Таным • 30 Қараша, 2021

Ұлысқа ұстын ұғымдар

575 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мұғаллақ аспан ғана ұстынсыз. Ұлыс та, ұлт та, жалқы адам да ұстынсыз бола алмайды. Оның ұстыны – идеялар, концепциялар мен доктриналар, стратегиялар менен жоба-жоспарлар. Мұратына жеткісі келер әрбір мұғадалы кісі осының біріне ұмтылады. Өзін қазып табады, өзінен табылмаса өзгеден іздейді. Бірақ әлбетте ол оның болмысына нұқсан келтірмейтіндей болса ғана.

Ұлысқа ұстын ұғымдар

Ұлы даланы мекен еткен біздің ата-бабаларымыз, олар құрған ұлы қағанаттар, хандықтар, бәрінде де ұстын болды. Ол ұстын – ұлттық идея­лары мен мемлекеттік мұраттары еді. Қасиетті жер мен елді сақтау, діл мен тілді сақтау, ата жолына, баба дәстүріне беріктік, тарихтан тәлім алу, болашаққа бағдар жасау, ұлт болып ұйысу, ұлыс болып толысу.

Осының бәрінің асыл арқау­ында көсем идея – Тәуелсіздік идеясы тұрды. Тәуелсіз ел ғана өз тарихын өзі жазып, өз тағдырын өзі шеше алар еді. Азат бас алтын тәж еді, азат жер алтын тақ еді. Тәуелсіздік – алтын шаңырақ, ал оның уықтары – ұстыны болды.

Қазақ мемлекеті өз тәуелсіз­ді­гін алғаннан кейін, оны алтын шаңырақ етіп көтергеннен кейін, оны сақтап тұру үшін берік ұстын – ұлттық идея қажет болды. Көк бай­рағын көтерген елді көп идея көгерте ме, көсем идея көгерте ме? Көп ой көкке жеткізе ме, кон­цептуалды ой көкке жеткізе ме? «Тарихи болымсыздықтың бос қуы­сында босқа қарману» қаупі қандай?

Ойды өзгерткен отыз жылды өтке­рер алдында осы жайлы да ойлан­дық. Біздің ұстынымыз не? Ұлттық идея­мыз қандай? Қандай идеялар мен кон­цеп­цияларға сүйенеміз? Мемлекеттік стра­тегиялардың өзегінде не тұр?

Біз осы ойларға жауапты Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың страте­гиялары, кітаптары, жолдауларынан іздеп көрдік.

 

Мәңгілік ел

«Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі тал­­қыға түсіп жүргенін естіп жүр­­­мін, біліп жүрмін. Біз үшін болаша­ғы­мызға бағдар етіп ұлт­ты ұйыс­тыра ұлы мақ­саттар­ға жетелейтін идея бар. Ол – Мәң­гі­лік ел идея­сы. Тәуел­сіздігі­мізбен бірге халқы­мыз мәң­гілік мұраттарына қол жет­кізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуел­сізді­гіміздің тіре­гі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәң­гілік ғұмыры ұрпақтың мәң­гілік болашағын баянды ету­ге арналады. Ендігі ұрпақ – мәң­гілік қазақтың перзенті. Ен­де­ше, қазақ елінің ұлттық идея­сы – Мәңгілік ел», деген еді Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұғым­ды «Қазақстан-2050» стратегиясының түп­қазығы ете отырып.

Мәңгілік ел идеясының түп-төркінін­де түп бабаларымыз – түр­кі халқының мемлекет құ­­ру­да­ғы архетиптік та­ным-түсі­нігі тұр. Мәңгілік ел болу­ды ұлы мұрат тұтқан түркі хал­қы, түркі қағандарының сол идея­сы жүзеге асқа­нын қа­зір дү­ние жүзіне та­раған түр­кі ха­лықтарына қарап, Лев Гуми­­­лев­ше айтқанда, түрік суперэтносының тарихы мен тағдырына қарап бағамдай беруге болады. Тамыры бір халықтар тарыдай шашылып кетсе де тағдыр оларды ажыратқан жоқ.

Қазақ ұлтының этногенезі мен мем­лекеттілігінің қалып­тасуын­дағы сақ, ғұн, түркілер, түркі-моңғол кезеңі, та­рих­тың ұлы жолында тоғысқан парсы, қытай, араб, орыс әсері орасан бол­ға­­нын аңғарамыз. Бірақ бұл фак­тор бізді әлсіреткен жоқ, кү­шейт­ті. Байытты, толықтырды, толыстырды. Қазақ ұлты­ның қалып­тасу арнасына жасырын әрі жария келіп қосылған жыл­ғадай болды. Ұлттық менталитет, ұлттық тіл, ұлттық сана-сезім, бәрі-бәрі­не қосылған осы ағын­дар жан ағысын екпіндете түсті. Бізді ұлт ретінде ыдыратқан жоқ, ымыраластырды. Ұйқы-тұй­қымыз шықса да, ұйыса бер­дік, ұйыса бердік. Қазақтың өзі біртұтас халық санатында суперэтносқа айнала бастады.

Күлтегін жазбасында мынадай жолдар бар: «…Сол кезде жо­ғарыда Түрік Тәңірісі, Түріктің киелі Жері, Суы былай депті: «Түрік халқы жойылмасын деп, ел болсын деп» – әкем Елтеріс қағанды, анам Ел-білге қатынды Тәңірі төбесіне тұтып, жоғары көтеріпті».

Тәңірі төбесіне тұтқан сол түркі халқының перзенті, қара­шаңырақ иесі – қазақ ұлты Ұлы далада тәуелсіздік туын көтерді. Мәңгілік ел идеясы мәңгілік жер, мәңгілік тіл, мәңгілік мемлекет, мәңгілік қазақ ұғымдарын қамтуымен де ұлттық идея ре­тінде бізді тағы да біріктіре түсті.

 

Ұлы дала елі

National Geographic қайбір жылы Kazakh steppe деген та­қырыппен қа­сиет­ті қазақ же­рі туралы айтты. Ерте заман­нан-ақ географиялық картада Ұлы дала (Великая степь) аталған кең байтақ, ұлан-ғайыр далада жартылай көшпелі, жартылай отырықшы халықтар – біздің ата-бабаларымыз ғұмыр кешті. Еуразияның нақ жүрегінде орна­ласқан осы даланы Еуразия да­ла­сы деп те атап жатады. Бұл да­ланың маңдай төрінде біз­дің ата-бабаларымыз қанша ұлы им­периялар – қағанаттар құ­­рып, билік етті, барақатты ғұ­мыр кеш­ті. Күн басты, көсем маң­дайлы сол бабалар мекен еткен дала бізге мұра болып қалды. Kazakh steppe – Қазақ жері – қазақ даласы бабаларымыздың бейітін бауырына басып жатса, ертең бала­ларымыздың ақ бесігі де болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев тәуелсіз Қазақстан Рес­­пуб­ликасына символдық мәні зор ха­­­лықтық атау іздеген­де, сан алуан ұсыныс та айтылды. Алай­да Елбасының «Ұлы дала елі» деген атауды ұсынуы – тарихи әділетті, географиялық дәл, идеологиялық жағынан анық шешім болды. Ол жайында Тұңғыш Президент: «Ұлы дала» ұғымы – баяғыдан бар ұғым. Дешті Қыпшақ деген сөз қыпшақтың даласы деген сөз. Ұлы дала ұғымына мынау Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері. Біздің даламызда кен де болған, темір де болған, қолөнер де болған, бәрі болған... Бізде де сондай ұғыммен теңестіретін болсақ, бізге «Ұлы дала еліміз» деп айтқым келеді. «Ұлы дала» мен «Көк аспан» деп те айтуға болар еді. Кең дала – біздің же­рі­міз. Осы жерде біз тұрып жа­тыр­мыз, өсіп жатырмыз, өр­­­кен­деп жатырмыз, ұрпақ асы­­­­рап жатыр­мыз. Осы жерде мем­леке­тімізді құрып, оны шаңы­­рағын биік қылып, көк тудың астына жиналып жатырмыз. Біздің байра­ғымыздың өзінде көк аспан, жар­қыр­ған күн бейнелен­ген... Бірақ біз ха­лықтың ішінде Ұлы да­ланың ұрпағымыз десек, келіп тұрған сияқты. Ол халықтық атау болуы керек», деген еді.

Жиырмасыншы ғасырдағы әлемнің саяси-географиялық картасында пайда болған тәуелсіз ел – жаңа мемлекет осылайша «Ұлы дала елі» деген халықтық атау алды.

Жалпы, ел ұғымы, ел этнонимі жайлы әртүрлі пікір бар. Бірі оны халық ұғымының баламасы десе, енді бірі – тайпалық одақ­тың атауы дейді. Бірақ осы пікір­лер арасында тарихшы Лев Гумилевтің «Көне түріктер» ең­бегіндегі мына пікірі аса орынды көрінеді: «Ежелгі түріктер тарихын оның жеке мәселелерін анықтамай тұрып, түсінуге болмайды. Сондай жеке мәселенің бірі – түріктердің өз мемлекетін атаған сөздің, яғни «ел-иль» терминінің аудармасы екенін атап өту керек... Сондықтан да «il» (ел) терминінің дәлме-дәл аудармасы латынның «импер­иум» немесе орыстың «держава» деген сөзі».

Демек, Ұлы дала елі – Мәңгі­лік ел – Ұлы далада мәңгілік билік құрған алып қағанат, алып империя деген тү­сінік қалып­тастырады. Мұны бүгінгі Қазақ­стан Республикасы, Қазақ елі Ұлы далада салтанат құрған алып импе­риялардың заңды мирас­қоры, мұғайын мұрагері деген абсолютті таным деп түсінеміз.

        

Ұлттық код

Қазақ халқының болмыс-бітімі, сана-сезімі, мінез-құлқы, жан дүниесі, ойлау жүйесі, ақыл-парасаты, тарихи зердесі, ру­хани тамырлары, өмір салты, дүниетанымы, болашаққа деген арманы мен үміті қазақ ұл­тын ұлт ретінде айқындайды, әлем халықтарынан ерек­шелі­гін, ұлттық идентификациясын көрсетеді. Осының бәрін бір ға­на сөзбен «ұлттық код» деп атауға болатындай.

Елбасы «Әжептәуір жаң­ғыр­­-
ған қоғамның өзінің та­мы­­­ры та­­рихы­ның тереңі­нен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодың­ды сақтай білу. Онсыз жаңғыру деге­ніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жа­манның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», деген еді.

Сананы түлету, рухани сер­пілу, жан-дүниеңді қайта жаң­ғырту, өткеніңді танып, өш­ке­ніңді жағу, қисайғанды түзеп, жоғалғаныңды табу жаңа ғасыр­дағы жаңа әлемге барудың алғы­шарты секілді еді. Ұлттың жаңа болмысын қалып­тас­тыру­дағы жа­салған осы қадамдар оның бо­ла­шағына бастар жолдың серті еді.

 2004 жылы басталып 2011 жылға дейін жалғасқан «Мәдени мұра», 2007 жылы басталған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары ұлттық ру­хани тамырларды аршу, сан алуан қо­ғам­дық формациялардың қалың шаңын сілкіп тастап өз бет-бей­неңді айқындауға жұмыс істеді.

«Егер жаңғыру елдің ұлт­тық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Со­нымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюсте­рін қиын­нан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарих­тың, жасампаз бүгінгі күн мен жар­қын бола­шақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жа­ды­­ның тұғырнамасы. Мен хал­­қым­ның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан ар­қауы үзілмеген ұлттық салт-дәс­түрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қада­мын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» (Н.Назарбаев. «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру»).

 

Ұлы көш

Қазақтың қастерлі тарихында қанша қаралы көш, қанша қасиетті көш бар. Бір ғана жиырмасыншы ғасырдың өзінде, тоталитарлық жүйенің тезінде, тектің тепкі көргенде, ерің езгі көргенде, шырғалаң кешіп, Шы­ғыс­қа көшкен, бұлғаққа түсіп, Батысқа кеткен қазақтың хақысы қалай жоқталды?

1991 жылдың қыркүйегінде Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев Тү­ркияға барған ресми са­пары­ның аясында Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кез­десіп, олардың атажұртқа ора­­лу туралы арзуын тыңдап, Қа­зақ­стан тәуелсіздігін алғаннан кейін арнайы ұшақ жіберіп, тәуел­сіздіктегі көштің жолын аш­ты. Түр­кия, Сауд Арабиясы, Иран, Пәкістан, Ауғанстандағы қазақ­тар атамекенге орала бас­тады.

1991 жылдың 31 желтоқса­нында Елбасының «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» ақжолтай сөзі радиодан беріліп, ертесіне «Егеменді Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетіне басылды:

«Қымбатты отандастар! Қан­дас бауырлар! Ағайындар!

Ежелгі атамекенінен жырақ­тап қал­ған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы ал­дарыңыздан жарылқасын!».

Атамекенде табысып, емін-еркін қауышқан сол көште – ораздының ұлы өскен, жиырлы­ның қызы өскен орайлы отыз жылда атажұртына 1 084 692 ағайын оралған екен.

Бір ел, бір мемлекет аумағынан ғана емес, бүкіл дүние жүзінен ағайындар, оралғандықтан, бұл жолғы көш шын мәнінде Ұлы көш болды. Ұлы көш ұлтты ұйыстыра түскен ұлық идеяға айналды. Ұлы көш – ұлтқа, ұлттың тағдыры мен болашағына қызмет еткен идеялардың алғашқы қар­лығашы еді.

 

Ұлттық «Мен»

«Мен» және «Менің» деген сөзді айта алмау, әсіресе ұлттың айта алмауы қандай қасірет еді! Ал айта алу, бірақ оның сөз күйін­­­де ғана өмір сүруі одан да ауыр.

Неге айта алмады, айтты. «Ме­нің атым Қожа» деді Соқпақбаев. «Мен – қазақпын!» деді Жұбан. «Менің Қазақстаным!», «Менің елім! Менің жерім!» деді Жұме­кен. Оны жалпақ дүниеге жаң­ғырықтырды Шәмші. Бірақ бұл жанайқай ғана еді, жүрек айқайы еді. Ол айқай біздің ішімізде ғана өмір сүрді.

«Адамзат тарихында бұрын болып көрмеген идеологиялық машина 70 жыл бойы ұлттың рухани тіректерін күл-талқан қы­лып қиратты, оның рухания­тын кесіп-пішіп шұнтитты да, ортақ бір қалыпқа салып шеген­деді» (Н.Назарбаев. «Тарих толқынында»).

Рухани тіректер – ұлттық ұс­тындар. Өзіңді үлкен бір дү­ниенің бөлшегі ретінде сезіну, әрине жақсы, алайда өзіңді тұ­тас емес, бар болғаны бөлшек ре­тін­­де ғана сезіну – жақсы емес.

Ұлттық деп аталатынның бә­рі­нің қайнар бастауында ұлттық «Мен» тұратыны анық. Ұлттық «Мен» жоқ жерде ұлттың өзі де жоқ, ол бар болғаны – өзгенің көлеңкесі.

«Қазақтың сана-сезімі өткен­дегі, қазіргі және болашақтағы – тарих толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсі­нуге тұңғыш рет енді ғана мүм­кіндік алып отыр... Бірақ бұл мүмкіндік қана; ол шындыққа тек қазақтардың ғана емес, бар­лық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет. Ал осы міндет біздің алдымызға тек қана, бір ғана ұлы мүмкіндік түрінде емес, қатал қажеттілік түрінде де қойылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзімізге шақ­талған мезгіліне сәйкес боламыз, тарихи болымсыздықтың бос қуысында босқа қарманып жүрмейміз» (Н.Назарбаев. «Та­рих толқынында»).

Ұлттық «МЕН» – ұлттық сана. Ұлт­тың адамзат өркениетіндегі үлесін, жер бетіндегі орнын сезінуі. Өзінің ұлттық миссиясын толық түйсінуі. Сол ұлттық «Мен» оянған сәтте «Менің Қа­зақстаным» Әнұранға айналды. Көк байрақ көтерілді. Елтаңба төрге ілінді.

 

Қазақ мемлекеттілігі

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республи­касы – Қазақ мемлекеті – одақтас рес­публикалар құра­мын­­да болған Қа­зақ КСР-нің ғана емес, қасиетті дала­да – Қо­зы­­басыда қазығын қадап, шаңы­­ра­ғын көтерген Қазақ хан­дығы­ның да тарихи мирасқоры ретін­де айтылуы, жазылуы, мойындалуы, аталып өтуі Қазақ мем­лекет­тігінің тарихын 550 жыл ретінде айшықтап берді.

Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хан­дардан бастап, қазақтың соңғы ха­ны Кенесарыға дейін жал­ғасқан хандық жора, Қасымның қасқа жолы, Хақназардың қайта өрлеуі, Есімнің ескі жолы, әз Тәукенің әз жолы, Абылайдың ақ туы – Алаш баласының аруа­ғын көтерді, алапасын асырды.

«Қазақта мемлекет болмаған» деген көп сөзге, қате түсінікке, үстірт ұйғарымға да нүкте қойыл­ды.

«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақ мемле­кеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Мүм­кін, ол бүгінгі ұғымдағы мем­лекет болмаған шығар, бүкіл әлем­ге осын­ша танымал әрі беделді, осы ұғым­ның қазіргі мағына­сындағыдай мемле­кет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мем­ле­кет туралы да айтуға болады. Ең маңыз­дысы, сол кезде оған негіз қалан­ды, біз бабаларымыздың ұлы істерінің жал­ғас­тырып отырмыз»,  деп атап өтті Елбасы.

Қазақ хандығының 550 жыл­дығы 2015 жылы тойланды. Тәуелсіз ел тұғырланды. Хандар бейнесі көркем образдан көрнекті образға өтті. Ұлттың өзін өзі тануы, ұлттық тамырларға үңілуі ұлыс рухын ұлықтады.

Мемлекетшіл рух мерейленді. Бәйте­рек секілді өз діңімізді сезіндік. Ал дің­нің арғы жағында алтын тамырлар бар еді.

 

Ұлық Ұлыс

Мемлекеттік саясаттағы са­бақ­тастық дәстүрі мемлекеттік биліктің келесі президентке бей­біт түрде өтуі ғана емес, барлық ұлы бастама мен мемлекеттік маңызы бар стратегиялардың, ұлт­тық концепциялардың да жал­­ғас­­тығы болғанын уақыт көрсетті.

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Ке­мел­­ұлы Тоқаев Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын мерекелеу туралы Қаулыға қол қойды.

Алтын Орда – Жошы ұлы­сы – Ұлық Ұлыс Қазақстан Рес­публикасы мем­ле­кеттілігінің ал­тын бастауы екені мемлекеттік деңгейде айтылды. Респуб­лика­лық ғылыми конференция өтті.

Қазақ ұлтының этногенезі мен қазақ мемлекеттілігінің қайнар бастауларын анықтау­дағы осы зор талпыныстар мен ізденістер Мәңгілік ел ұлттық идеясын, Ұлы дала елі ұғымын бекемдей түсті.