Үндістан Әскери-әуе күштерінің баспасөз қызметі Twitter парақшасында апат Куноор қаласының маңындағы Нилгирис ауданында болғанын жазды.
«Бүгін бортында генерал Бипин Рават мінген Әскери-әуе күштерінің Ми-17В-5 тікұшағы Тамилнад штатындағы Куноор маңында апатқа ұшырады. Апат себебін анықтау үшін тергеу басталды», деп жазылған хабарламада.
Republicworld.com ақпараттық порталы Бипин Раваттың ауруханаға жеткізілгенін және апаттан үш адам аман қалғанын хабарлады. Әзірге ресми ақпарат жоқ. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, борттағы 14 адамның арасында генерал Раваттың әйелі, оның көмекшісі, сондай-ақ жеке күзеттің арнайы жасақтары болған.
Қазіргі сәтте апат орнында қаза тапқан бес адамның мәйіті табылды. Тағы бірнеше адам ауыр күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Олардың аты-жөні жарияланған жоқ.