Жоба авторлары дүкеннің ішкі дизайнына ерекше мән берген. Олардың айтуынша, мұнда келген адамдар құстың ұясындай жылылықты, қыздың жиған жүгіндей ұқыптылық пен әдемілікті бірден сезінеді.
Расында да, дүкен ішіндегі түсқағаздың реңі, қабырғадағы ұлы суреткерлердің портреттері, сәнді кітап сөрелері, ондағы әсем безендірілген кітаптар оқырман қауымды бірден баурап, олардың көңіл күйіне әдемі әсер сыйлайды.
Qasym kіtaphanasy дүкеніне келген адам осы жерден «Қасым баспа үйі» ЖШС шығарған кітаптарды сатып ала алады. Сонымен бірге оқырманның бөлме ішіне қойылған үстел басында кофе немесе шай іше отырып, өзіне ұнаған кітапты тегін оқу мүмкіндігі бар.
– Дүкеннің ең басты миссиясы – қазақтілді оқырмандарды кітап оқу мәдениетіне үйрету, – дейді жоба авторларының бірі, белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім.
Жаңа кітап дүкенінде үш адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың бірі кітап сатумен айналысса, екіншісі келушілерге дәмді кофе мен шай ұсынады. Ал үшінші қызметкер оқырманды қалауына қарай фотоға түсіріп отырады.
Кітап дүкеніне алғашқылардың бірі болып бас сұққан Асхат Қажытай есімді оқырман мұндағы қонақжай пейілдің өзіне қатты ұнағанын айтады.
– Креативке толы құтхана екен. Шай іштік, кітап жайлы пікір алмастық. Өзім жеке кітапханамды Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр» туындысымен толықтырдым, – дейді ол.
Жоба авторлары жалғыз ғана осы дүкенмен шектеліп қалмай, алдағы уақытта Қарағандының басқа аудандарынан және өзге де қалалардан дәл осындай креативті сауда нүктелерін ашуды жоспарлап отыр.
ҚАРАҒАНДЫ