Ірі кәсіпорындар мен алпауыт өндіріс орындары шоғырланған Тобыл өңірінің экономикасы қашанда тұрақты. Бірер жыл бұрын Арқалықтағы боксит кен өндірісі жабылып қалғанда, көпшілік қаланың ендігі келешегі қалай болар екен деген алаңдаушылық білдіріп еді. Арқалық аз уақыт ішінде еңсе тіктеп, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына бет бұрды.
Мәселен, Арқалық қаласында былтыр ашылған тері өңдеу зауыты өңірдің өңдеу саласына серпін берді. Қазірдің өзінде шағын шаһарда осы зауытқа шикізат дайындайтын тері қабылдау орны мен тігін цехы жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта мұндай шағын кәсіпорындардың қатарын көбейту жоспарланып отыр. Осылайша, бұған дейін ешкімге қажет болмай қоқысқа тасталатын тері кәдеге жарап, мал иелері мен оны өңдеуші кәсіпкерлердің табыс көзіне айналды.
Ұзақ жылдар қаңырап тұрған тері зауытының жұмыс істей бастағанына бір жылға жуықтады. Қазір мұнда 42 адам еңбек етеді. Қуаты айына 48 мың шаршы метр теріні өңдеуге жетеді. Зауыт жылына 27 мың шаршы метр тері өңдейді. Кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеуге көшу үшін 200 млн теңге жеңілдетілген несие алуға тапсырыс беріп қойыпты. Себебі өнімге сұраныс бар. Мұндағы тері өнімінің көбі шетелге экспортталады.
– Біз өнімдерімізді негізінен Ресей, Украина және Өзбекстан елдеріне жібереміз. Қазақстанның ішінде өте көп емес. Еліміздегі кәсіпорындар 13-ақ пайызын алады, – деді зауыт директоры Ержан Салихов.
Ал шикізат зауытқа облыс аумағындағы ет комбинаттары мен жеке тұрғындардан жиналады. Осы жұмысты бір ізге түсіру мақсатында жазда кәсіпорын жанынан тері қабылдау орны ашылды. Бұл жұмысты мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтып алған Қайрат Бекетаев қолға алыпты. Шағын кәсіпорында кәсіпкердің өзінен басқа тағы екі адам еңбек етеді. Кәсіпкер бір айда бес тоннаға дейін тері қабылдап, оны сұрыптап зауытқа өткізеді. Тері өңдеу зауытының басшылығы алдағы уақытта облыстың барлық аудандарына осындай тері қабылдау пункттерін ашуды көздеп отыр.
Арқалықта, мұның сыртында, қала әкімдігі, тері зауыты және жеке тұлғалардың үшжақты келісімімен шағын тігін цехы ашылды. Келісім нәтижесінде жобаға қатысушы әр адамға 583 мың теңге қайтарымсыз қаржы берілген. Бұл ақшаға олар екі тігін машинасы мен жұмысқа қажетті басқа да құрал-жабдықтарын сатып алыпты.
– Бұл жерде менен басқа 7 кәсіпкер жұмыс істейді. Әрқайсымыздың көмекшілеріміз бар. Тері зауытынан дайын өнім келеді. Содан қолғап, белдемше тігеміз. Бұл белдемшелер мен қолғаптар ыстыққа төзімді. Металл балқытушылар мен дәнекерлеушілерге арналған. Цехты шикізатпен қамтушы да, тапсырыс беруші де тері зауыты, – дейді тігінші Айгүл Сүйінова.
Ісмердің айтуынша, тігін цехы келешекте әскери аяқ киімдер мен спорт бұйымдарын шығаруды жоспарлап отыр.
Арқалықтағы Торғай кен өндірісі өз жұмысын тоқтатқаннан кейін басқарма жұмысшыларының біразы «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеру курстарынан өткен. Нәтижесінде, ТБКБ қызметкері Виктор Суровцев жөндеу жұмыстарымен айналысатын Аrqalyqremserviс серіктестігін ашып, 87 кеншіні жұмыспен қамтып отыр.
– Менің жобам ERG тарапынан қолдау тапты. Биыл құрылған Аrqalyqremservic ЖШС бүгінде тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Тек маған ғана емес, мұнда бұрынғы әріптестеріме де жұмыс табылды. ТБКБ жабылғанымен жұмысшылар әдеттегі жұмысын жалғастыра береді, – деді Виктор Суровцев.
Кәсіпкерге қолдау көрсеткен Еуразиялық топ жөндеу мехникалық жабдықтары учаскесінің негізгі ғимараты мен асханасын, сегіз техникасын Аrqalyqremservic ЖШС иелігіне қайтарымсыз бергенін де айта кеткен жөн.
Боксит кенішінің тағы бір қызметкері Жанат Киікбаев арнайы оқу курсын тәмамдаған соң, техникалық қызмет көрсету бекетін ашу үшін 5 млн теңге грант қаржысын ұтып алды.
Бұдан бөлек, былтыр Арқалық қаласында кеншілер үшін арнайы бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қаладағы 15 компания мен өзге өңірлердегі ERG кәсіпорындары жұмыссыз қалғандарға жаңа жұмыс орындарын ұсынған. Осының нәтижесінде 84 маман тұрақты жұмысқа орналасты.
Арқалықта биыл толық іске қосылған жаңа жылу орталығы да жылына 1,5 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұған дейін шағын шаһардың ескі қазандықтарына қымбат отын – мазут жағылатын. Ал жаңа орталық жылуды мазуттан бірнеше есе арзан көмірден өндіреді. Алайда бұл қаланың қазіргі ауқымына сәйкестендіріп жылу жүйесін толық жаңғыртудың бастамасы ғана. Жаңа орталықта дәл қазір қалаға жылу беріп тұрған екі су жылытқыш қазандығы және бір бу қазандығы бар. Олардың әрқайсында тәулігіне 60-70 тоннаға дейін көмір жанады.
Жаңа жылу орталығының жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Желтоқсан айының соңына дейін тағы екі бу қазандығы және турбогенератор іске қосылуға тиіс. Яғни электр қуаты да өндіріледі. Соның арқасында орталық тәулігіне 1 млн теңге үнемдейтін болады. Қазір қалаға жылу беру жұмыстарын жергілікті мамандар мен мердігер компания өкілдері бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бүкіл жүйе компьютер арқылы бір орталықтан басқарылады.
Жылда Арқалық қаласына жылу маусымы үшін мазут сатып алуға облыс бюджетінен 2 млрд 200 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалатын. Себебі мазуттың әр тоннасының құны, жеткізуін қоса есептегенде, 22 мың теңгеге жуықтайды. Ал көмірдің тоннасы 14 мың теңге ғана. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Райысовтың айтуынша, бұл жоба 5 жылда өзін-өзі ақтап шығады.
Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған Арқалық ет өңдеу комбинаты да біртіндеп өндірістік қуатын арттырып келеді. Торғай өңірі үшін маңызы зор өңдеуші кәсіпорынның мүмкіндігі жылына 3 мың тонна ет өңдеуге жетеді. Бұл жерде сұрыпталған ет әрі қарай өңдеу цехтарына жіберіледі. Комбинаттың қуаты тәулігіне 3 тонна шұжық, 1 тонна консервіленген ет шығаруға жетеді.
– Бағаны тұрақтандыру мақсатында айына екі рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысамыз. Бұл жәрмеңкелерде біздің өнімдеріміз ешбір делдалсыз саудаға түсетіндіктен, нарықтағы бағадан анағұрлым арзанға сатылады. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 6 сауда орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлермен келісімшарт жасаймыз, олар біздің өнімдерімізді өткізетін болады. Ал шикізат мәселесін шешу үшін Арқалықтан 10 шақырым жерде 7,5 мың бас мал ұстауға жарайтын бордақылау алаңы салынды. Әзірге мұнда мыңға тарта ірі қара, сондай көлемде ұсақ мал, аздаған жылқы және түйе бар. Әкімшілік, жұмысшылар үйі, зертхана ғимараты да дайын. Мал тұратын 8 ашық албар мен 4 жабық қора салынып бітті, – деді ет комбинатының директоры Расул Мұқанов.
Сонымен қатар комбинат жанынан бордақыдағы малға қоспа жем өндіретін цех салынған. Оның қуаты жылына 25 мың тонна өнім шығаруға жетеді.
Қостанай облысы