Қоғам • 30 Қараша, 2021

Еріне артылған үміт ақталған кезең

253 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың наным өлшемімен өрсек отыз жас – тұла бойыңды тіктеп, өз ортаңдағы орныңды орнықтыратын «ордабұзар» кезең. Дәл осы жылнамалық сәй­кестікті Тәуелсіз Қазақстанның биылғы үшінші онжылдығымен сабақ­тас­ты­рып өтсек.

Еріне артылған үміт ақталған кезең

Тығырыққа тірелген тоқсаныншы жылдардың тоқырауын тарихтың терең тамырымен тұңғиыққа батырған алғашқы онжылдықты – «Қалыптасу кезеңі» деп алайық. Елең-алаңдағы ел үміті үзілер алдындағы шақ бұл. Тәуелсіздік таңы атып, саясаттың салмағын еңсере алатын саңлақты саралап, тәуекелге тәу ететін тұс. Бұл – азаттығын аң­са­ған Алаштың тұңғыш Президенті сай­ланған 1991 жылдың 1 желтоқсаны. Қазақстандық сайлаушылардың 98,7 па­йызы демократиялы түрде Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап дауыс берген сая­си оқиға. Осы жылы ел егемендігін жа­риялап, еңсе көтеруге талпынды. Тұ­­ралаған тірлік, болашағы беймәлім бұ­қара тек Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлына ғана сенім артты. Елбасының алдында шекараны шегендеу, ұлттық валютамызды енгізу, ел экономикасын қалыптастыру, қан­дас­тар­ды елге шоғырландыру сынды күрделі міндеттер тұрды. 1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент Жарлығы шығып, 1993 жылы 15 қараша «Ұлттық валюта күні» деп белгіленді.

БҰҰ мен өзге де халықаралық ірі ұйым­дарға мүшелік Қазақстанның әлемге та­нылуына жол ашты. Экономикалық дағдарыспен күресте Елбасының төккен тері текке кеткен жоқ. Дүкен сөрелерінің бос қалып, жалақының кешіктірілуі, электр энергиясының жеткіліксіздігі Үкі­­метті сарсаңға салғанын білеміз. Өт­пе­­лі кезеңнің өткелдерінен елді аман алып шығу үшін мемлекет билігі аянбай еңбек етті. Конституциямыз бен кезек күттірмейтін заңдар қабылданды. Елдің бейбітшілігі мен ұлттар достығының айшықты көрінісі ретінде ҚХА өз жұ­мы­сын бастады. Қазақстанның эко­но­микалық-қаржылық тәуелсіздігі ай­қындалып, мұ­най өнеркәсібі салтанат құрды. Осы жыл­дар Елбасының пәр­ме­німен елдің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының стра­тегиялық жоспары қабылданып, қар­жы институттары қар­қынды түрде алға жыл­жы­ды. 

Тәуелсіз Қазақстанның екінші он­жыл­дығын «Даму кезеңі» деп қарас­тыр­сақ. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында экономиканы одан әрі дамытумен қатар «Мәдениетті қолдау жылы», «Денсаулық жылы», «Ауылдарды дамыту жылы», «Ұрпақтар сабақтастығы жылы» секілді екпін берілуге тиіс салалардың тамырына қан жүгіртуге тура келді. 2001 жыл бүгінде ел игілігін көріп отырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасы қолға алынды. Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар белсенділігі жоғарылап, демократиялық қоғам қалыптастыруға атсалысты. Ха­лық­тың жағдайына баса назар аударылып, қазақстандықтарды қолдаудың жаңа механизмдері ен­гізілді.

Елбасының Жолдаулары дамудың төлқұжаты ретінде қабылданды. Үкімет пен мемлекеттік құрылымдар Жолдау жүк­­теген міндеттерді түбегейлі іске асы­­­ру арқылы нәтижелі межелерге қол жет­­кізуді жолға қойды. Екінші он­жыл­дық Елбасымыз бас сәулетшісі болған Елор­да­ны дамытумен қатар, шағын және орта биз­несті ілгерілетуге, моно­қа­ла­ларды жаң­ғыртуға, жастарға қолдау көрсетуге ар­налды. 

Мен «Самғау кезеңі» деп айдар тақ­қан үшінші онжылдықты өткенімізді саралап, кемел келешегімізге сапар шеккен толысу дәуірі деген болар едім. Қазақстанның тұрақты дамуы, Қазақ елінің төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы беделі жыл өткен сайын парықталып, Тұң­ғыш Президенттің парасаты таным тұ­ғ­­ырында тұрақталды. Бүгінде дүние­­жүзі Қазақстанды Елбасының есі­мі­мен сабақтастырады. Бұл жетістік – Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтқыр қадамдарының айқын кө­рі­нісі.

Тұңғыш Президентіміздің әлемді  дос­­тыққа үндейтін бастамалары – Ұлы да­ланың дархандығын, қазақ халқының кең пейілін бейнелейтін бірегей белес. Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ла­рының елордамызда бас­қо­суы дәстүрге айналды. ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесі кезінде мил­лион­да­ған туристің қазақ жеріне ағылуы егемен елдің еңсесін одан әрі тіктей түсті.

Елбасы Н.Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қ.Тоқаевқа табыстауы көрегендік пен кемеңгерлігін көрсетсе керек. Тұңғыш Президент күнін Тәуелсіздігіміздің басты символдарының бірі ретінде көшбасшыға көрсетілген ерекше құрмет деп білемін. Солай болуы да тиіс. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!

 

Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА,

Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты