05 Наурыз, 2014

Сақтансаң – сақтайды

637 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Газетіміздің кешегі нөмірінде «Тасқын қаупі. Өңірлер дайындығы қалай?» деген тақырыппен топтама материал жарық көрген еді. Онда меншікті тілшілеріміз республикамыздың бірқатар облыстарындағы қар еруінен болатын көктемгі аласапырандар ықтималдығы туралы баяндаған болатын. Бүгін біз осы тақырыпты қайта жалғастырып, оқырмандарымызды еліміздің қалған өңірлеріндегі жүргізіліп жатқан сақтық шараларынан хабардар етіп отырмыз. Плотина-6

Қауіп әлі сейілген жоқ

Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының аудандарындағы қардың мөлшерін анықтау мақсатында өткен аптада тікұшақпен шолу жасалды. Облыс әкімінің орынбасары, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасы Сәкен Қаныбеков пен осы өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Уәлихан Ережепов тасқын қаупі бар аймақтарды бағдарлап қайтты. Осы сапар барысында Төле би, Түлкібас аудандарының таулы аймақтарын толығымен қар басып жатқаны анықталды. Сондай-ақ, Бәйдібек және Созақ өңірлерінің асуларын да қар басып қалған. Облыстың таулы аймақтарында қардың көп болуына байланысты су тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Яғни ауа райы күрт жылынып, жауын-шашын орын алған жағдайда, аймақтың барлық аудандарында еріген қардың салдарынан қиындық болуы ықтимал. Қазіргі таңда су тасқынының алдын алу мақсатында аудан, қала, ауыл әкімдіктері бірқатар іс-шаралар атқаруда. Сырдария өзеніндегі жағдайға келер болсақ, Отырар ауданының Мая­құм ауылынан бастап Бал­такөл елді мекеніне дейінгі өзен­нің арнасына толығымен мұз қат­қан. Бірақ, мұздың әр жерден еріп, ағып жатқаны көрінуде. Сондай-ақ, өзен суының деңгейі төмен түс­кен. Жағаға шығып жатқан су жоқ. Қазіргі таңда Сырдария өзе­нінде жағдай тұрақты. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.

12 ауыл ерекше назарда

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өңірде көктемде су тасқыны аса қауіп төндірмейді деп сендіруде. Жергілікті «Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша, биыл мұндағы қардың қалыңдығы 16 сантиметр, яғни нормадан 2 сантиметрге тө­мен­дейді. Ал былтыр 25-ке жеткен екен. Қазір ауылдардан қар шы­­ғарылуда. Жалпы, су тасқы­нының алдын алуға облыста 28 672,5 тонна жанар-жағармай, 6 750 тон­на құм, қиыршықтас, 121 мың­нан аса қап сатып алынып­ты. Техника да дайын. Қыс ай­ларында ауыл-қалалардан 443 мың текше метр қар шы­ға­рылыпты. Облыстық қо­сал­қы қордан 232 миллион теңге бөлінбекші. Өңірдің су өтінде отырған Кенжекөл, Тең­дік, Қараащы Көкдомбақ, Жаңа­жол, Шолақсор сияқты 12 ауылы төтенше жағдайлар департаментінің жіті назарында. Жуантөбе, Ақши ауылдарын Баянауыл өңірінің Қызылтау бөктерінен ағатын қар суы әбігерге салуы мүмкін, деп отыр мамандар. Сонымен қатар, Лебяжідегі Аққу, Жамбыл және Широкое ауылдарына, Павлодар ауданына қарасты Мичурин елді мекендерінде сақтық шаралары жүргізілуде. Ленин, Мойылды ауылдарында бөгеттер биіктетіліп, су өткізетін құбырлар орнатылды. Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылында су өткізу құрылғылары қалпына келтіріліпті. Осылайша, дейді төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, Сілеті өзенінен осы ауылдарға келетін тасқын қаупі сейілді. Облыс орталығында да қар­балас жұмыс. Қала көше­лерін қардан тазалау жұмыс­тары жүргізілуде. Аудан ор­та­лықтары мен ауылдардағы ғимарат шатырлары қардан тазартылуда. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына орай қалалар мен аудандардың әкімдері, мекемелер басшылары көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жедел қолға алуда. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.

Су қоймасы алаңдатады

Былтыр сай-саланы қуалай аққан қарғын судың салдарынан 200-ден астам баспана, 27 автөлік жолдары зардап шеккен болатын. Биыл мамандар тасқын судың төндіретін қауіп-қатері бұдан зор болмаса кем соқпайды деп жобалап отыр. Оның басты себебі, қардың нормадағыдан көп түсуі болса, екіншіден, кей жерлерде дайындық жұмыстарының талапқа сай жүргізілмеуі. Биыл тасқын судың алдын алу мақсатымен 14 жедел топтары құрылып, арнайы техникалармен, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Елді мекендерден 300 мың текше метр қар шығарылып, 4300 қума метр канализация жүйелері тазартылған. 30 мың тонна инертті материалдар қауіпсіз жерлерге жеткізіліп, 150 тонна жанар-жағармай қоры жасақталған. Бұл шаралар үшін жергілікті бюджеттен 337 миллион теңге қаражат бөлінген. Жалпы сыйымдылығы 693 миллион текше метрді құрайтын Сергеевка су қоймасы жылдағыдай ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Еріген қарға көктемгі жауын-шашын қосылса, су мөлшері арнасынан асып жығылып, 2-3 есеге дейін артуы мүмкін. Көктемгі су тасқыны шегіне жеткен жағдайда 8 мың адам тұратын 38 елді мекен, 302 шақырым автомобиль жолдары, 22 көпір, 2022 су жіберетін құбырлар зардап көруі ықтимал. Облыс аумағында орналасқан 33 гидротехникалық құрылыстардың бәрі сақадай-сай емес. Мәселен, Шарық гидрожүйесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол сияқты иесіз қалған су плотиналарын мемлекет иелігіне алу мәселесі түпкілікті шешілмеген. Облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісінде аталған олқылықтар атап көрсетіліп, сыннан қорытынды шығару міндеттелді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.

Жауапты жұмыс күтіп тұр

Ақмола өңірінде биыл қар әдеттегіден көп түсті. Ол жекелеген аудандарда былтырғыдан 40 пайызға артық. Осыған байланысты су тасқыны өткен жылғы деңгейден 1,5 есе көп болады деп болжануда. Атбасар, Астрахань, Жақсы, Жарқайың, Целиноград және Шортанды аудандарында төтенше жағдайлардың ықтималдығы басым. Облыс әкімі басқаратын комиссия іс-шаралар жоспарын бекітіп, оның орындалу барысын қатаң бақылауда ұстауда. Бүгінгі күнге елді мекендерден 487 мың текше метр қар шығарылды. Апаттың алдын алу мақсатында 22 мың тонна құм,10 мың дана қап, 193 тонна бензин дайындалды. Сондай-ақ, 656 дана инженерлік, 273 су тартқыш және 143 жүзу құ­ралдары кез келген уақытта іске кірісе алады. Сілеті және Шағалалы су қоймаларындағы жағ­дай күнделікті бақылауда. Бұған қосымша, 108 гидро­техникалық нысан түгел тексерістен өткізілді. Облыс аумағындағы мұз жарылысы жұмыстарын атқаруға рұқсаты бар 4 арнайы кәсіпорында 6 бригада жасақталған. Мамандардың есептеуі бойынша 9 мың шаршы метр аумақта жарылыс жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Аудандар мен қалалар әкімдіктері тарапынан қауырт істерге 48,5 миллион теңге қаржы босатылып, игерілуде. Алдыңғы күні өткізілген мәжілісте өңір басшысы Қосман Айтмұхаметов 266 миллион теңге резервте ұсталуда екенін мәлімдеді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Алдын алу шаралары жүргізілуде

Биыл Жетісу мен Іле Алатауларының және Кетпен қыраттарының батыс бөктерлеріне қар әдеттегіден 20-40 пайызға аз түсті. Жалпы ал­ғанда Балқаш – Алакөл су бассейндеріндегі қар қоры жылдағыдан көп төмен. Әйткенмен «Қаз­гидромет» РМК болжамына сүйенсек, наурыз айының екінші онкүндігінде күн күрт жылынып, қардың жылдам еруі мүмкін. «Облыс аумағында төтенше жағдайдың алдын алу үшін 2065 тонна жанармай, 40410 дана құм толтырылған қаптар, қауіпті аймақтарға апарылып, 1494 шақырым арықтар аршылып, 41 мың текше метр қар күрелді. Сонымен қатар, су тасқыны бола қалғанда қорған болар өзге де шаралар атқарылуда. Қызметкерлеріміз уақытпен санаспай еңбек етуде», деді Алматы облыстық төтенше жағдайлар депар­таментінің бастығы Сәбит Битаев, Тұтастай алғанда, төтенше жағдайды тосып отырмай, оның алдын алу шараларын жүргізуде дамылсыз еңбек етіп жүрген жетісулықтар ұста­нымы «қамдансаң қапы қалмайсың» деген халық даналығы болып отыр. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.