Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2021

Құлпырған Қызбел

1138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екі жыл бұрын Egemen Qazaqstan газетінде «Қасиетті Қызбелге қамқорлық қажет» деген тақырыппен мақаламыз жарияланған. Басылым бетінде ауылдағы ағайынның мәселесін көтеріп, базынасын жазғанбыз. Содан бері біраз дүние өзгергенге ұқсайды.

Құлпырған Қызбел

Қостанай облысындағы 71 947 гектар жерді алып жатқан Қызбел ауылдық округінің халық саны – 734 адам. Оның ішінде 140 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылған. Мұндағы жұрт атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Себебі – бәрі өзін-өзі жұ­мыспен қамтып отыр. Ауыл­дық округтің басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айна­лысады. 23 шаруа қожа­лығы жұмыс істейді. Биыл мем­­лекеттік «Сыбаға» бағдар­ламасына «Қайнар» жеке шаруа қожалығының басшысы Қарғалы Рысбеков қатысып, ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан 6% несиемен Литва мемлекетінен 45 бас «герефорд» асыл тұқымды ірі қара малдарын сатып алып, төл басын көбейтуді қолға алды.

Халық үшін ауыз судан мәселе жоқ. Қысқа дайындықтары жаман емес. Қазірдің өзінде шаруа қожалықтары 6 мың тонна, ал ауыл тұрғындары 5 мың тонна мал азығын дайындап үлгерген. Тұрғындар 840 тонна көмір түсіріп алған.

Бертінге дейін осы бір ауыл­дың ажары тайып, сәні кетіп бара жатқандай көрініп еді. 2021 жылдың мамыр айында ауыл түлеп сала берді. Қызбел ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрғазин ауылдың келбетін ашып, шырайын келтіру мақсатында жүр­гізілетін «Көркейе бер, Қыз­белім!» атты кешенді жұмыс жоспарын қолдауға үндеп, жұрт­шылықпен бейресми кездесу өткізді. Әкімнің бастамасын тұрғындар құптаған. Байгерей Какимов, Елжан Садуақасов, Манар Есжанов, Асқар Қошқаров сынды ел ағалары қор ашып, іске білек сыбана кірісті. Өзге де азаматтар ел мүддесіне жұдырықтай жұмылды.

– Биыл ауыл азаматтарының ерікті түрде, өз ұсыныстарымен бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық ма­қаласының маңызы зор болды. Себебі дәл осы мақаладан кейін аймақтарда «Туған жер­­ге тағзым» атты акциялар көп­­теп ұйымдастырыла бас­­тады. Біздің бастамамыз да осы бағ­дарлама аясында қолға алынды. Кеудесінде намыс оты маздаған, ауылына алаң кө­­ңілімен қарайтын азамат­тары­мыз көп екен. Сон­дай қол­дау­шыларымыздың арқа­сын­да туған жеріміз құлпырып келеді, – дейді ауыл әкімі Қайсар Сұлтанбекұлы.

Атап айтқанда, биыл көше­лерді жарықтандыру мәселесі шешімін тапты. Қызбелдік мүсінші Мұхаметқали Рахалиев салған Міржақып Дулатұлының бюсті орнатылды. «Тәуелсіздік саябағы» аталатын демалыс орыны ашылып, қажетті орындықтар қойылды және жолдарына тас төсеніш қаланды. Ауылдың кіре берісіне және орталығына заманауи дизайндағы визит-белгілер салынды. Дала сахнасы жаңартылды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жаһандық талаптарға сай әмбебап волейбол-футбол алаңы пайдалануға берілді. Орталық алаңға 20 метр­лік ту тұғыр орнатылды. Бұдан бөлек мемлекеттік қаржыға Міржақып Дулатұлы атындағы мектепте орналасқан Алаш ары­сының музейі мен спорт зал күрделі жөндеуден өтті. Ұзақ жылдар бойы жаңғыртуды қажет етіп келген мәдениет үйіне аудандық бюджеттен 7 млн теңге бағытталды. Көптің тілегі орындалып, ұялы байланыс желісі тартылды.

Жақында ғана ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына орай жоғарыда аталған жаңа кешендердің ашылу салтанаты өткізілді.

Жаңа демалыс орындарының ашылу рәсіміне Жанкелді ауданы әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары мен сыртта жүрген ел жанашырлары жиналды.

Жангелді ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов туған жерді түлету мақсатында демеу­шілік білдірген меценат­тарға аудан әкімінің грамотасын табыс етті.

Ілкімді істердің таныстырылымы Қызбел ауылының мәдени ұйымдастырушысы Айжамал Баймырза әзірлеген ауыл өне­р­паз­дарының концерттік бағдар­ламасына және спорттық жарыс­тарға ұласты. Іс-шара барысында ауыл ақсақалдары еліне еңбегі сіңген азаматтарға алғысын жау­дырды.

Қорыта айтқанда, бұл – ау­қымды істердің алғашқы қада­мы. Ендігі кезекте жол мәсе­лесі шешіліп, ауыл жаққа сапалы интернет тартылса деген тілек бар.

1