Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2021

Мұғалжар ауданында заманауи спорт кешені ашылды

637 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында заманауи көпфункционалды спорт кешені ашылды. Спорт кешенінің ашылуы ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұғалжар ауданында заманауи спорт кешені ашылды

1800 шаршы метрді құрайтын заманауи кешен шағын футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдарын, күрес кілемі, бокс рингі және екі жолақты жүгіру жолдарын қамтиды. Қала тұрғындарының ыңғайына орай шешінетін бөлмелер мен жанкүйерлердің жылжымалы трибуналары да орнатылды.

Жаңа спорттық мекеме салауатты өмір салтын ұстануға ниет білдіргендер үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олардың ішінде волейбол, шағын футбол, баскетбол доптары, теннис ракеткалары мен шарлар бар.

Кешен ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істейтін болады. Орталық анкерлік жүйенің көмегімен негізге бекітілген екі қабатты ауа өткізбейтін мембранамен жабылған. Бұл дизайн қыс мезгілінде жылуды, ал жаздың аптап ыстығында салқындықты сақтауға мүмкіндік береді.

1

«Құрметті Мұғалжар ауданының тұрғындары! Сіздерді Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президентімізге, сіздерге және жақындарыңызға амандық, зор денсаулық және бақыт тілеймін! Біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасы дамып, нығайып, гүлдене берсін! Біздің барлық бастамаларымыз нәтижелі, ал болашағымыз жарқын болсын! Бүгінгі іс-шараның қатысушыларына шын жүректен сәттілік және табыс тілеймін. Сіздерге жаңа рекордтар мен лайықты марапаттар тілеймін, спорт денсаулығыңызды нығайтып, қуаныш пен қанағат, өзіңізге деген сенім мен бақыт сыйласын», деді Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров өзінің құттықтау сөзінде.

Айта кетсек, бұл спорт кешені «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен ашылды.

«Бұл біздің ауқымды жобамызға бастау болатын алғашқы іс-шара. 2022 жылға дейін жоба аясында 11 өңірде осындай спорт кешендерінің ашылуы жоспарлануда. Бұл бастама кем дегенде 35 мың адамды қамтитын болады. Біздің қорымыз елімізде бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Мүмкін дәл осы жерде болашақ олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары тәрбиеленетін шығар», деді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының Бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.

1