Президент • 13 Желтоқсан, 2021

Біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі - Қ.Тоқаев

588 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ел азаматтарына алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі - Қ.Тоқаев

«Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ұлт мерейін өсіретін ұлық мейрам.

Біз тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның негізін қаладық. Тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық. Мұның бәрі – ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының жемісі. Сонымен бірге бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі», деді Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде.

Өз сөзінде Президент кез келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты екенін еске салды.

«Бұл өмірдің заңы. Адам капиталы мен мықты мемлекет – барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі мерейлі сәтте еліміздің барша азаматтарына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.