08 Мамыр, 2010

ОЙ

1264 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кешегі миллиондаған боздақ­тың өмірін қиған екінші дүние­жүзілік сұрапыл соғыстың тамы­рына балта шабыл­ғанына бүгін міне, 65 жыл! Сол қанды майдан, от кешуде жау­мен бетпе-бет келген ата­ларымыз бен ағалары­мыздың қатары күн өткен сайын сиреп келе­ді. Олардың жас ұрпақ үшін бүгінде айтар ойы көп. Тағылымды тәлім-тәрбиелік сөз­дерінің берері мол. Сондай жан­ның бірі Ұлы Отан соғысының арда­гері, тоқсанның төріне шығып отырған қадірменді қария Қойшы­бек Тоқтамысұлы. Өмірден көрген, түйгені мол ақ­сақалдың кейінгі тол­қынға айтары бар­шылық екен. Оны қазына қарт­тың реда­кцияға жіберген жазба­лары­нан анық аңғарған­даймыз. Қарт майдан­гердің жасы­ның ұлғай­ғанына қара­мастан, ел мен жер туралы ой-пікірлері кім-кімді де сүйсін­дірмей қоймайды. Оқырмандар назарына солардың бір тобын ұсынып отырмыз. Намыс Қазақ ұрпағын намысты­лық­қа баулыған, тіпті қыз­дарының мінезді болғанын да қалаған. Өйткені, кең байтақ далада намыс­сыз тіршілік ету қиын болған. Ұлы дала өзіне керегін өзі іріктеген, қатаң сыннан өткізген. Анадан мықты болып туғандар ғана қиындық соққы­сына шыда­ған. Сондықтан да олар ақылды, мықты, өр, өжет болған. Бұл әр қазақтың өн бойына біткен ерекше қасиет еді. Ол керек кезде ерлікті туғызатын. Кенет, құдай қарғады ма, жоқ адам қарғады ма, қазаққа қор­қақтық, жалтақтық, өтірік айту пайда болды. Бұл енді тұқым қуалап, баладан балаға мұра болып барады. Жасым үлкен болған соң, көре тұра көрмедім деу, қарт адамға жараспайды ғой. Жергі­лікті жерде кісі боп жүргендер­дің арасында көсемдік көрсете­тін­дердің жоқтығынан ба, әйтеуір ата-бабалар жолынан ауыт­қып бара жатқан сияқты­мыз. Солардың артына қалдыр­ған қағидасын ұмытпайықшы: “Тізерлеп жүріп тойғаннан, тік жүріп аш қалған жақсы”, деген. Осы біз тізерлемек түгілі кейде еңбектей жорғалап жүрген жоқ­пыз ба! Бұл – намыс­сыздық. Намыс деген мынау. 2004 жылы футболдан Еуропа бірін­шілігі жүріп жатты. Ақырғы ойында гректің бір ойыншысы қарсыласының қақпасына доп­ты басымен соғып түсірді. Бұл Грекияға жеңіс әкелді. Сол кез­де ойынға қатысып отырған сол елдің премьер-министрі жылап жіберді. Міне, құртымдай жеңіс не істетпейді! Ол сол елдің жі­герін сындырған жоқ. Намысын сақтап қалды. Осындай жеңіс бізде жоқ. Жақсылық пен жамандық Жақсылық жазықта жаяу жүр­мейді. Қырандай қия шың­дардан ұшып, көкте самғайды. Жақсылықтың жалғыз-ақ жауы бар. Ол – жамандық. Тұрақты күрес көкте емес, жерде өтеді. Жақсылыққа табиғат қанат бер­ген, ал жамандыққа аяқ берген. Сондықтан ба дейсің, жақ­сылық аспанда жүріп, жердегі жақсыны көреді, жамандық кез-келгенді сөз ғып тереді. Сонда дүниеде қанша жақсылық, қанша жа­ман­­дық бар десек, жақсылық жер бетінде әлдеқайда көп. Дүние жақсылықтан тұрады, жаманды жасайтын сол жаман­дардың өзі. Ендеше, жақсы деген не? Жа­ман деген не? Міне, осы сұ­рақтарға жауап беріп көрелік. Жақсы деген имандылық, ақ­жүректік, әділдік дер едім. Ал, жаманға келсек, бәрі де кері­сінше, қысқасы, жақсы жарыққа ұмтыл­са, жаман қараңғыны індетеді. Мәселен, басқа адамға қара күйе жағам деу, не опа­сыздық жасау нағыз қатыгездік. Жамандықты кездестіріп, тауып алу оңай. Өйткені, ол аяқ астын­да жатады. Ал, жақсылық асқар белдерде жанады. Оған жету қиынға түседі. Нәсілі, біреуге істеген жақ­сылық не жамандық өзіңе сол қалпында қайта келетін заңды­лықты ұмытпаған жөн. “Судың да сұрауы бар” дегендей, текке ештеңе кетпейді. Жақсылықты жасауға болады, бірақ оны жаулап “тартып, зорлықпен” алуға болмайды. Кімде-кім бас­­қаларға жақсылықты көп істесе, ол нағыз бақытты адам. Өйт­кені, әуелі өзіңе емес, басқаға істе жақсылықты. Әдемілік Көшіп жүріп бабаларымыз көп көрген, көп білген ғой. Мәселен, тіліміздегі “әдемі” деген сөздің 30-дан артық бала­масы бар екен. Табиғат тек әдеміліктен тұрады. Көріксіз­дікті, жаманды жасайтын адам­дардың өзі. Сондықтан, саналы тіршілік сұлулыққа ұмтылған. Әдемі боп туған ол – бақыт. Сонда да негізгі әдемілік адам­­дар­да екеу. Сыртқы сұлулық, ішкі сұлулық. Егер екеуі бір келсе, міне, нағыз бақыт осы! Кейде біреулер өзінің сырт пішініне мәз боп ішкі кескініне мән бермейді. Әсіресе, адам жас кезінде әдемінің үстіне әдемі, сұлу болғысы келеді. Албырттық басым болып, ол кезде талғам­мен санаспайды. Олай болса, адамның дұрыс киінгені, жүрісі, тұрысы, отырысы, сөз сөй­леуі, қысқасы, барлық құбы­лысы да әдемі болуы керек. Әрине, әдеміні көре білу де әдемілік. Мәселен, алдында тұрған орман біреулерге отқа жағатын – ағаш қоры боп кө­рінуі мүмкін. Ал, енді біреулерге – қобыз, не қара домбыра жасайтын теңдесі жоқ сайман шикізатын елестетері анық. Тағы біреулерге жасыл әлем – тіршілік көзі болары анық. Әдемілік туралы айта берсек, сөз көп. Жастардың әдемілік туралы өздері тауып оқитынына мен әрқашанда сенемін. Махаббат О, көрінбейтін құдірет, жет­кізбейтін арман. Кім екен сені жаратқан? Өмірді, әсіресе, оның жас шағын осынша саған құмар еткен кім? Нендей құбылыссың? Бізше, саған екі жол, не екі саты­мен жетуге болатын сияқ­ты. Бі­рін­ші, төменгі сатысы – ол сүйіс­пеншілік. Ал, екінші, жоғар­ғы сатысы – ол ғашық­тық. Сон­да сүйіс­пеншілік ер мен әйелдің бас­тапқы сүйіспен­шілігі болса, ға­шықтық деген ол – өрт, не бір тас­қын апат. Екеуін де ешкім таңдап, тауып ал­майды. Не қол­дан жасауға бол­майды. Екінші, ғашық­тық жол қауіпті болғаннан ба дейсің, өмірде өте сирек кездеседі. Ал, бірінші жол – сүйіспен­шілік, оның да өзінше ыстық-суы­­ғы бар. Дегенмен қауіпсіз. Онша қатерсіз. Нәсілі, осы жол отбасын құрайды. Ұмытпаған жөн, сүйіспеншілік те тұрақты құбылыс емес, оның да қас-қаба­ғына қарау керек. Әйтпесе, оңай­лау келіп, оңай кетіп қалуы да мүмкін. Бұрын да, бүгін де осы бірінші жол өзінің дұрыс­тығын көбірек танытқан. Көпке ұнаған сатысы ма дейміз. Сонда да сүйіс­пеншілікті аяқ асты етіп арзан­дату қате. Сүйіспен­ші­лікпен бірге жа­са­­­сып қартайған – ол нағыз бақыт. Бақыт Нәсілі, бақытсыз болғысы келетін адам жоқ шығар. Ал, жер бетінде алты миллиард жан бар. Сонда соның бәріне бақыт жете ме деген сұраққа не деп жауап беруге болады? Бізше, “бақыт” жалғыз сияқты. Ел арасында мынадай аңыз бар. Туысымен әр адамға бақыт алты түрлі “бақ” береді екен. Олар аяқ, бел, кеуде, көз, ауыз, бас, деп аталады дейді. Ал “бақ” деген ұғым жаңағы алтауды бақ-қақ, кетіріп алма деген ишара секілді. Мысалы, түзу жүрсең, бала-шағаң болса, күш-қайра­тың жетсе, дұрыс тамақ ішсең, көре білсең, осыны басыңа жеткізіп ұстай білсең “бақыт” деген сол. Әрине, бұл тек қана болжам. Сонда да бақытты біреу әкеп сыйға тартпайды, өзің талаптан, сол сияқты, оны дұрыс пайда­лан. Өзіңе өзің қызмет ет, шал­қайып жатқанға бақыт келмейді. Есте ұстаған жөн сияқты: мақсатсыз адамдарды өмір тәлкегінің тасқыны қайда болса сонда айдайды. Өмір – ол уақыт. Сен ойланам, жөнделем деп жүргенде өмірдің қалай өткенін білмей қаласың. Ондай жандарға бақыт жоламайды. Ал, оңайынан келіп, оңынан туып жатқанның бәрі бақыт емес. Бақытты алдап-арбап қолға түсіре алмайсың. Өйткені, “бақыт” – басқа қонатын бақ. Әділдік әфсанасы Аты әлемге әйгілі 27 мемлекетті бағындырған Әмір Темір әкімдікке әділ, ақылды, епшіл, көпшіл адамды қойған. Сонда ұлы қолбасшыдан бір қария сұрапты дейді. “Қалайша әділдікті ақылдың алдына қойдыңыз ұлы әміршім”, – деп. “Менің көзіме әлемді ұстап тұрған – әділдік сияқты. Әділ адамда қашан да ақыл болады, ал ақылды деген адамда әділдік бола бермейді”, – деген екен патша. Сонда қалай, әділдігі жоқтың ақылы жоқ, ақылы жоқтың намысы жоқ па? Ал намысы жоқ елін-жерін сүй­мейді деген сөз бе? Ойланайық. Қойшыбек ТОҚТАМЫСҰЛЫ, Ұлы Отан соғысының ардагері. ЖЕЗҚАЗҒАН.