Қазақстан • 30 Қараша, 2021

«Қазақ-қырғыз – Алаштан» халықаралық конференциясы өтеді

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2021 жылдың 3 желтоқсан күні Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясы «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақ-қырғыз – Алаштан»  халықаралық конференциясы өтеді

Аталған шара  түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеуге зор үлес қосқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, сонымен бірге, қырғыз халқының көрнекті тұлғалары, Алаш қайраткерлері Жүсіп Әбдірахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Достық үйінде өтетін шараға  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ бір туған екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысады деп күтілуде.

Тағылымды шара аясында, Жүсіп Абдрахманов пен Қасым Тыныстанов және қазақ-қырғыз достығына байланысты архивтік материалдар көрмесі, қос тұлғаның ғұмырнамасы мен күрескерлік қызметіне арналған ғылыми еңбектердің тұсаукесер рәсімі өткізіледі.