Әлем • 29 Қараша, 2021

Сомалиде БҰҰ көлігіне шабуыл жасалды

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сомалиде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік көлігінің (кон­войының) жарылуы салдарынан кем дегенде 8 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды.

Сомалиде БҰҰ көлігіне шабуыл жасалды

«Аш-Шабаб» қарулы тобы Могадишоны дүр сілкіндірген көлік жарылысына қатысты жауапкершілікті өз мойнына алды. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында оқ атылған.

Сомали полициясының өкілі Абдифат Аден Хассан журналистерге әзірге 8 адамның қаза тапқаны анықталғанын хабарлады. Оның ай­туынша, жарақаттанғандар мен қаза тапқандардың саны артуы мүмкін. Сонымен қатар ол жарылғыш заттармен толтырылған жол талғамайтын көліктегі терроршының БҰҰ Қауіпсіздік конвойын нысанаға алғанын мәлімдеді.

Жедел жәрдем қызметі жарылыс салдарынан зардап шеккен 23 адамды эвакуациялады. БАҚ-тың хабарлауынша, халықаралық ұйым көлігі мектеп жанынан өтіп бара жатқан. Көлікте БҰҰ-ның қызметкері болғаны не болмағаны әзірге белгісіз.

БҰҰ шенеуніктері түсініктеме беру туралы сұрауларға бірден жауап берген жоқ.

«Аш-Шабаб» тобының әскери операциялар жөніндегі өкілі Абдиасис Әбу Мусаб шабуылды осы топтың содырлары жасағанын растады.

Могадишо орталығында орын алған жарылыстың қатты болғаны сонша, жақын маңдағы мектептің қабырғалары құлап қалған. Көшедегі ондаған көлікке зақым келген. Келесі көшедегі аурухана да күл-талқан болған. Мекеме қызметкері Мұхаммед Хусейн өзін құтқарушылардың құлаған шатырдың астынан алып шыққанын айтады.

«Біздің аурухана жермен жексен болды. Мекеме жанындағы мектептің де қабырғасы түгелдей құлады. Мұндай оқиғада 8 ғана адамның өлуі мүмкін емес. Жапа шеккендер саны көп деп ойлаймын. Алдымен жарылыс болды да, кейін оқ атылды», деді куәгер.

«Аш-Шабаб» – ұзақ жылдар бойы Сомалидің орталық үкіметімен күресіп келе жатқан топ. Қарулы топ ислам дінінің заңдарын үкімет жүйесіне енгізуді көздейді. Мұндай террористік шабуылдар аталған топтың алғашқы әрекеті емес.