Таяуда “Орал “Зенит” зауыты” АҚ жасап шығарған кезекті кеменің Шаған өзеніне түсірілу рәсімі болды.
Оған “Жеңіс” атауының берілуі де тегін емес. Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 65 жылдығы кеңінен тойланып отыр. Екіншіден, бұл – іргесі сонау соғыс жылдары қаланған “Зенит” зауыты ұжымының кезекті табысы, яғни “Барыс” сериясымен жасалған үшінші ұшқыр кеме. Қорғаныстық мақсатта құрылған аталмыш зауыттың ұлы Жеңіске қосқан үлесі аз емес. Сол үшін кезінде І-дәрежелі Отан соғысы орденімен де марапатталған. Сонымен қатар зауыт еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері кеме шығаруға маманданып келеді. Кемелердің алды Каспий теңізінде ел шекарасын күзетуде қызмет атқарып та жүр. Мұны салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атап өтті. Сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметі басшысы, генерал-майор Болат Қырғызбаевтың мәлім еткеніндей, Оралда жасалған катерлердің арқасында 200-ден аса шекара бұзушы ұсталған. 2015 жылға дейін зауытта тағы да бес үлкенді-кішілі катер құрастыру жоспарланып отыр. Демек, кеме құрастыру ісі дами бермек.
Темір ҚҰСАЙЫН.