Қоғам • 08 Желтоқсан, 2021

Серік Саудабаев: 2022 – пошташылар жылы болады

298 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заман жаңарған сайын ақпарат таратудың жолы көбейіп келеді. Соның ішінде мысы басым, оқырман сенімінен ажы­рап көрмеген мерзімді басы­лымдардың жайы қалай? Оқыр­ман қолына уақтылы жете ме? Осы және өзге сауалдарымызды «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаевқа қойған едік.

Серік Саудабаев: 2022 – пошташылар жылы болады

– Бүгінде жаңалық асқан жыл­дамдықпен таралады. Ал газет-жур­­налдарда жарық көретін мақа­лалар күнделікті оқиғалар мен жа­ңа­лықтарға тығыз байланысты. Сондай-ақ журналистер кез келген мәселені сараптап, талдап жазады. Осыдан кейін газеттерді уақтылы жеткізу маңызды емес деп қалай айтпаймыз?! Бұл салада шешуді қажет ететін қандай проблемалар бар?  

– Статистикаға сүйенсек, басы­лым­­дардың көлемі жыл сайын 10-15%-ға төмендейді. Сұраныстың төмендеуінің негізгі себе­бі – аудито­рияның көп бөлігі жаңа­­лықтарды интернеттен оқи бастады. Ол жерде жаһан жаңалықтарымен де танысуға болады. Бірақ онда жа­зыл­ғанның барлығы шынайы бола бермейтіні бар. Осы тұста дәстүрлі газет тиражының құлдырауына панде­мия­ның да әсер еткенін айта кету керек.

Газеттің негізгі және адал жазылушылары бұрыннан дағдыланып келген аға буын өкілдері болып қала береді. Сондықтан олар жазылған басылымдарды уақтылы жеткізіп беру маңызды екенін түсінеміз.

Өкінішке қарай, жеткізу саласын­дағы мәселелер пошта қызметкерінің жалақысының аздығына байланысты болды. Мысалы, газеттің өзіндік құны – 67 теңге. «Қазпошта» қала бойынша 1 жеткізілім үшін 13,3 теңге ғана төлей алады. Бұл қызметкерлерді аса қызықтырмайтыны сөзсіз. Тек 2018-2020 жылдары осы бағыт бойынша 5 млрд теңгеге шығындалдық. Соған қарамастан ауылдық елді мекендерге газет жеткізу жұмыстарын әлеуметтік жауапкершілігімізге алып келеміз.

– «Қазпоштаның» пандемия кезіндегі қиындықтарының бірі пошташылар қатарындағы кадр­лар­дың көп тұрақтамауы болды. Тұтынушыларға азық-түлік жеткізу газеттерді жеткізуден әлдеқайда тиім­ді болғаны ғой...

– Иә, пандемия курьерлердің қазір нарықта сұранысқа ие екенін көрсетті. Жеке компанияларда олар бір тапсырыс үшін 250-300 теңгеден және одан да көп ақша табады. Өкінішке қарай, газеттерді жеткізу «Қазпошта» үшін тиімді қызмет болған емес. Біз пошташыға басқа ұйымдар сияқты бір газетті жеткізгені үшін 300 теңге төлей алмаймыз. Бірақ біз пошташыларды ынталандырамыз. Оларға жала­қы төлейміз. Себебі егер ауылдарға газеттерді біз жеткізбесек, басқа кім жеткізеді?

Әрине, цифрландыру дәуірінде пошташы мамандығы бұрынғыдай танымал емес. Алайда ауылдық жер­лерде тұратын 40%-дан астам қа­зақстандықтар үшін пошташы асы­ға күтетін «қонақтарының» бірі. Ма­ман­дықтың маңыздылығын түсіне оты­рып, компанияда 2022 жылды пош­ташылар жылы деп жариялаймыз. Бұл ендігіде дамудың негізгі век­тор­ларының бірі ретінде әлеуметтік бағытты таңдайтынымызды білдіреді.

«Қазпоштада» 4 мыңнан астам пошташы жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының отбасы бар. Сондықтан адами ресурсты қолдау компания дамуының бір бөлігі саналады.

Ауылда бірнеше сұранысқа ие мамандық бар – дәрігер, мұғалім және пошташы. Бюджет саласының қызметкерлерін еңбекақыны көбейту есебінен мемлекет ынталандыратыны қуантады. Сол сияқты пошташылар мен пошта бөлімшелерінің операторлары халыққа қызмет көрсетуді жақсарту үшін қолдауға зәру.

– Ірі қалаларда пошташылардың жалақысын арттыруға бағытталған пилоттық жобалар іске қосылды. Бұл бастама нәтижесін берді ме?

– Нарықта курьерлік қызметтердің белсенді дамуы жеткізу процесінің, соның ішінде төлем жүйесінің икем­­ділігі мен жеделдігін талап етеді. Бұл мәселені шешу үшін биыл «Қаз­пошта» АҚ пошташылар­ды ке­сім­ді еңбекке ауыстыруға шешім қабыл­дады. «Біздің адамдар» жаңа жобасын енгізудеміз. Соның тиім­ділігі­мен пошташылардың жалақысы көтеріледі. Жобаға сай әрбір пошта­шы белгіленген төлемнің орнына жеткізілген әр хат немесе газет үшін ақша алады. Басқаша айтқанда, неғұрлым көп жұмыс істесе, соғұрлым көп табыс табады. Сонымен қатар филиалдарымызда жеткізу бойынша курьерлер штатын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.

– Егер қаладағы пошташы­лар­дың жалақысын көбейтсе, ауыл­дағы қызметкерлер қайтеді? Мә­се­­лен, «Егемен Қазақстан» және «Ка­захстанская правда» газет­терінің көп­теген оқырманы ауыл­дық жерлерде тұрады.

– Сіз өте дұрыс айтасыз, ең адал оқырмандар – ауыл тұрғындары. Пош­ташыларымызды ардагерлер, зейнеткерлер қауымы тағатсыздана күтеді.

Ауылдық байланыс бөлімшеле­рінде 8 сағат жұмыс істейтін пошта­шы­лар өте аз. Олардың жұмыс кестесі күніне 1 немесе 2 сағат немесе апта­сына 2 күн. Интернет пен ұялы бай­ланыстың дамуына байланысты жеткізетін хаттар, газеттер мен журнал­дар легі едәуір азайды. Жұмыс көлемі мардымсыз болғандықтан олар­ды тапжылтпай ұстау орынсыз. Көпте­ген пошташы бос уақытында бас­қа ұйымдардағы жұмыспен немесе қосалқы шаруашылықпен айналысады.

2022 жылы пошташыларға қо­лайлы жағдай қарастырылады деп үміттенеміз. Бұл ретте компания өз алдына бірқатар міндет те қойды.

– «Қазпошта» мемлекеттен дотация және басылымдарға жазылудан қаражат ала ма?

– Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазпоштаға» осы бағытта көмек көрсетеді. Газет­терді жеткізу шығындары тек ауыл­дық жерлерде субсидияланады. Елі­міздің бірқатар қаласы мен аудан орта­лығында бұл қызметтер өтел­мейді. Біздің болжамымыз бойынша компания биыл жыл соңына дейін қалаларда газеттерді жеткізу бойынша шығындарды 1,4 млрд теңгеге дейін қысқартады.  

Егер ауылдағы дотациялар тура­лы айтатын болсақ, оған қатысты мем­­лекеттің қаржылық қолдауы жыл сайын төмендеп келеді. Бізге көрсе­тілетін қолдау ауылдық байланыс бө­лім­шелеріндегі шығындарды өтеуге қауқарсыз.

– Мұндай мәслелерді халық­ара­лық тәжірибелер көмегімен реттеуге не кедергі?

– Газеттен тексерілген ақпаратты, сенімді сараптаманы іздейтін көзі­қарақты оқырман барын білеміз. Мерзімді басылымдар ақиқаты мен жалғаны араласып кеткен ақпарат айдынында сұранысқа ие. Сондықтан біз басылым мен оқырманды үздіксіз байланыстырып отыруға тырысамыз.

Баспа басылымдарын жазылу бо­йынша таратудың халықаралық тә­жірибесіне үңілсек, тиімді пошта қыз­метін мемлекеттің көмегінсіз құ­ру мүмкін емес. Мысалы, кей мем­­­­ле­кеттер баспасөзді таратушы ұйым­­­дарға жеткізу шығындарын өтеу мақ­сатында субсидия бөледі. Сон­дай-ақ жаңа басылымдар үшін дота­циялар мен жеңілдікпен берілген не­сиелер пайдаланылады. Пошта та­риф­терін төмендетеді, барлық газет­терді қосалқы құн салығынан бо­са­­тады. Мысалы, Швецияда, Гер­ма­ния­да және Финляндияда мемлекет бас­­пасөзді жеткізу және жөнел­ту шы­­ғындарын ішінара субсидия­лай­ды. Пошталық субсидиялар Швей­царияда да енгізілді. Кейбір елдерде баспагерлерді біріктіру және баспа үйлерін құру тәжірибесі бар. Олар тек жазылымды ұйымдастырумен ғана емес, өзінің жеткізу қызметімен де айналысады.

– Мерзімді басылымдарды мем­­лекет деңгейіндегі әлеуметтік ма­ңызы бар тауарлар тізіміне қосу дұ­рыс па?

– Әрине, бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының мемлекеттік, әлеумет­тік маңызы бар тақырыптарды жариялайтынын ескерсек, мемлекет тарапы­нан қолдау қажет екені сөзсіз. Кейінгі жылдары жекеменшік газеттер мен журналдар тиражының төмендеп, полиграфиялық қызметтердің қым­бат­тауына байланысты қызметін тоқ­татуға мәжбүр болды. Кейбірі элек­тронды форматқа ауысты. Менің­ше, бас­пасөзді сақтап қалу үшін салық салу кезінде субсидиялар, жеңілдіктер қарас­тырылуы керек.

– Әлемнің дамыған елдерінде адам көп жиналатын жерлерде (вок­залдар, әуежайлар, ірі сауда орта­лықтары) газет сатуға арналған авто­маттар орнатылған. Біздің елде мұн­дай аппаратты өз басым бай­қамадым.

– Вендингтік аппараттарды қолдану арқылы газеттерді сату мәселесін «Қаз­пошта» бұрындары пысықтаған. Бірақ жүргізілген талдау жобаның тиім­сіз екенін көрсетті.

Мұндай құрылғылар біздегі ахуал­ға байланысты өз шығынын ұзақ мер­зімде ғана өтей алады. Соны­мен қатар жабдыққа қызмет көрсету үшін операторлар штатын ұстау қа­жет. Демек қосымша жалақы қарас­ты­ру керек болады. Тағы бір фак­тор – трафигі жақсы аумақты жалға алудың құны қым­бат. Қазіргі уақытта «Қазпоштаның» мұндай жабдықты орнатуға мүмкіндігі жоқ. Егер қолдау­шылар табылатын болса құба-құп.

– Өздеріңізді мерзімді басылымдарды жеткізу бойынша монополист ретінде санамайсыздар ма? Жалпы, бұл салада бәсекелестік бар ма?

– Жоқ! Бізді монополист деп айту дұрыс емес. Мерзімді басылым­дарды таратумен өңірлердегі жеке баламалы құрылымдар да айна­лы­сады. Бұл ұйымдар тек қала­лық жер­лерде жұмыс істейді. Басы­лым­дарды заңды тұлғаларға жеткізеді. Кей­біреулерінің курьерлік қызметі бар. Жеке тұлғаларға жеке компаниялар жеткізбейді. Ауылдық жерлерде рен­табельділікке байланысты бұл құры­лымдар ұсынылмаған. Ол жақтағы жеткізу қызметін біздің пошташылар ғана атқарып жүр. Біз үшін, бұл – мақтаныш. Сондықтан да «Қазпошта» халықтың компаниясы болып саналады.