысы шекарашылардың материалдық-техникалық базасының толыққанды болуын әрдайым назарынан тыс қалдырған емес. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде ұлан-ғайыр шекараны қорғауға қажетті қаржы-қаражат пен керек-жарақтар жеткілікті түрде бөлінуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Нұрлан Жоламановтың сөзіне қарағанда, Қазақстан шекарасы достық пен іскерлік қарым-қатынастар үрдісіне айналды.
Шекараны нығайту бойынша Кеден одағы қойған интеграциялық талаптар толығымен іске асырылуда. Бүгінгі таңда Қазақстан шекарасы дегеніміз – Кеден одағының да шекарасы. Шекарадан контрабанданың өтпеуіне жан-жақты тосқауыл қою күн тәртібінен түскен емес. Оңтүстіктегі шекарамызда инженерлік құрылғылар орнатылып, басқа да қажетті жұмыстар атқарылды. Өткен жылы қазіргі заман талаптарына сәйкес келетін 20-дан астам застава соғылып, пайдалануға берілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан күн-түн қатып қызмет атқарып жүрген шекарашыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше назарда. Ақтөбе облысының аумағында орналасқан «Жайсаң» (теміржол) бақылау-өткізу отрядының сарбаздарына бірнеше қызметтік пәтердің кілттері салтанатты жағдайда табысталды. Сондай-ақ, Өскемен және Павлодар қалаларында да осындай пәтерлер берілді. Шекарашыларды әлеуметтік қорғау шаралары алдағы кезде де жалғаса беретін болады. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес өткен жылдан бастап қызмет өтілі он жылға жетпейтін әскери қызметшілерге тұрғын үй жалдау үшін ақшалай өтемақы бөліне бастады.
Шекара қызметінің әскери бөлімдері жаңа техникалық құралдармен жабдықталуда. Мысалы, «Боралдай» әуе базасында әскери бөлімдерге салтанатты жағдайда жаңа автокөліктердің кілттері тапсырылды. Олардың ішінде шекарашылардың сенімді көлік құралдары саналатын «УАЗ» жол таңдамайтын машинасы, «Iveco» автобусы, «КамАЗ» жүк машинасы, шынжыр табанды көліктер және қаршаңғысы бар. Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған жылдамдығына көз ілеспейтін «FC-19» катерлері теңізге түсірілді. Техникалық жабдықтау мәселесінде шекара авиациясы да назардан тыс қалған емес. Мұның дәлелі ретінде өткен жылы 4 бірдей тікұшақтың сатып алынғандығын айтып өткен орынды. Аталған техникалардың барлығы күнделікті қызметте кеңінен пайдаланылуда.
Еліміздің экономикалық мүддесін қорғауда, интеграциялық үдерістердің кең қанат жаюына сай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ал тәуелсіз еліміздің шекарасының бір бөлігі Каспий теңізі арқылы өтетіндігі белгілі. Оны күзетуге үлкенді-кішілі әскери жүзу құралдары жұмылдырылуда. Шекара қызметі Бас штабы басқармасы бастығының орынбасары, 1 рангілі капитан Сабыр Хасановтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда теңіздегі шекарамызды 40-тан астам әскери кемелер күзетуде. Каспий жағалауы маңызды стратегиялық аймақтардың бірі болып табылады. Мұнда мұнай-газ, химия өнеркәсібі және балық саласына қатысты кәсіпорындар кеңінен дамыған. Каспий бірнеше мемлекетке ортақ су айдыны, достық теңізі деп те аталады. Сондықтан Каспий акваториясын, биоресурстарын қорғау саласында халықаралық біріккен іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бұған еліміздің көптеген ведомстволарымен қатар қазақстандық шекарашылар да белсене қатысуда. Соның ішінде, Шекара қызметінің құрамалары мен бөлімдері үшін браконьерлік іс-қимылдарды ауыздықтауға бағытталған халықаралық жедел-сауықтыру шараларына қатысу үйреншікті іске айналған. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Шекаралық әскерлер қолбасшылары кеңесінің шешімдерін орындау мақсатында бірлескен жедел-сауықтыру іс-шаралары да жыл сайын өткізілуде. Өткен жылдың аяғында іс-шараның екінші кезеңі табысты аяқталды. Оны қазақстандық шекарашылар ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып жүргізді. Кешенді іс-қимылдар нәтижесінде кемелер ұзақтығы 370 тәулікті құрайтын жүз реттен астам теңіз сапарына шығып, 23 000-нан астам миль жол жүрді. Тікұшақтардың көмегі де жиі қолданылды. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде радиолокациялық қамту жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде мемлекеттік шекараны бұзушылар ұсталып, заңсыз ауланған қымбат бағалы балық және балық өнімдері, жүздеген метр балық аулау құралдары тәркіленуде.
Мемлекеттік шекарадағы бақылау-өткізу бекеттері де еліміздің одан әрі дамуында маңызды рөл атқарып отыр. Туризм саласының қанат жаюы, жаңадан туристік бағыттардың ашылуы бақылау-өткізу бекеттерінің қуатын арттыруды, онда әлеуметтік құрылымдар салуды қажет етуде. Мемлекеттік шекарадағы жағдайдың жедел дамуына байланысты Шекаралық бақылау-өткізу бөлімшелерінің қызметі де белсенділікпен жүргізілуде. Халықаралық қатынастар жолында шекаралық өткізу-бақылау жұмысын ұйымдастыру, шекарадан өту тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді дайындап, бекіту жұмыстары өз уақтысында атқарылды. Бақылау-өткізу бекеттері арқылы былтырғы жылы ондаған миллион адам мен миллиондаған көлік құралдары өткізілді. Ал жалған құжат көрсетіп, шекара тәртібін бұзушыларды, оның ішінде шетел азаматтарын ұстау, оларды әкімшілік тәртіптік жазаға тарту жұмыстары күнделікті түрде атқарылып келеді. Шекарашылардың қырағылығы арқасында контрабанда, есірткілік заттар, қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, басқа да тыйым салынған материалдарды алып өтуге тосқауыл қойылуда.
Отан шебін сенімді күзету – мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі сөзсіз. Біздің елімізде білікті шекарашы мамандарды Шекара қызметінің академиясында дайындайды. Онда оқуға тілек білдірушілер де көптеп саналады. Орталық Азия аймағының бірқатар елдерінің мамандары да осы оқу ордасының қабырғасында дайындықтан өтеді. Мұның өзі оқу ордасының деңгейін байқататындығы сөзсіз.
Тәуелсіз еліміз алдына мерейлі меже қойып отыр, ол – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену. Мұндай меже шекарашылар сапында да зор қолдау тауып, әрбір сарбаз бұл міндетке қол жеткізу үшін өзінің еселі еңбегімен үлес қосуда. Театр киім ілгіштен басталатын болса, ал мемлекет шекарадан басталатындығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан да болар Отан шебіндегі күзетте жүрген шекарашыларымыздың биылғы жылғы ұраны «Мемлекеттік шекара – тәуелсіздігіміздің тірегі» деп қабылданыпты.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».