Әлем • 28 Қараша, 2021

Ұрланған жәдігерлер – көптің назарында

443 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өнер саласының көпжылдық тарихында ұрланған шедеврлер туралы деректер аз емес. Түрлі кезеңнен хабар беретін туындыларды көріп отырып олардың шығу тарихына мән бермейтін кездер жиі болады. Ал көптеген бағалы картиналардың соғыс кезінде ұрланып, оларды диктаторлар иемденіп, алғашқы иелерінен тартып алынғаны туралы айтыла бермейді.

Ұрланған жәдігерлер – көптің назарында

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Жақында Швейцарияның ірі көркем сурет мұражайларының бірі шығу тарихы күмәнді 90-ға жуық суретті халық назарына ұсыну­да деген хабар пайда болды. Соны­мен қатар Бенин қола туын­ды­лары­ның да Африканың бірқ­а­тар мем­ле­ке­ті­не қайтарылуы тиіс екені сөз бо­лып жүр. Өйткені тарихи дерек­тер, Бенин қола мүсіндері Ни­ге­рия, Кон­го Демократиялық Респуб­лика­сы сын­ды колониялды елдер­ден ұ­р­­ла­нып Бельгия, Германия, Бри­та­ния мұ­ра­жайы мен Нью-Йорк­те­гі Мет­ро­политен мұражайына қойылған.

Жақында Нью-Йорктегі Еврей мұра­жайында «Қолды болған өнер тари­хын қалпына келтіру» атты үл­кен көрме ұйымдастырылды. Іс-шара­да суреттермен қатар мәдени жәд­ігер­лер де жұртшылық назарына ұсынылды.

Көрмеде Пьер Боннар, Марк Шагал, Пол Сезанн, Анри Матисс, Камиль Писсаро сынды және басқа да еуропалық қылқалам шебер­лерінің туындылары қойылған. Тарих­шылар әр картинаның нацис­тік режімге қатысты тарихы барын айтады. «Бұлардың көбі ев­рей коллекционерлері мен суретші­лерінен тәркіленген. Өйткені туындылар Гитлердің тар көзқарасына сыймады. Картиналар сол кезде аман қалған материалдық заттар қатарында. Бұл жерде міндетті түрде терең ойға батасыз. Әр жәдігерде бұрынғы иесінің өкініші сақталған, мұны инстинкті түрде бәрібір сезе­сіз», дейді мұражай қызметкері.

Шынымен, әр жәдігердің шығу тарихынан бөлек жүріп өткен жолы, тағдыры бар. Алғашқы иесінен тәркіленгеннен кейін бірқатар диктатор мен қолбасшылар қолынан өткен туындылардың қолдан қолға берілуінің өзі бөлек тарих. Мәселен, осы көрмеде қойылған еврей сурет­шісі Федор Левенштейннің кубизм тәсілімен салынған картина­сының тарихына тоқталайық.

Картина алғашқы иесінен тәркіленгеннен кейін Париждегі Jeu de Paume галереясына жіберіледі. Бұл жер халық арасында «Азапталушылар бөлмесі» деп аталып кеткен. Өйткені неміс офицерлері көзіне түскен өнер туындыларын, ұрланған шедевлерді меншіктеп алды. Шенділерді қызық­тырмаған картиналар мен мүсіндер өртеліп отырған. Ал мына аталған (Федор Левенштейннің картинасы) картина ешкімнің көзіне түсіп, жаңа тұрақ таппаса да сол «бөлмеде» аман қалған аз жәдігердің бірі. Бұл туралы Роза Валланд баяндайды. Өнертанушы аталған «бөлмеге» түскен 20 мыңға жуық картина, жазбаны мұқият бақылап жүрген. Әскери режімнен кейін ұрланған өнер туындысын қайта қалпына келтіру кезінде ғалымның жазбалары көп көмек көрсеткен деседі.

Ғалымның мұнша еңбегіне қарамастан көп дүниені сақтап қалу мүмкін болмады. 1942 жылы түсірілген бөлменің ақ-қара суретінде Андре Дерен мен Клод Моне картиналарын байқай аламыз. Ал ол картиналарды іздестіру кезінде табу мүмкін болмады. Сарапшылар екі шедеврдің өртелгенін болжап отыр.

Көрмеге келушілер ескі заманның көркем туындыларына сүйсініп қана қоймай, бұрынғы иелерінің ауыр тағдырына да үңілсе деген мақсат бар. Кезінде осындай шедеврлерге иелік еткен отбасылардың оларға иелік етер ұрпағы жоқ, болса да бірең-сараң.

Әлемдік суретшілер картиналарымен қоса еврей отбасыларының фотосуреттері де мұражайда орын тапқан. Бұл суреттер нацистік шабуылға дейінгі орташа еврей отбасының тұрмысы туралы сыр шертеді. Нацистік шабуыл кезінде жасырын салынған картина, портреттер де бар. Олардың авторлары суреттерді нацистік лагерьлерде жүріп салып, тығып кеткен көрінеді.

Мұражайдағы шамдар, Тора беттері, Киддушқа арналған кеселер сынды еврей дәсүріндегі күнделікті тұтынатын заттар да келушілерге өзінше сыр айтатындай.

Нази лагерьлерінің бұрынғы қыз­мет­керлерінің сотталып жатқаны бәрімізге мәлім. Қатал режім мен автократия салдарынан ұрланған өнер туындыларын көптің назарына ұсыну, шыққан елдеріне қайтару сынды әрекеттер де адамзат тарихындағы белгілі бір этностарға жасалған қатігездікті мойындап, өмірден өткен қолбасшылардың қателігін түзету іспеттес.