«Сол болжам енді келді. Жаһандық технологияландыру нәтижесінде қазірдің өзінде ақпараттық технология, робот техникасы, синтетикалық биология, бионика, нанотехнология, жасанды интеллект саласында бұрын санаға да сыймайтын революциялық өзгерістер орын алып жатыр. Әлемде биоинженер, робот техникасы инженері, киберқауіпсіздік маманы, нейромаркетолог, космобиолог, урбанист-эколог, биофармаколог, агрокибернетик, метеоэнергетик сияқты жаңа мамандықтарға сұраныстар барған сайын арта түсуде.
Біз кезінде «ЕХРО-2017» көрмесін өткізіп, жасыл энергетикаға көшудің кешенді бағдарламасын қабылдадық. Бүгінде бүкіл әлем баламалы энергетиканы – жел энергиясы, гелиоэнергетика, гидроэнергетика, биоэнергетика, геотермалды энергетика салаларын қарқынды дамыту үстінде. Осы үдерістен қалмауымыз керек.
Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін.
Кейіннен әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана-хаб» халықаралық технопаркі ашылды. Біздің жастар осындай ілгерішіл өзгерістердің көш басында болуы қажет», деп жазды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында.