06 Наурыз, 2014

Айтудан кенде емеспіз. Бірақ...

491 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сиыр-2 Осыдан 2-3 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласында таяу жылдарда (2016 ж.) еліміздің ет өндірісі экспорттық әлеуеттілігін 60 мың тоннаға жеткізу жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырманың маңыздылығы – аталған көлемдегі ет өнімінің жалпы құны 4.0 млн. тонна бидай экспорты бағасымен сайма-сай келеді екен. Ағымдағы жылдың 18 ақпанында Үкімет отырысында Елбасы тапсырмасы орындалу барысының жедел қаралуының бір себебі, таяудағы АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының өзгеруіне байланысты болды ма деп ойлаймын. Бұған дейін де еліміздің ет экспорты әлеуеттілігін көтеру бағытындағы іс-шаралардың орындалуы екі рет қаралды. Оған қатысты өз ұсыныс-пікірлерім еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» (30.03. 2013 және 27.12. 2013 ж) «Қатарым қандай?» және «Ет өндірісі өркендесін десек» атты мақалаларымда жарияланды. Осыған орай, ауылшаруашылық өндірісі мен ғылымы салаларында біршама уақыт қызметтер атқарып келе жатқандықтан әрі Елбасы тапсырмасының маңыздылығын сезіне отырып, бұл жолы да өз ой-пікірлерімді білдіруді жөн көрдім. Үкімет отырысында белгілі болғандай, Елбасы тапсырмасын орындау барысында орын алып отырған кейбір жәйттер айтарлықтай қынжылыс тудырады, аталған мәселе төңірегінде баяндалған жағдайлар мал шаруашылығы, оның ішінде, ірі қара еті өндірісі саласында бүгінде елімізде қалыптасып отырған қиындықтарды шешуден гөрі, тиімділігі дүдәмал-теориялық болжамдармен көбірек өрнектелгенге ұқсайды. Мысалы, біздің еліміз, әсіресе кең-байтақ Орталық Қазақстан жағдайында қазақтың ақ бас тұқымды ірі қара малын өсіру тиімділігі ертеден белгілі, яғни қосымша дәлелдеуді қажет етпейді. Мәселе бұл мал тұқымын, жалпы, асыл тұқымды етті ірі қара мал басы санын көбейтуге не кедергі болып отыр, осы туралы айтылуы керек еді. Сонымен қатар, соңғы жылдары елімізге сырттан тасымалданған асыл тұқымды етті ірі қараның еліміз ет өндірісіне қаншаға тиімді болған-болмағандығын былай қойғанда, олардың өнімділік көрсеткіштерінің біздің ел жағдайында қалай болып отырғандығы нақты сарапталып, айтылмады. Бұл да асыл тұқымды мал басы санын арттыруға біржақты әуәстенудің негізсіз екендігін көрсетсе керек. Сондай-ақ, Үкімет басшысы С.Ахметовтің: «Ет өндірісін қарқынды дамыту үшін не істеу керек?» деп көлденеңнен қойған сұрағына да дәйекті жауап болмаған сияқты. Менің ойымша, Үкімет деңгейінде жасалып, қабылданған бағдарламаның орындалуына тек қана «елдің шетінде, желдің өтінде» жүрген дегендей, 10 аудан әкімінің ғана жауапты болуы, әрине, көкейге қона қоймайды. Сонымен қатар, осы орайда Парламент депутаттарының (Г.Қарағұсова, Д.Назарбаева) министрліктер жандарынан түрлі құрылымдар құрып, министрлік міндеттерінің денін соларға жүктеу келең­сіздіктері туралы айтқан сындары еріксіз еске түседі. Біздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің де қаржылық қолдау мәселелерін «ҚазАгро» қаржы холдингіне, мал тұқымдары өнімділігін арттыруды мал тұқымдары палаталары мен түрлі акционерлік қоғамдарға, мал өнімдерін өндіру жағдайларын жергілікті әкімдіктерге аударып, салалық міндеттерін атқаруда тікелей жауапкершіліктен оқшаулануы түбінде бұл министрлікке бедел беретін жағдай емес. Демек, менің ойымша, бастапқыда елімізде ет өндірісі экспортын арттыру туралы ұсыныстар мен түрлі бағдарламалар жасап, қаржыландыруды да өз қолына алған Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған мәселені ақырына жеткізіп, тиімділігін де қамтамасыз етуде басты мемлекеттік өкілетті орган бола білуі керек-ақ. Әрине, әрқашанда сын айту жеңіл, сондықтан да енді не істеу керек деген сұрақ туындайды? Біз білетіндей, Кеңес заманында еш даурықпасыз-ақ Қазақ КСР-і жылына 360 мың тоннадан астам мал етін өндіріп сыртқа да шығарды, бұл деген бүгінде елімізде мал еті өндірісін арттыруда зор мүмкіншіліктердің барлығын көрсетсе керек. Демек, мәселе бірінші кезекте қолда бар мүмкіндіктерді мейлінше тиімді пайдалануда ғой деймін. Атап айтқанда, ертеден мал бағу кәсібіне қанық қандастарымызға, мынадай мал тұқымдарын өсіріңдер, бағып, күтіңдер деп ақыл айта беру қаншаға тиімді бола қояр екен? Менің айтпағым, құнды мал тұқымдарын өсіруге құлшыныс жоғарыдан емес, төменнен, яғни мал өнімдерін өндірушілерден бастау алмай шаруа оңалмайды. Қазақта мақал бар: «Жетектеген тазы түлкі алмайды» деген. Бүгінде мал шаруашылығы саласында осының кері келіп тұрған сияқты. Бірінші кезекте еліміздің әр ауылшаруашылық өңірлері бойынша мал азығы қорын (жайылымдық, шабындық жерлер) кешенді негізде мем­лекеттік қолдау аясында түбегейлі жақсарту керек. Мысалы, ауыл шаруашылығы мал бастарын өнімділіктеріне сай толыққанды, құнарлы, азықтандыруға қол жет­кізе алсақ, бүгінгі қолда бар ірі қара мал бастары өнім­ділік көрсеткіштерін, ешбір селек­циялық іс-әрекеттерсіз-ақ 30 пайызға дейін көтеруге бола­тындығы ертеден ғылыми-тәжі­ри­белік негізде дәлелденген. Сон­дықтан да, отандық ауыл­шаруашылық өнімдерін өнді­руші құрылымдар үшін, әзірге тиімділігі жоғары болып есептелетін бүгінде қолда бар мал бастарының өнімділік көрсеткіштерін сарқа пайдалануға жағдай жасай алсақ, (мемлекеттік қолдау негізінде қажетті мал азығы қорын қалыптастыру) олар одан әрі жетістіктерге қол жеткізу жолдарын ешбір үгіт-насихатсыз-ақ іздей бастайды. Осыдан барып мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің дені өздігінен селекциялық іс-шараларды атқаруға, құнды мал тұқымдарын өсіруге нақты ұмтылыс жасайды. Міне, осы жол, менің ойымша, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы мал бастары өнімділіктерін арттырудың негізгі тәсілі болып есептеледі. Жоғарыда айтылған жағдайларды қорытындылай келе, елімізде етті ірі қара шаруашылықтары тиімділіктерін арттырудың негіз­гі жолдарын атқарылу ретімен айтар болсақ төмендегідей үш тармақтан тұрады. Бірінші кезекте мал өнімдерін өндірушілер пайдаланысындағы шабындық, жайылымдық жерлер мал азығындық құнарлылығын арттыру (бұл іс-шаралар нәтижесінде бүгінде мал шаруашылығына беріліп отырған субсидия көлемін екі есеге жуық азайтуға болады). Екінші, мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізінде (1000-5000 бас, өңірлердегі жемшөп қорына байланысты) етті ірі қара шаруашылықтарын ұйымдастыру. Үшінші, ірі қара мал төлдерін (1000-3000 басқа, 6 айлықтан бастап) өсіріп, бордақылау алаңдарын әр өңір табиғи ауа райы ерекшеліктеріне сай салу. Сөз соңында айтарым, келешекте мұндай маңызды ауыл шаруашылығы мәселелері жоғарғы мемлекеттік деңгейде қаралғанда өкілетті мемлекеттік органдармен қоса, жекелеген ауыл шаруашылығы мамандары мен ғалымдары ұсыныстары мен пікірлері де балама түрде тыңдалатын болса, өкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын қаулылар мен қарарлардың маңыздылығы артар еді деп ойлаймын. Кәкімжан САРХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
Соңғы жаңалықтар