Тәуелсіздік • 04 Желтоқсан, 2021

Шавкат Мирзиёев: Әлішер Науаи мен Абай Құнанбайұлы дәріптеген достық – ортақ байлығымыз

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында тәуелсіздіктің отыз жылдық белесінде Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізгенін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев уақтылы қабылдаған ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламалар мен өзге де өміршең жобалар өз жемісін бергенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шавкат Мирзиёев: Әлішер Науаи мен Абай Құнанбайұлы дәріптеген достық – ортақ байлығымыз

«Біз бауырлас Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы орасан табыстарына, оның заманауи серпінді дамуына шын жүректен қуаныштымыз. Еңбек пен таланттың, мақсатшылдық пен халық бірлігінің, Қазақстан басшылығының дана да көрегенді саясатының арқасында ел барлық салада орасан зор табыстарға жетті.

Ауқымды жобаларды, со­ның ішінде бізге жақсы таныс, озық отыз елдің қатарына кі­руді мақсат еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам», «Нұрлы жол» үдемелі ин­­­дустриялық-инновациялық да­­му бағдарламасын тиімді жү­зеге асыру қазақстандықтарға қуатты мемлекет әрі халықаралық бәсекеге қабілетті экономика құруға мүмкіндік берді. Қа­зір­гі Қазақстан бүкіл әлемге мемле­кеттік және қоғамдық құ­ры­лыс­тағы таңғаларлық жетістіктерді, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының тұрақты өсуін көр­сетуде.

Өзбек және қазақ халықтары қашанда бір-біріне тірек болып, сынақтарды жұмыла еңсер­генін, бү­гінде ортақ жарқын бола­ша­ғы­мызды бірге құрып жатқаны­мызды тағы бір рет атап өткім келеді.

Ұлы ақындар мен ойшылдар Әлішер Науаи және Абай Құнан­байұлы халықтарымыздың достығын ең үлкен байлық ретінде қорғап, нығайтуды бізге өсиет еткен. Ал бүгін біз бауыр­лас елдеріміз бен халықтары­мыз­дың, балаларымыз бен немере­леріміздің тыныштығы мен аман­дығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.

Қазақстан Республикасының халқын тамаша мереке – Тәуелсіз­діктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, жаңа жетістіктер, өркендеу мен табыстар тілеймін», деді Шавкат Мирзиёев өз ойын түйіндеп.