Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2021

Түркі тілдес елдер мүфтилерінің алқасы құрылады

540 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркі тілдес елдер дін басшыларының Алқасын құру туралы ұсыныс білдірді. Бұл туралы Түркия Дін Істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен болған екіжақты ресми кездесуде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚМДБ сайтына сілтеме жасап.

Түркі тілдес елдер мүфтилерінің алқасы құрылады

«Құрметті Хазірет, ең алдымен Сізді Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан елорда бас мешітінің ашылуына арнайы шақырамын. Түркі жұртына ортақ дүние көп. Оның ішінде тілі мен ділі, мәдениетіміз ұқсас. Осы орайда Түркі тілдес елдердің мүфтилер Алқасын құрып, алғашқы отырысын Түркі әлемінің астанасы атанған Түркістан қаласында ұйымдастыруды ұсынғалы отырмын. Сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі мен Түркия Дін істері басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру мақсатында Түркияда кеңес жиынын бірігіп өткізсек деген жоспарымыз бар», деді Бас мүфти сөзінде.

Түркия Дін Істері басқармасының төрағасы Әли Ербаш Наурызбай қажы Тағанұлының ұсынысын қолдайтынын айтып, Түркі тілдес елдер дін басшыларының жиынын өткізу, Ғұламалар кеңесі арасында байланыс орнату идеясы өзекті мәселелердің бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ Түркия мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының Қазақстанға құрметті қонақ ретінде шақыртуын қабыл алды.