Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2021

Қарағанды облысында мемлекеттік марапаттар табыс етілді

896 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еңбек ардагерлері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, өндіріс саласындағы көрнекті қайраткерлер, мемлекеттік органдар мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері марапатталды, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысында мемлекеттік марапаттар табыс етілді

Бұл наградаларды Мемлекет басшысының атынан Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек табыс етті.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі елеулі еңбегі үшін өңірдің 60 тұрғыны орден, медальдармен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен бірге үш адамға «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.Е

Салтанатты жиында сөйлеген өңір басшысы 30 жыл ішінде Қарағанды облысында көптеген жұмыстар атқарылғанын баяндады. Өндіріс көлемі мен тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, жұмыссыздық төмендеді, жыл сайын өмір сүру сапасы артып келеді. Мұның бәрі аймақта тұратын адамдардың ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғанын айтты ол.

«Барлық сандардың астарында біздің жерлестеріміздің ғылым мен білім, спорт, мәдениет, медицина, өндіріс пен кәсіпкерліктегі орасан еңбегі мен жетістіктері тұр. Сіздердің барлығыңыз мемлекетіміздің қалыптасуына, егемендіктің нығаюына және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қостыңыздар. Бұл үлес лайықты бағаланды», деп қорытты сөзін  Ж.Қасымбек.Н

«Құрмет» орденімен марапатталған жеті қарағандылықтың арасында Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің басшысы Талғат Ыдырысов бар. Өнер адамы бұл жоғары награданың өзі үшін құрметті сый екенін атап өтті. «Мен өзім басқаратын барлық музыканттар мен ұжымдарға алғысымды білдіремін және барлығына шығармашылық табыс тілеймін», – деді Т.Ыдырысов.

Облыстың бес тұрғынына жемісті еңбегі мен өндірістік көрсеткіштерін жақсартқаны үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені табыс етілді. «Қазақстан» шахтасының жерасты электр слесарі Евгений Секирчин бұл болашақтағы жемісті жұмысқа берілген аванс екенін атап өтті. Шахтада 30 жыл жұмыс істеген маман Қазақстан халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

Ерлігі мен қайсарлығы үшін Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюшы Мұқат Социалов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Сіңірген еңбегі үшін 20 адам «Ерен еңбегі үшін» орденімен марапатталды. Олардың қатарында Теміртау қаласының № 24 жалпы білім беретін мектебінің педагогы Ольга Дворецкая да болды. Марапат иесі педагогикалық қызметін жоғары бағалағаны, өзін дәлелдеуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

Белсенді және жемісті қызметі, мейірімділігі және қайырымдылығы үшін 11 қарағандылық «Шапағат» медалімен марапатталды.

Белсенді өмірлік ұстанымы мен ерен еңбегі үшін 13 адам Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Екі қарағандылық Қазақстан Президентінің Алғыс хаттарына ие болды.

Сондай-ақ, салтанатты марапаттау рәсімі барысында Қарағанды облысының жаңа құрметті азаматтарының есімдері жарияланды. Бұл құрметке Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, Жезқазған қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов және медицина ғылымдарының докторы, профессор Сергей Лохвицкий ие болды.

Көрсетілген құрметке ризашылық білдірген қадірменді ақсақал Ерқара Аймағамбетов Тұңғыш Президент-Елбасының еңбегін, оның салиқалы ішкі және сыртқы саясатын жоғары бағалай келіп, Қазақстанның болашақта міндетті түрде рухани бай, адамгершілік жағынан таза және экономикалық тұрғыда дамыған мемлекет болатынына нық сенім білдірді.