Қоғам • 07 Желтоқсан, 2021

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетілуде

583 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Мамыр» бағында орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» оңалту орталығына барып, «Шапағат» кор­поративті қорына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасуға арналған «Инватакси» автокөліктерін тапсыру рәсіміне қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетілуде

Тараз қаласында «Инватакси» қызметі 2016 жылдан бастап қыз­мет көрсетіп келеді. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарды 6 көлік тасымалдаса, енді олардың қатары тағы 2 көлікпен толықты. «Инватакси» жолаушыларды баратын жеріне дейін тегін тасымалдайды. Өз сөзінде облыс әкімі алдағы уақытта да ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік қол­дау жұмыстары жалғасатынын айтты. Сонымен қатар әрбір мем­лекеттің, әрбір азаматтың ең негізгі мақсаттарының бірі аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетіп, көмек­тесу екенін жеткізді.

«Біздің мем­ле­кетіміз 30 жылдың ішінде қи­мылдау қабілеті шектеулі аза­маттарға қолдау білдіріп келеді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алған күннен бастап ең бірінші осындай жандарға көмектесіп, ­барынша қолдау керектігін айт­қан болатын. Барлығы толығымен орын­­далды деп айта алмаймыз. Дегенмен, мәселелер ретімен ше­шіліп келеді. Осындағы иппотерапия орталығын келесі жылы бітіріп, ел игілігіне береміз. Әсіресе балалар мен жастардың аяққа тұрып, қадамдарын нық басуына себеп­ші болсақ деген мақсатымыз бар. Қазір бұл орталыққа 45-ке жуық бала келіп, ем алып жүр екен. Ғимарат толық ашылған соң, балалар қатары көбейеді», деді Б.Сапарбаев.

Ерекше қажеттілігі бар жан­дарды тасымалдауға арналған JAC Sunray маркалы көлігінің ішінде арбаларға арналған 300 килоға дейінгі салмаққа есептелген арнайы көтергіш орнатылған. Алты жолаушы орны және екі арбаға арналған орын бар.

Салтанатты шарада «Асар» заң­ды тұлғалар бірлестігінің басшысы Руслан Төлегенов сөз алып, облыс басшылығына алғысын білдірді. «Әлеуметтік салада мемлекеттік қол­даудың жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағы бір игілікке кенеліп отырғанымыз со­ның айғағы. Біздің барлық бас­тамаларымыз облыс әкімі тарапы­нан қолдау табуда. Бұл үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді ол.

Сонымен қатар орталықта қыз­мет алушылардың ата-аналары да ризашылықтарын жеткізді. «Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Өзіміз секілді ерекше балалары бар ата-аналарға үлкен көмек. Осындай мүмкіндік беріп, жағдай жасаған облыс басшылығына ата-аналардың атынан үлкен рахметімді айтамын», деді Ләйлә Рахманбекқызы.

Бұдан кейін облыс әкімі оңалту орталығына қарасты ғимарат пен спорт алаңын, тірек-қимыл аппараты және сал ауруына шалдыққан адамдарды атқа мінгізіп емдеуге арналған нысанның құрылысын аралап, атқарылып жатқан жұмыс­тардың барысымен танысты.