Ата Заңымызда анықталғандай, Елбасы мәртебесі мен міндеттерінің бір парасы жыл сайын халыққа арналған Жолдауын жариялау болып табылады. Алғаш рет осынау конституциялық міндетін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 1997 жылы атқарған еді. Содан бері жылдың басты оқиғалары қатарына кіргеніне қоса, Жолдау әрбір қазақстандық асыға күтетін құбылысқа айналды. Оның басты себептері мынаған саяды: біріншіден, құжат еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін назардан тыс қалдырмайды. Балабақша, білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, жәрдемақы мәселелерін ешбір Жолдау айналып өткен емес. Екіншіден, азаматтардың ірілі-ұсақты тіршілік түйткілдерін шешкен жолдауларда ұлы міндет – тәуелсіздікті бекемдеу, мемлекеттілікті қалыптастыру, елішілік ынтымақ пен келісімді сақтау көзделді, нақты тетіктері дәйектелді, діттеген межелер нақтыланды. Құрғақ уәдеге, даңғазалыққа, дарақылыққа орын берілмей, халықтың сенімі мен қолдауына ие болды. Үшіншіден, жолдаулар Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа кірігуіне, бәсеке мен сын-қатерлерден бойды аулақ салмай, төтеп беруге, аман-есен өтуіне, халықаралық қатынастардың танымал да белсенді субъектісіне айналуына қызмет еткенін ерекше атап өтуіміз керек.
Тарихи динамикаға қарайтын болсақ, жолдаулардың мәні мен мазмұны, өресі мен құрылымы тереңдеген сайын еліміздің ілгерілеуі шапшаңдағанын, елдің өсуімен жолдаулар да кемелденгенін байқай аламыз. Өзара байланыс пен ықпалдастықтың жаңа белесін биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы алға тартып отыр. Елбасының мұндағы «Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды», деген пайым-тұжырымынан азаттық тұсында тындырылған істерге ризалық сезіммен бірге жолдауларға да артылар жауапкершілік зор екенін көрген ләзім.
Елбасының жаңа Жолдауы әдеттегідей ұлы ізденіске толы әрі дәстүр жалғастығын үзбеген. Құжатта бұрынғы жолдауларға тән ғылыми дәйектілік, саяси сергектік, шешім қабылдаудағы көрегендік, әлемдік тәжірибені кәдеге жаратуға ұмтылыс тәрізді мәнді белгілер жаңа ерекшеліктермен толыққан. Әсіресе, бір жыл бұрын жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясымен сабақтастығы, кең ауқымдылығы тәнті еткендей. Сол жолы Елбасы қалыптасқан мемлекетіміздің жаңа саяси бағдарын әлемге паш етумен қатар ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды 2050 жылға дейінгі басты мақсат деп анықтаған еді. Қария тарих үшін бір жыл – қас-қағым сәт. Интеллектуалдық ізденістегі тұлғаға бұл мерзімнің берері мол екеніне биылғы Жолдау күмән-күдіксіз көз жеткізіп отыр. Өйткені, Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы басты мақсаттың, түп мүдденің, армандай болашақтың берер жемісінің құпиясы мен сырын ашып берді.
Ал мол жемістен дәметтірген мақсат дегеніміз не? Баршаға ортақ мақсат табу мүмкін бе?
Ғылыми тұрғыдан да, практика үшін де қиын сауал. Өмірде мақсат аз ба? Жолаушының мақсаты – жету, саудагердің мақсаты – ұту, аурудың мақсаты – сауығу, шаршағанның мақсаты – тынығу... Осының бәрінің басын қосатын, жай қосып қана қоймай, қоғамға, мемлекетке шарапатын тигізетін формуланы ұсыну хас кемелдің ғана қолынан келеді. Мемлекет басшысы басты мақсатты дөп басып таба алмаса, пайдалы әсер коэффициенті шамалы міндетті шешумен миллиондаған жан әуреге түсетінін коммунизм елесін қуумен құрдымға кеткен КСРО тағдыры бұлтартпай дәлелдегені әлі қаперімізден шыға қойған жоқ қой.
Мақсаттың да мақсаты бар. Ғасырлар тоғысындағы Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, мәдениетті қолдау, ауыл жылдары, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру секілді іс-шаралар өткені белгілі. Бүгінде үдемелі индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аяқталып келеді. Тұтастай алғанда, бәрі маңызды мақсат, бірақ түбегейлі бетбұрыс әкелетіндей басты деуге келмейді. «Алдымен экономика – содан соң саясат» формуласы да көпшіліктің тағдырына тікелей қатысты болғанымен баршаны ұшпаққа шығара алмайды.
Демек, басты мақсат дегеніміз – халықтың барлық қауымдарын, мүшелерін, топтарын бүгін де, ертең де құлшына әрекеттендіретін, ұрпақтан-ұрпаққа мирас нәтижеге жұмылдыратын және ең кереметі, ой жеткенге қол жететін жол бар екеніне әр күні, әр жылы иландыратын қажеттілік пен мүмкіндіктің, ізденіс пен серпілістің үйлесімі. Мәселенің мәнісін Елбасы Жолдауындағы «2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді. Стратегия – күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы», деген жолдар қалтқысыз ашып тұр.
Басты мақсатты анықтау мен болжамды нәтижесіне жетудің арасын уақыт қана бөліп жатыр десек, қателесеміз. Байыған үстіне байи беруді көздеген әлемдік кереғар монополия мен бәсеке, елішілік және трансұлттық жемқорлық, мемлекеттік билік (атқару, заң шығару, сот) қызметіндегі олқылықтар туындататын жағымсыздықтың алдын алмаса, азаттыққа қатер төндіруі, дүниетанымы солқылдақ жанды тура жолдан тайдырып жіберуі бек мүмкін. Ендеше, президенттік республика Қазақ елінде Елбасына түсетін жауапкершілік салмағы адам айтқысыз ауыр. Бұл – бір. Екінші жағынан, ХХІ ғасырдың Қазақстанын «нөлден» бастап, екі онжылдық ішінде құрған талантты, еңбекқор, толерантты халқымыз елін сүйген Елбасына тіреу болған миссиясын атқаруды жалғастырғанда ғана басты мақсат үдесінен шыға аламыз. Бірлік пен қауіпсіздік – бірін-бірі толықтыратын егіз ұғымдар.
Мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін факторлар да, авторлар да баршылық. Солардың ішінен ерекше көзге түсетіні, алабөтен таңдап алынғаны – мүдде. Ол жаңа Жолдаудың атауынан-ақ көрініп тұр. 2007 жылы жарық көрген «Саяси түсіндірме сөздікте»: «Мүдде – қоғамдағы әлеуметтік субъектілер іс-әрекеттерінің, өмір сүру бағдарының негізгі, ішкі қозғаушы күші», деген анықтама беріліпті. Біздің ойымызша, Жолдауда қолданылған «мүдде» ұғым-түсінігі әлеуметтік субъектілер, тіпті, ұлттық-этникалық бағдар өлшемі биігінен жоғары тұр. Ол мемлекеттік-ұлттық мүдде деңгейіне сәйкес. Осы тұрғыдан келгенде оның объективті де, субъективті де мазмұн – сипаты бар. Мәселен, тәуелсіздікті қорғау, жемқорлықты ауыздықтау, мұның сыртында, Жолдауда айтылғандай, экономикада, саясат пен әлеуметтік тұрмыста ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюраларға жол бермеу прогресті пір тұтқан жеке тұлғаның да, заңның да, биліктің де міндеті мен мүддесін бейнелейтінін тек объективті немесе тек субъективті сипатқа жатқызу мүмкін емес. Әңгіме – екеуінің де жасампаздық қасиеттерін ұлықтау, сақтау негізінде қарама-қайшылыққа ұрынбауын қамтамасыз етуде жатыр.
Экономикалық, идеологиялық, шығармашылық, т.б. еркіндік пен сан алуандық орныққан қазіргі уақытта мүдделер үйлесімін табу қандай қиын болса, сақтау, жетілдіру одан да күрделі шаруа. Өйткені, мүдде қатып қалған, өзгермейтін ағза емес. Мәселен, тәуелсіздіктің елең-алаңында шекарасы бекем, экономикасы нарықтық қатынастарға құрылған, әлемдік қауымдастық таныған, Қарулы Күштері жасақталған мемлекеттілік биігіне көтерілу, орта дамыған елдер қатарына кіру басты мүдде ретінде алға шықса, өткен 22 жыл ішінде барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған 7 құндылық (тәуелсіздік және Астана, бірлік, бейбітшілік пен келісім, зайырлы қоғам және жоғары руханият, экономикалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, елдің қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қарау) түзіліп, әлеуметтік субъектілер мен мемлекеттің мүдделері жаңарды һәм жаңғыртылды. Үдеріс алдағы уақытта жалғасын табатыны сөзсіз. Осыны ескерген Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындауды көздейтін барлық іс-әрекеттерді нақты 4 қағидатқа негіздеуді ұсынды. Ең алдыда қабылданатын шешімдердің прагматизмі мен эволюциялылығы қағидаты тұр. «Айналамыздағы әлем қалай тез өзгеретін болса, – деді Н.Назарбаев биылғы Жолдауында, – еліміз бен қоғамымыз да солай жылдам өзгеруге тиіс».
Мүдделердің тез де жылдам жаңаруы мен жаңғыртылуы негізінен сыртқы фактор – халықаралық қатынастарға байланысты. Айталық, 2007 жылы АҚШ-та басталған қаржы дағдарысы Қазақстанның ипотекалық несиесі мен тұрғын үй құрылысы салаларына берекесіздік әкеліп, әлденеше мың қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл күйін, болашаққа құрған жоспары мен мүдделерін бұзғаны рас. Мұндай жағдайда биліктен ұтқырлық пен біліктілік талап етіледі. Әйтпесе, қоғамның жіктелуі тереңдеп, мүдделер қақтығысы кешегі бүкілхалықтық қолдауды алмастыру қаупі ұлғаяды. Түптеп келгенде, «менің халыққа Жолдауым біздің мақсатымыз бен міндеттерімізді түсіндіретін басты құжат болып табылады. Әрбір министр, әкім, кәсіпорын басшысы осы Жолдауды түсіндіру жұмысына және оған баршаны қатыстыру және жетекшілік етуге тиіс. Жолдаудың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралардан әрбір қазақстандық хабардар болуы қажет», деген Президент тапсырмасында болашақты болжаған өмір шындығы бар.
Қысқасы, басты мақсаттан бастау алып, заманауи қажеттілікке сай мүдде іле-шала іске қосылып жатса, мемлекет те, азаматтары да кемелденеді. Шын мағынасында бүгінгі өмірге нұрын сеуіп, болашаққа сенімді арттырады. Бірақ оларды кемеңгерлікпен тани да, таба да білу керек. Ұлы ізденіс қана ұлы серпіліске негіз қалай алады. Осының тамаша үлгісі – Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауы. Жаңа жылмен келген жаңалық әлденеше ғылым саласында, қоғамдық пікірде толғағы әбден піскен мегасұрақтың жауабын жайып салды, санамен танымды дүр сілкіндірді. Қазақстандық жолдың ортақ мақсаты, мүддесі, болашағы қандай қорытындымен түйінделетінін, ең бастысы қандай ел құрумен тиянақталатынын жан-жақты, диалектикалық қисынмен ашып берді, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбетін сомдады. «Мен, – деді Н.Назарбаев, – қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы».
Сонымен, ХХІ ғасыр ортасына дейінгі Қазақстан халқы ұстанатын ұлттық идея қысқа да нұсқа идеологиямен анықталды: «Мәңгілік Ел». Кім Отанының, ұрпағының, ісі мен есімінің мәңгілік болғанын қаламайды? Ешкім де! Америкада да, Африкада да солай. Жұмыр басты пендеге мәңгілік өмір бұйырмаған. Бірақ қамшының сабындай қысқа өмірінде адам толағай ақыл-ойымен, шебер қолымен мәңгілік ел түзе алады. Басқасының бәрі – көмір де, темір де, тау да, тас та көмекші құрал ғана. Сенімді серігі – ұлттық идея. Ұлттық идеяның тарихи орнын, оның кешегі, бүгінгі, ертеңгі болмыс-бітімін анықтау үшін алдымен «ұлт», «идея» ұғым-түсініктеріне тоқтала кеткен жөн.
Ғалымдардың пайымы бойынша, «ұлт» (латынша – nascor) термині Ежелгі Римде аз халықтар деген мағынада қолданылған екен. Бүгінде «ұлт» терминіне берілген анықтамалар қисапсыз көп. Бірінде этникалық қауымдастықты білдіретіні талданса, келесінде мемлекеттің барша халқы мағынасында түсіндіріледі. Мемлекетті «ұлт» терминімен сипаттайтындар бар. Демек, Біріккен Ұлттар Ұйымы, ағылшын тілінен аударғанда, Біріккен мемлекеттер ұйымы мағынасында қолданылады.
Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар.
Жинақтай айтсақ, ұлттық идея сөз тіркесі тарихи ахуалға қарай этностың немесе мемлекеттің мұраты дегенге саяды. Бір қарағанда, «мақсат», «мұрат» сөздері мағыналас тәрізді. Екеуінің айырмашылығын түсіну үшін «бірінші», «тұңғыш» сөздерін салыстырсақ жетіп жатыр, парқы мен нарқы жағынан «тұңғыш», «біріншіден» қымбаттырақ, ыстығырақ, биігірек. «Мұрат» сөзі де мағынасы жағынан «мақсаттан» маңыздырақ, жүрекке жақынырақ. Қайткенде де, мұратсыз ұлт та, мемлекет те жер бетінде болған емес. Қазақ даласында ұлттық идея байырғы түрік дәуірінде мемлекеттік, тіпті империялық биікке көтерілді. VIII ғасырда: «Бүкіл түркі халқы үшін қызыл қанымды жүгірттім, түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт еттім: бастыны еңкейттім, тізеліні бүктірдім!», деген бабаларымыз «Мәңгілік Ел» құрғанына сенімді еді.
Қазақ хандығының шаңырақ көтеруімен ұлттық идея мемлекет пен оны құраушы этносты, тарих сабақтастығын үзбестен, дараландыратын факторға айналды. Кейінде ол идея талантты ұл-қыздарын әлемдік ақыл-ойдың асқар шыңына алып шығуға септесті. Ендеше, ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiліктi нығайту, этникалық аумақты қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату, бәсекеге төтеп беру құрады.
Жақсы менен жайсаңның басын өлiмге байлаған ХVІІІ ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы бағын ұшырды. Ресейдiң бодандығына кiрген қазақ қоғамы әлеуметтiк-саяси және аумақтық тұтастығынан айырылды. Төл мемлекеттiң болмауымен қоса бiртұтас ақпараттық кеңiстiктiң жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрiсiн тарылтты, жолын кестi. «Бөлiп ал да билей бер» саясатынан туындаған әрбiр саяси күш, әлеуметтiк қауым өз биiгiне, көздегенiне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелдi. ХVІІІ ғасырда Абылай мен Ботақанның, ХІХ ғасырда Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның, Кенесары мен Қоңырқұлжаның, ХХ ғасыр басында Сәкен мен Мағжанның, Әлiби мен Әлиханның ұстанған ұлттық мұраты барша қазаққа ортақ едi деп, сiрә, ешкiм айта алмас. Иә, бұлар әрiсi – туған халқына, берiсi – соңынан ерген пікірлес қауымға қызмет еткiсi келдi. Бiрақ, уақыт өзi көрсеткендей, бiреулерi ат төбелiндей азшылықтың мұратын жалаулатса, екiншiлерi – барша қазақтың болмаса да қалың көпшiлiктiң мұратын дөп басып таба алғаны ақиқат. Сырым, Махамбет, Кенесарылар ұлттық идеяны қарулы күрестен тапса, Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылықтан, Әлихан, Ахмет, Мiржақыптар Алаш автономиясынан, Шоқай тұтас Түркiстанды құрудан, Әлiби, Сәкендер таптық күрес ілімін олжалады.
Қоғам, мемлекет – тағдыры тоқсан мың тарау адамдар қауымдастығы. Осылардың ортақ мұратын дөп басып анықтау, болмыс-бітімін сақтайтын өзіндік жолы мен болашағына дұрыс жөн сілтеу ойшылдардың әлденеше буынын толғантқан. ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары бұл міндетті шеше алды. Егер ұлттық идеяның мәні – ұлттың тағдыр анықтағыш тілегі, ниеті, оны ілгері қадам басуға жұмылдырушы фактор, күн тәртібіндегі басты мәселені шешуге бағышталған мазмұнды әрі кесек ой десек, осылардың жиынтық формуласы М.Дулатов дәйектеген «Оян, қазақ!» тұғырнамасында жатыр. Бұл ұран емес, М.Дулатовтың өлеңдер жинағы да емес. Халық қасіретін, замана келбетін дәлме-дәл айқындаған сәуегейлік. Шынында да екі ғасырға жуық созылған отарлау, қорлық пен зорлық халықтың дүниетанымына, мінезіне, өмірсалтына, шаруашылығына орасан зор нұқсан келтіріп, еңсесін түсірген еді, алды-артын бағамдау қасиеттерінен айыра бастаған-тын.
Бір мүшелден де аз мерзім ішінде Ұлы даланы қозғалысқа әкелген «Оян, қазақ!» идеясы мақсат-мұратына жетіп, 1917 жылдың жазынан оның орнын «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясы басты. Большевиктік билік қазақ халқына қисапсыз қасірет әкелетінін Алаш басшылары 1917 жылы-ақ ескертті. Қазан төңкерісін «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған» зорлық актісі ретінде қабылдаған Ә.Бөкейханов, обалы нешік, әу бастан қазақ жұртын бірігуге, мақсатты әрекетке, бас амандығын қамтамасыз етуге шақырды. «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді! – деп дабыл қақты ол. – Алаштың баласы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді! Ақсақал аға, азамат іні, от басы араздық дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!». Бұл «Қорған, қазақ!» ұлттық идеясы еді. Бірақ Алаш көсемінің сақтандыруынан қорытынды шықпады. Большевиктер Алаш үнін тұншықтыру үшін күш қолданумен қатар Қазақ автономиясы идеясын өз пайдасына ұтымды жарата алды. Ақиқатына келгенде, қазаққа мемлекеттік құрылымы автономиядан төмен мәртебені ұсынуға жол қалмады. Соның өзінде үрдісті үш жылға созды. 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-і түрі жағынан ұлттық мемлекеттік құрылым көрінгенімен, мазмұны, өкілеттігі, миссиясы бойынша қуыршақ мәртебесінде қалғанын тарих тағылымы сан рет дәлелдеді.
Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi біраз қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi. Ұлтын сүйген, социалистiк эксперименттерден қара бұлттай төнiп келе жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп, суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе Қазақстанда тiлге жеңiл, жүрекке жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды. 20-30-жылдары Алаш зиялылары құрбандыққа шалынғаннан кейiн ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты «ЕСЕП» партиясының, «Жас тұлпар» қозғалысының дүниеге келгенiнен, «Қазақ әдебиетi», «Зерде» газет-журналдарындағы ұлт тарихы, тiлi, мәдени мұрасы жайлы жарияланымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерiн ашуға жанталасынан, 1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көргенiмiз ләзiм. Әйткенмен, бағыт – мақсатқа тура жеткiзетiн даңғыл жол емес. Кеңестік 70 жылдың ішінде қисапсыз қасiреттi басынан өткiзген, демографиялық азшылықтың әсерінен ұлттық болмыс-бітімінен ажырай жаздаған біздің ел тәуелсiздiктiң табалдырығынан кемел ұлттық идеясыз аттады.
Тәуелсіздік таңы атысымен ұлттық идея мәселесі белсенді қолға алынды. Түрлі пікірлер ортаға салынды. Олар қоғамдық санаға игі әсер еткені сөзсіз. Алайда, ғылыми ізденістер бір арнаға тоғыспаған күйде қала берді. Мемлекеттік биліктің ашық та жария қолдауынсыз ұлттық идея табылмайтыны, тамырына қан жүгірмейтіні белгілі болды. Жұлдызды сәт Президентіміздің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын жариялаумен туды. Енді не істеу керек?
Біріншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл істен барша зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмауына Парламент пен Үкімет, Президент Әкімшілігі жағдай жасағаны абзал.
Екіншіден, заманауи ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, студенттерге, жастарға жеткізу үшін бар күшті салған артықтық етпейді. Осылардың санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.
Үшіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын қазақстандық кәсіпкерлер, бизнесмендер, бай-бағландар қолдауының маңызы зор. Олар ғалымдармен ынтымақтасуы арқылы мәселені тереңінен зерделеген еңбектердің дүниеге келуіне септесер еді.
Төртіншіден, болашағы жарқын ұлттық идеямызды Қазақстандағы барлық этностар мен аймақтарға жеткізу атқарылар іс-шараның бір парасы ғана. Ол әлемдік ақпараттық, ғылыми кеңістіктерден ойып тұрып өз орнын алуы керек.
Соңғы үш ғасырда қазақ даласында дүниеге келген озық ұлттық идеяның бірде-біреуі жасампаз миссиясын толық атқара алмай, тарих қойнауына кірген еді. Есесіне Кеңестік тоталитаризмнің таптық-партиялық қатыгез идеясы тұлғаларымызды баудай түсіріп, Қазақстанды өркениет әлемінен жыраққа әкете жаздады. Қазақ елінің мәңгілігіне, гүлденуіне қызмет ететін идея енді туды. Осынысымен-ақ «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының мәңгілік ғұмыры басталды.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі.
АЛМАТЫ.