Оқиға • 29 Қараша, 2021

Адам саудасы үшін іздеуде жүрген өзбекстандық елордадан ұсталды

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласынан адам саудасына қатысты айыпты болған Өзбекстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Адам саудасы үшін іздеуде жүрген өзбекстандық елордадан ұсталды

«Ұсталған ер адам 2014 жылы Өзбекстанның 6 азаматын жалақысы жоғары жұмысқа тұрғызуға уәде беріп Қазақстанға алып келеді. Айыпты Алматы қаласына жеткенде отандастарының төлқұжатын тартып алып, оларды басқа адамдарға тапсырады. Осылайша аталған 6 азамат 7 ай бойы қиын және ауыр жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болған. Сондай-ақ, ұсталған азаматтың 2015 жылы адам саудасы үшін Өзбекстан Республикасында 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды», делінген хабарламада.

Елордалық полиция департаментінің мәлімітіне сәйкес, өз елінде бас бостандығынан айрылған азамат 2019 жылы соттың шешімімен жазаның қалған бөлігін шартты түрде өтеу үшін босатылған.

«Мерзімінен бұрын босатылып, жазасын шартты түрде өтеп жүрген ер адам Қазақстан Республикасының аумағына қашып кетеді. Тиісінше оған Өзбекстанда іздеу жарияланады. Қазіргі уақытта сот шешімімен ер адам қамауға алынды, оны Өзбекстан Республикасына экстрадициялау мәселесі шешілуде», деп мәлімдеді департаменттен.

Айта кетейік, аталған күдікті елордада өтіп жатқан «Stop трафик» атты жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ұсталып отыр. Адам саудасына қатысты қылмыстың алдын алу, анықтау және ашу мақсатын көздеген профилактикалық шара Нұр-Сұлтан қаласында 22 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтеді.