«Бүгін біз мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одақтастық деңгейіне дейін көтеруге уағдаластық. Жаңа ғана осы мәселе бойынша пікір алмасып, мұның елдеріміз арасындағы мүлдем жаңа сапалы деңгей екенін атап өттік. Әрине, одақтастық қатынастар мемлекеттерімізге ерекше міндет жүктейді. Мен мемлекетаралық кеңес құру жөнінде ұсыныс айттым. Осы кеңес аясында біз қажетсіз ресмиліктен тыс, іскерлік негізде жиі бас қоса аламыз», деді Қазақстан Президенті.
Ал Өзбекстан Президенті екі ел арасындағы орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарды жоғары бағалады.
«Біз көп қырлы ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтарымыздың осы сапарға ризашылық танытып жатқанын айтты. Шын мәнінде, шекара маңындағы екі елдің де тұрғындары қатты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және басқа да салардағы кооперация бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар», деді Өзбекстан Президенті.
Еске салайық, екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша одақтастық байланыстар туралы Декларациядан бөлек, ресми делегациялардың мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды.