Тәуелсіздік • 11 Желтоқсан, 2021

Елордада әлеуметтік маңызы бар 30 кәсіп өкіліне «Алтын жүректі» жандар мүсіншесі табыс етілді

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайында әлеуметтік маңызы бар мамандықтар өкілдеріне құрмет көрсету рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада әлеуметтік маңызы бар 30 кәсіп өкіліне «Алтын жүректі» жандар мүсіншесі табыс етілді

«Алтын жүректі жандар»  мүсіншесін 30 үздік медицина қызметкері, полицейлер, құтқарушылар, коммуналдық қызмет қызметкерлері, еріктілер мен журналистер алды.

Концертке ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қатысты.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 30 үміткер «Алтын жүректі жандар» мүсіншесі мен алғыс хаттарға ие болды. Олардың арасында- Нұр-Сұлтан қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нэлля Дощанова бар.

«Мұндай іс-шаралар жұмыс істейтін қызметкерлерге ғана емес, жаңадан келген қызметкерлерге де үлкен шабыт береді. Жақсы істер алғыс айтуды күтпейді. Күн сайын полиция қызметкерлерінің, өрт сөндірушілердің, дәрігерлердің, коммуналдық қызмет қызметкерлерінің қызметіне шығу бір үлкен игі іс. Бұл іс-шара өте үлкен рухани құндылыққа ие. Бүгінгі марапатқа ие болу өте күтпеген және қызықты жағдай болды. Осындай мүмкіндік үшін басшылыққа рахмет. Осы мүсіншені алғаннан кейін жақсылық жасауға деген ықылас одан да арта түсті деп айтқым келеді», деді Нэлла Дощанова.

«Өзара әрекеттестік үшін және менің жұмысыма жоғары баға бергені үшін барлығына алғыс айтқым келеді. Мен болашақ студенттер мен өз мамандығымның мамандарын тәрбиелеп отырған осы қоғамның мүшесі болғаныма ризамын», деп атап өтті «Алтын жүректі жандар» мүсіншесінің иегері Astana Polytechnic жоғары колледжінің оқытушысы Ержан Қасымов.

Елорданың жедел медициналық жәрдем қызметі бригадасының жүргізушісі Еркін Көксеген «шұғыл медициналық жәрдем» бөлімінде 14 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Оның еңбегі де жоғары бағаланды.

Әкімдікке еңбегімді жоғары бағалағаны үшін алғыс айтамын. Пандемия кезінде бұл оңай болған жоқ, көптеген қиындықтар болды. Біз мүмкіндігінше тезірек келуге және азаматтарға көмек көрсетуге тырысамыз. Сондықтан барлық тұрғындарға өз денсаулығын сақтауды тілеймін, деді ол.

Құттықтауларыңызға рахмет, осы кешке қатысу өте үлкен мәртебе. Барша қазақстандықтарды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, бейбітшілік пен гүлдену тілеймін, деді өртке қарсы қызмет органдарында 17 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан №17 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті Гүлден Анафина.

Марапатталғандардың арасында 8 жылдан бері волонтерлікпен айналысатын Айнұр Мусина да болды.

«Менің қызметім адамдардың өмірі үшін маңызды. Өйткені, адамдар түрлі жағдайларға тап болады, ол кезде олар ешқандай жол жоқ деп ойлайды. Біреудің оларға көмек қолын созуы өте маңызды. Рәсім мен үшін өте қызықты өтті, бұл күтпеген жағдай болды. Мен 8 жыл бойы еріктілікпен айналысамын және мұндай марапаттар басқа еріктілерді ынталандырады деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл жұмыстың құндылығы артқансайын еріктілердің қатары көбейеді. Сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын, бұл өте құнды марапат, әріптестеріме ұйымшыл жұмыс үшін рахмет. Бір кездері маған өте қиын болған кезде маған бейтаныс адамдар көмектесті. Содан кейін мен де өзгелерге солай жақсылық жасайтын уақыт келді деп ойладым. Мен шын жүректен сенемін: егер адамдар өмірдегі қандай да бір жағдайлар мен қиындықтарға қарамастан мейірімді болып, дамитын болса, онда сіз көптеген адамдардың өмірін құтқара аласыз. Қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Бұл бүкіл ел үшін өте маңызды күн», деді Айнұр Мусина.

Рәсім барысында сондай-ақ өздерінің кәсіби борыштарын орындай отырып, өмірлерін қиған әлеуметтік маңызы бар мамандық өкілдерін еске алды.

Іс-шара барлық санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өтті.