Қазақстан • 30 Қараша, 2021

Дастарқан берекесі – отандық өнім

495 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйек­тегі «Халық бірлігі және жү­йелі реформалар – ел өркен­деуінің берік негізі» атты Жол­дауында еліміздегі агро­өнер­кәсіптік кешен бойынша бірқатар маңызды міндетті белгілеп, оларды шешу жолдарын алға қойды.

Дастарқан берекесі – отандық өнім

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

­Президент өз сөзінде баға бел­гі­леу мен азық-түлік тауарларын бө­луді бақылауға жаңаша қарау­ды, мемлекеттік ведомстволар ара­сындағы жауапкершілік аймақтарын ажыратуды ұсынып, жемшөп дайындау, мал жайылымы, ветеринария және тиісті заңнамалық нормалар дайындау сияқты ауқымды бағыттарды жақ­сартудың маңыздылығын баса айтқан болатын.

Елімізде қай кезеңде де ұлтық эко­номикадағы негізгі салалардың бірі болып келген агроөнеркәсіптік ке­шен бүгінгі таңда батыл және қар­қынды оң өзгерістерді талап етуде. Өйткені соңғы бірнеше жыл бойы бұл салада жасалып отыр­ған ауқымды экономикалық және ұйым­дастырушылық шаралар ауыл шаруашылығы саласын күткендегідей нәтижелерге жеткізе алмады. Тіпті кейбір жекелеген, белгілі бір аса ірі аграрлық құрылымдарды қоспағанда, жалпы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің экономикалық жағдайын табанды түрде жақсарту үшін бірқатар тың шара өз кезегін күтіп тұр. Шынымен-ақ, дүкен сөре­леріне назар аударсақ: «осы біз бірте-бірте өзге мемлекеттердің азық-түлі­гіне тәуелді болып бара жатырмыз-ау!» деген қауіптің шырмауына түсе­тініміз де рас. Дастарқанымыз отан­дық өнімдерден ғана майысып тұрса, қанекей!

Бүгінгі күні белең алған өнімді­лік­тің төмендігі, мемлекеттік қолдау құралдары тиімділігінің пәрменсіздігі, ресурстық әлеуетті ұтымсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы тауарларын өткізу және сақтау жүйелерінің баяу дамуы, техникалық жабдықтау саласында қордаланған проблемалар үкіметтік деңгейде шешуші қадамдар жасауды қажет етеді.

Ел Президентінің жоғарыда атал­ған Жолдауын іске асыру шеңберін­де Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» деген тақырыпта Парламенттік тыңдау өткізу және оған дайындық барысында бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылы­ғы мен экологиялық ахуалдың өзек­ті мәселелерін шешу, биотехнология­лар­ды әзірлеу мәселелері бойынша жағ­дайды зерттеу және ауыл шаруа­шылығы жануарларына арналған отандық ветеринарлық препараттар енгізу мақсатында комитет мүшелері Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығында және оның Степногор қаласындағы филиалында болды. Сонымен қатар Жамбыл облысындағы Отар елді мекенінде орналасқан «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу инс­титуты» РМК-да, Алматыдағы Қа­зақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу инс­титутында көшпелі отырыстар өткізді. Осы іс-шаралар барысында жо­ғарыда аталған орталықтардың ға­­лым­дары, ғылыми қызметкерлер елі­міздің агроөнеркәсіптік кешеніне сала ғылымының жетістіктерін енгізу, ауыл шаруашылығы мен ғылымның арасындағы іскерлік байланысты те­рең­дету, осы орайда аса тиімді те­тік­терді қолдану жөніндегі бағалы ұсы­ныстарын айтты. Өте орынды! Аграр­лық ғылым ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысады. «Білім – Ғылым – Өн­ді­ріс» үштағаны бұзылмаған жағдай­да инновациялық ғылым мен иннова­циялық инфрақұрылым жаңа деңгейге көтеріледі.

Комитеттегі менің әріптестерім бас­тамашы болып отырған осы ауқым­ды іс-шаралардың түпкі мақсаты – мем­лекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Агроөнеркәсіптік ке­шеннің жай-күйі тікелей ел эконо­микасына, халықтың әл-ауқатына және тамақ өнімдерінің қолжетімді­лі­гі­не әсер етеді. Қазіргідей пандемия кезеңінде әлемде қалыптасқан азық-түлік инфляциясының өсімі біздің елге де кері әсерін тигізді. Мәселен, ресми деректер бойынша жыл басынан бері инфляция деңгейі үнемі өсу үстінде келеді. Осы орайда бағаның жылдық өсімінің жартысынан көбі азық-түлік инфляциясының үлесіне тиеді. Ұлттық статистика бюросының дерек­тері бо­йынша азық-түлік тауар­лары жыл басынан бері 11,5%-ға қымбаттады: оның ішін­де қант 32,1%-ға, май 31,6%-ға, көкөніс 25,8%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін сату бағасына айтарлықтай әсер ете алмайтынын және көбінесе сатып алу ұйымдары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының бағаларын қабылдауға мәжбүр болатынын атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, өнімдердің бағасын қалыптастыру делдалдардың билігіне ауысып кеткен сыңайлы.

Мемлекет тарапынан қойма және көлік инфрақұрылымының жетіс­­пеу­шілігі проблемасын шешу мақсатын­да көтерме-тарату орталықтары бағ­дарламасы іске қосылғаны бел­­гілі. Бұл бастама шағын және же­ке қо­сал­қы шаруашылықтарда өз өнім­­дерін сату мүмкіндіктерінің шекте­луі­не байланысты туындағанын біле­міз. Логистиканың және орталық­тан­дырылған сатып алудың жолға қойыл­мауына байланысты жеке қосалқы шаруашылық өнімдерінің аз ғана бөлігі өңдеуге жіберіледі. Ол өнімдер делдалдар мен алыпсатарлар арқылы дүкен сөрелеріне жеткенше шектен тыс жоғары баға құрайды.

Бүгінгі таңда өндірілген ауыл ша­руа­шылығы өнімінің 41,5%-ы жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Сондықтан ендігі міндетіміз – олардың мемлекеттік қолдау, соның ішінде көтерме-тарату орталығы тарапынан берілетін мүмкіндіктерге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Өндіріс қуатына немесе көлеміне қарамастан, барлық агроқұрылымдар мен көтерме-тарату орталығы арасында жан-жақты тиімді ынтымақтастық қалыптастыратын жағдай жасалуы қажет деп санаймын.

Соңғы бірнеше жылдан бері елі­міздің бірқатар өңірінде жеке кө­терме-тарату орталығы жұмыс істей­ді. Уақыт өте келе олар мемлекет­­тік және жергілікті атқарушы органдар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер және жеке қо­сал­қы шаруашылық арасында өзара тиім­ді іс-қимылдың болмауы, көтерме-тарату орталығы мәртебесінің заңна­ма­лық нормалармен айқындалмауы, шаруашылықтан бастап орталыққа дейінгі тізбектің әр буыны бойын­ша өнімді жеткізу тетігі пысықталмауы сал­дарынан бірқатар қиыншылық­қа тап болды. Өйткені көтерме-тара­ту орталығын құру инфрақұрылым салумен ғана шектелмейді. Оның қыз­меті мен құқықтық тетіктерін же­­­тіл­діруге, әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған заңнамалық рефор­малар қажет. Аграрлық салада қан­шалықты шара жоспарланғанымен қазіргі таңда азық-түлік бағасы өсе түспесе төмендеуі байқалмайды. Осы­ған байланысты көтерме-тарату ор­та­лығы жобасын мемлекеттік қолдау үшін оның ғимаратының құрылысы мен жабдықтарға инвестициялық тө­лемдерді өтеудің 25%-ын суб­си­дия­лаған әлдеқайда тиімді болар еді. Сол сияқты, мемлекеттік қол­дауға ие болған шаруашылық өнді­ріл­ген өнімнің белгілі бір көлемін кө­терме-тарату орталығына әкелуді өз мін­детіне алса оның мемлекет алдын­дағы жауапкершілігі де артары сөз­сіз. Елімізде өндірілетін ауыл шаруа­шылығы тауарларының белгілі бір тізбесі бойынша тауар өткізу жүйесі­не қатысушыларды қосымша құн са­лығынан босату да агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың тиімді жолы болары сөзсіз.

Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, аграрлық секторды суб­­­сидиялау тетіктерін қайта қа­рау­­­ды және тұрақтандыруды талап етеді, субсидияларды ресімдеу тәртібі түсінікті әрі ашық, шағын және орта шаруашылықтарға қолжетімді болуы тиіс. Алайда ауыл шаруашылығын субсидиялаудың қолданыстағы жүйе­сі тек қана ірі агроқұрылымдардың игілігі үшін жұмыс істеп отырғаны белгілі. Бірақ сондай мемлекетік қол­даудан тыс қалып отырған шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өн­дірушілер негізгі ауыл шаруашылығы өнімінің 70%-ын өндіріп отыр. Шағын және орта ауыл шаруашылығы құры­лымдарын мемлекеттік қолдау шара­ларына біркелкі қол жеткізу мақса­тында «Қолдау» электронды жүйесі енгізілген. Алайда бұл заманауи технология толық көлемде өндіріске еніп кете қоймауы салдарынан аграр­лық сектор оның тиімділігіне өз дәре­же­сінде қол жеткізе алмады.

Тағы бір маңызды мәселенің бірі – көктемгі далалық жұмыстар басталар шағында ауыл шаруашылығын­да тікелей жұмыс істеп жүрген, әсі­ресе шағын құрылымдар түрлі қар­жылай қиындықтарға кездеседі. Міне, осындай сәттерде көтерме-та­рату ор­та­лықтары оларға қолдау көр­сет­се, екі серіктес бір-бірімен іс­кер­лік бай­ланыс орнатып, осы орта­лық­тар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен форвардтық мәмі­лелер жасаса, қажетті азық-түлік өнім­дері халықтың қалтасы көтеретін баға дең­гейінен асып кете қоймас еді. Со­нымен бірге нарықтағы отандық өнім шын мәнінде өз деңгейіне көтерілері анық.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­­сыз ету мақсатындағы ең басым мін­деттер осы деп ойлаймын. Ал мем­­лекеттің азық-түлік қауіпсіздігі ве­те­­ринарлық қауіпсіздіктен бас­тау ала­тынын осы салада ғылыми-зерт­теулер жүргізген ғалымдар, ауыл ша­руа­шылығының бел ортасында жүр­ген мамандар жақсы біледі. Сон­дық­тан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жол­дауда ветеринария сала­сын же­тіл­діру, осы орайда орталық пен өңір­лер арасындағы міндеттер мен құзы­реттерді нақты бөлу және цифрлы технологияларды енгізу туралы міндеттер жүктеді.

Бұл бағытта атқарылар істер ауқы­мы өте кең, қордаланған мәселелер де аз емес. Мысалы, «Ветеринария туралы» заң қабылданған кезден бастап күні бүгінге дейінгі жиырма жылға жуық уақыт аралығында ветерина­­рия жүйесі жыл сайын өзгерістерге ұшы­рап келеді. Алайда одан айтарлық­тай оң өзгерістер бола қойды деп айту қиын. Оның үстіне, осы саланың жағ­дайы қазіргі заманауи ғылыми және технологиялық жетістіктерден артта қалуы салдарынан бұрынғыдан да күрделене түсті. Сондықтан ветеринария саласында үдерістерді цифр­ландыру, мәліметті жинау әрі оны ав­томаттандыру, кадрларды даярлау және олардың жалақысын арттыру маңызды.

Еліміздегі ветеринария бұдан бұ­рын қалыптасқан, ұзақ жылдардағы сынақтан өткен іс-тәжірибеден алшақ кетпей, заманауи үдерістерден қалып қоймай қазіргі заманға лайықты әдіс-тәсілдерді пайдалануды қажет етеді. Сондықтан ветеринарлық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық негіздерді жетілдіру және технологиялық үде­рістерді цифрландыру, автоматтан­дыру, биологиялық талдамалық мате­риалдардың әдістемесін жаңғырту, ветпрепараттардың сапасы мен қол­жетімділігін ұйымдастыру саладағы кешенді шаралар болып табылады.

Мына бір дерекке назар аудара кетелік. Соңғы үш жылда 21,7 млрд теңгеге ветпрепараттар сатып алынған, соның ішінде 49%-ы отандық өнім болса, қалғаны импортталған өнім­дер. Әрине елімізде шығарылмайтын кейбір ветпрепараттар да бар, бірақ препараттардың екіден бірі шетелдік өнім екендігі де рас. Осыған байланыс­ты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін отандық ветпрепараттар өндіру үшін өзіміздің биоөнеркәсіптік (биокомбинат) саланы қолға алса отандық өнімдерге басымдық беріледі, өзгеге тәуелді болмаймыз. Ол үшін бізде ғылыми әлеует те, экономикалық қуат та жетерлік.

Бұрыннан қалыптасып қалған өте орынды мынадай бір қағида бар: қай саланы да басқаруды ұйымдастыру және функционалдық міндеттерді тиі­сінше атқару кадрлардың әлеуетіне тікелей байланысты. Алайда басқасы басқа, ал ветеринария бойынша осы мәселе әлі де күрделі күйінде қалып келеді. Мыса­лы, Ауыл шаруашылығы министр­лігі берген ақпаратқа қарағанда, тек қана ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инс­пекцияларында 309 ваканттық орын бар екен. Ал эпизотиялық жағ­дай қазіргідей ушығып тұрғанына қара­мастан, орталық атқарушы органда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субъектілері бойынша дәйекті ақпарат мүлдем жоқ деуге болады.

Тиісті орындар ұсынған дерек­терге қарағанда, соңғы 3 жылда «ве­теринария» мамандығы бойын­ша үш мемлекеттік жоғары оқу орны­ның (Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық ­уни­­­верситеті, Жәңгір хан атындағы Ба­­тыс Қазақстан аграрлық-техника­лық уни­­вер­ситі) 2161 жас маман бі­лім алып шық­қан. Олардың ішінде ­1046-­сы жұ­мысқа орналасқан. Міне, көріп отыр­ғанымыздай, агороөнеркәсіп­тік кешен саласындағы білікті кадрлар­дың тапшылығы осындай халде. Мұн­дай жағдайда толыққанды ветеринар­­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тура­лы сөз қозғаудың өзі артықтау ма деп қаласың.

Жоғарыда еліміздің агроөнер­кә­сіптік кешенінде шешуін күткен бірқатар мәселені сөз еттік. Қо­рыта айтқанда, меншік нысаны­на қарамас­тан, барлық ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды қолданыстағы субсидиялаудың тетіктеріне қосу, субсидияның кейбір түрлерінің орнына ұзақ мерзімге төмен пайыздық мөлшермен кредит беру, табиғи-кли­маттық ерекшеліктерді ескере отырып, өңірлер бөлінісінде сара­ланған субсидиялар бөлуді қарас­тыру, субсидиялау қағидалары мен тетік­терін жыл сайын өзгертуге жол бермеу, ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілердің субсидия­ларды пайдалану тиімділігін баға­лау тетігін жетілдіру туралы мә­се­лелер шешімін тапқанда ғана еліміз­дегі агроөнеркәсіптік кешеннің күре­та­мырына қан жүгіріп, мемлекетіміз­де азық-түлік қауіпсіздігін сенім­ді қам­тамасыз етуге жол ашылады. Кө­не заманнан бастап аграрлық ба­ғыт ұстанған және оны дамытуда жа­һандық деңгейде көшбасшы болған Ұлы дала мұрагері – Қазақ елінде агроөнеркәсіптік кешен экономиканы дамытудың негізгі драйверіне айналады деп сенеміз.

 

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ,

Сенат депутаты

 

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше