Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2021

Мәжіліс төрағасы депутаттарға мемлекеттік марапаттар табыстады

640 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне Қазақстан Президентінің Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс төрағасы депутаттарға мемлекеттік марапаттар табыстады

Мәжіліс Спикері депутаттық корпусты Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтай отырып, Қазақстанның осы жылдардағы барлық табыстары мен жетістіктері барлық қазақстандықтардың еңбегінің және ел басшылығының стратегиялық бастамаларын іске асырудың нәтижесі екенін атап өтті.

«Тиімді мемлекет пен әділ қоғам құрудың тұжырымдамалық негіздерін Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қалаған. Бүгін, Елбасының саясатын жалғастыра отырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның одан әрі табысты дамуын қамтамасыз етеді, қоғам өмірінің барлық салаларына қатысты ауқымды жүйелі реформаларға бастамашылық етеді», деді Нұрлан Нығматулин өз сөзінде.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы реформаларды заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы сүйемелдеуге бағытталған Парламент жұмысын атап өтті.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Барыс» орденімен Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, III дәрежелі «Барыс» орденімен – мәжілісмен Бекболат Тілеухан марапатталды.

Мәжіліс Төрағасы «Парасат» орденін Мәжіліс депутаттары Аманғали Бердалин, Аманжан Жамалов және Ирина Смирноваға табыс етті. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да «Парасат» орденінің иегері атанды.

Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттары Азамат Әбілдаевқа, Айқын Қоңыровқа, Айбек Паяевке, сондай-ақ аппарат басшысының орынбасары Жаслан Жүгінісов пен бөлім меңгерушісі Болат Мұқановқа «Құрмет» орденін табыс етті.

Мәжілісмендер Серік Ерубаев, Дмитрий Колода, Юрий Ли, Игорь Панченко, Ғани Ташқараев, Мақпал Тәжмағамбетованың, сондай-ақ бөлім меңгерушісі Гүлмира Қалманбетованың және аппарат қызметкерлері Мархабат Қосабаева мен Сәлім Өмірзақовтың еңбегі «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Мәжіліс Аппаратының қызметкерлері Мәдина Қасенова, Назгүл Күшкімбаева, Айжан Матыбаева, Рустам Тілегенов және Гүлмира Шынтаева Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын алды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.

Мәжіліс Төрағасы ТМД парламенттік ассамблеялары мен ҰҚШҰ наградаларын тапсырды. Премьер - Министрдің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерманға - ТМД ПАА «Достастық» ордені.

Мәжіліс депутаттары Сауытбек Әбдірахманов, Жамиля Нұрманбетова, Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан және сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов ТМД ПАА медальдарымен марапатталды.

ТМД ПАА құрмет грамоталарын мәжілісмендер Снежанна Имашева, Лаззат Рамазанова, Бауыржан Сартбаев, ҰҚШҰ ПА медалін мәжілісмен Арман Қожахметов, ал ҰҚШҰ ПА Құрмет грамотасын Ерлік Тайжанов алды.