Қазақстан • 30 Қараша, 2021

Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің ұлттық жүйесі

385 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұйытқы болуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметін кәсібилендіру: саясат, тәжірибе және сын-қатерлер» атты халықаралық конференция өтті.

Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің ұлттық жүйесі

Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі түлектерінің қауымдастығы және Астана мемлекеттік қызмет хабы бірлесіп ұйымдастырған конференцияда саясаткерлер, сарапшылар және халықаралық мамандар мемлекеттік қызметтің қазіргі заманғы кәсіби негіздерін құру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Конференция модераторы, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл сөз басында мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мемлекеттік қызметшілерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесіндегі негізгі мәселе екенін айтты. «Елбасының Жарлығымен Мемлекеттік қызметке кадр даярлау мақсатында 1994 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқарудың Ұлттық жоғары мектебі құрылды. Кейін осы мектептің негізінде Мемлекеттік басқару академиясы ашылды. Қазіргідей құндылықтар құбылған және сын-қатерлер белең алған заманда мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың басым бағыттарын айқындау аса маңызды», деді Е.Әбіл.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова тарихи өлшеммен қарағанда қысқа уақытта еліміздің мемлекеттік қызметі қалыптасудың үлкен жолынан өткеніне назар аударды. Ол тәуелсіздіктің даму жылдарында Қазақстанның саяси құрылымының мәнін көрсететін мемлекеттік басқару институттарының құрылғанын да атап өтті. «Мемлекеттік кадр саясаты уақыт талабына сай мемлекеттік қызметінің қуатты құралына айналуы тиіс» деген А.Жайылғанова Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің осыдан 27 жыл бұрын адам капиталын дамыту мақсатында құрылғанын еске алды.

«Академияның негізгі мақсаты – кәсіби, тиімді әрі тұрақты мемлекеттік аппаратты дамыту. Ал бұл міндеттерді үздік әлемдік тәжірибелер, білікті оқытушылар құрамы, сондай-ақ озық цифрлық құрал-жабдықтар арқылы жүзеге асыруға болады», деді агенттік төрағасы. А.Жайылғанова агенттіктің қазіргі заманғы үрдістер мен талаптарды ескере отырып, мемлекеттік аппаратты трансформациялау және дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келе жатқанын да мәлімдеді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет мансаптық моделге көшті, келісімшарт қызметшілері институты енгізіліп, іріктеу рәсімі жетілдірілмек. Сондай-ақ жеке басқару қызметтерін кәсібилендіру бойынша іс-шаралар қабылданады. «Ел Президенті Елбасының саяси бағытының сабақтастығын сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту, Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайту, мықты және ұйымшыл мемлекет құру жөніндегі жұмысты жалғастырып келеді. Ал Тәуелсіздіктің үш онжылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен тұрақты даму дәуіріне айналды. Еліміз посткеңестік кеңістіктегі ең табысты және ауқымды реформаларды жүзеге асыруда көшбасшы болды», деді агенттік басшысы.

Жиында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов жаңа экономикалық бағытты іске асыру үшін басқарушы кадрларды даярлау міндеттеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар ол конференцияға қатысушыларды Мемлекет басшысының басшылығымен жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқаруды жаңғырту реформаларымен таныстырды. Ал Президент Әкімшілігі Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтайыр Ахметов мемлекеттік басқару тұжырымдамасы шеңберінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жөнінде пікірін білдірді. «Мемлекеттік аппараттың әлі де жабық түрде шешім қабылдауы, мемлекеттік қызмет көрсетуде сервистік модельді пайдаланбауы, шешім қабылдау кезінде ғылыми деректерге сүйенбеуі және басқа да кәсіби қабілеті мен біліктіліктеріне қатысты сын-ескертпелер өкінішке қарай, бізде өте көп. Бүгінгі басқосудың басты көздегені – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен құзіретін жетілдіру. Бұл бағытта елімізде біраз өзгерістер болды. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің жалақылары едәуір өсті. Осы фактордың өзі мемлекеттік аппаратқа кәсіби әрі мықты мамандарды тартуға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Қазіргі таңда бізге жобалық менеджмент, сертификаттау саласындағы білікті кадрлар өте қажет», деген ол халыққа қызмет көрсету кезінде бұл жүйенің тым бюрократтанып кеткенін де ашық сынға алды. Сондай-ақ, жиында «Астана» халықаралық ғылыми кешені директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Фархад Қуанғанов Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің еліміздің саяси элитасын қалыптастырудағы рөлі жөнінде баяндама жасады.

Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов мемлекеттік қызметті жаңғыртудың өзекті мәселелері жайлы айта келіп, Елбасы мен Президенттің ұзақмерзімді жоспарларын жүзеге асыру кәсіби мемлекеттік аппараттың маңызын арттыра түсетін ұсыныстарын білдірді: «Біріншіден, мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесін қорғайтын кәсіби мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және лауазымдарға тағайындауда меритократия қағидаттарын күшейту, екіншіден, ақпарат ағымдары мен шешім қабылдау рәсімдерін оңтайландыру және өкілеттіліктерді неғұрлым төменгі деңгейге беру арқылы дебюрократизацияны жүргізу, үшіншіден, адалдық, парасаттылық және әдептілік қағидаттарына, заң алдында баршаның теңдігін қамтамасыз етуге сүйене отырып, асқынып кеткен жемқорлықты ауыздықтау. Бұл тұрғыда қоғамдық игіліктерді бөлу, мемлекеттік инвестициялар, сатып алулар және жекешелендіру мен салықтық, тарифтік жеңілдіктер беру жүйесінде блокчейнді пайдалану өте маңызды», деген Ә.Байменов заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен пайдаланғанда азаматтардың құқықтарын сақтау үнемі назарда болуы тиіс екенін де алға тартты. «Копоративтік мәдениетті дамыту әр мемлекеттік қызметшінің және азаматтың еңбегін, абыройын және уақытын бағалап, құрметтеуге негізделгені абзал. Тарихи себептерге байланысты мемлекеттік басқару ғылымы ТМД аймағында кенжелеп қалғанын ескере отырып, ғылыми дәлелдерге негізделген шешімдер қабылдау жүйесін енгізу – қазіргі заманның талабы», деді ол. «Бұл іс-шаралар халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға септігін тигізеді деп сенемін», деді сөзінің соңында комитет төрағасы.

ва

«Конференция кезінде көтерілген барлық сұрақтар маңызды әрі орынды. Осы ретте Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы басқосу барысында ортаға тасталған ұсыныс-пікірлерді толық қолдап, қолға алуға дайын. Қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби корпусы арқылы мемлекеттік қызметтің тиімді жүйесін құру – бұл еліміздің тұрақты дамуы үшін негізгі факторлардың бірі болып саналатыны анық», деді іс-шара модераторы, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Конференцияға қатысқан орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар, академия түлектері, білім алушылары мен қызметкерлері пленарлық сессия кезінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің ұлттық жүйесін дамыту бағыттарын талқылап, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлығын дамытудың басты мақсат-міндеттерін атап көрсетті.